
Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»
«Egemen Qazaqstan» бұған дейін Қазақстан құрамасын жаттықтырған алты бас бапкердің әлем чемпионатында жеткен жетістіктерін назарларыңызға ұсынып отыр.
Әбдісалан Нұрмаханов (1993-1997)
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін боксшыларымызды алғаш рет әлем чемпионатына марқұм Әбдісалан Нұрмаханов апарды. 1993 жылы Финляндияның Тампере қаласында өткен дүниежүзілік додада Болат Жұмаділов, Нұржан Сманов, Аркадий Топаев, Василий Жиров, марқұм Бектас Әбубәкіров сынды боксшылар ел намысын қорғады. Өкінішке қарай, Нұрлан Қалыбаев (57 кг), Нұржан Сманов (67 кг) және Николай Кульпин (+91 кг) ширек финалда ұтылып, медальға бір қадам жерден тоқтады. Тек 75 кило салмақта өнер көрсеткен Василий Жиров украиналық боксшыдан айласын асырып, жартылай финалға шықты. Алайда Жиров та алысқа ұзамады. Финалға берілетін жолдаманы түрік боксшысымен сарапқа салған ол қарсыласынан 2:9 есебімен ұтылып, әлем чемпионатын қола жүлдемен аяқтады.
1995 жылы Берлинде (Германия) өткен әлем чемпионатында Әбдісалан Нұрмаханов бастаған жігіттер екі жүлдемен оралды. Атап айтсақ, 51 килода жұдырықтасқан Болат Жұмаділов күміс медальдың иегері атанса, Василий Жиров екінші рет жартылай финалда сүрініп, қола жүлдені қанағат тұтты. Финалда бокстасқан Болат Жұмаділов шаршы алаң иесі Золтан Лункаға есе жіберді.
Тұрсынғали Еділов (1997-2002)
Атланта Олимпиадасынан кейін ұлттық құраманы Тұрсынғали Еділов баптады. Ол боксшыларымызды үш бірдей әлем чемпионатына алып барды. 1997 жылы Мажарстан астанасы Будапешт қаласында өткен әлем біріншілігінде Ермахан Ибрайымов (71 кг) – күміс, Болат Жұмаділов (51 кг) қола жүлдегер атанды.
Ал 1999 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында ұйымдастырылған әлемдік жарыс қазақ боксының тарихында алтын әріппен жазылғаны барша жанкүйерлердің жадында. Мұхиттың арғы бетінде өткен дүниежүзілік додада 51 кило салмақта ел намысын қорғаған Болат Жұмаділов топ жарды. Болат – бокстан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы! Аталған додада аса ауыр салмақта сынға түскен Мұхтархан Ділдәбеков күміс, Ермахан Ибрайымов
(71 кг) қола жүлдемен елге оралды.
Сидней Олимпиадасынан кейін Қазақстан құрамасында буын алмасты. Ермахан Ибрайымов, Болат Жұмаділов сияқты тәжірибелі боксшылардың орнын жастар басты. Содан да болар, 2001 жылы Ирландияның Бельфаст қаласындағы әлем чемпионатында боксшыларымызға бір ғана күміс медаль бұйырды. Оны 57 килода сынға түскен Галиб Жафаров жеңіп алды. Бұл Тұрсынғали Еділовтің бас бапкер ретіндегі соңғы әлем чемпионаты болатын. Еділов 2002 жылы жазғы Азия ойындарынан кейін ұлттық құрама тізгінін босатты.
Ермахан Ыбырайымов (2002-2004)
Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов құрама команданы екі жыл ғана жаттықтырды. 2003 жылы оның басшылығымен біздің боксшылар әлем біріншілігінің екі алтын медалін жеңіп алды.
Таиланд астанасы Бангкокте өткен жаһандық жарыста Галиб Жафаров (57 кг) финалда неміс боксшысы Виталий Тайберттен, Геннадий Головкин (75 кг) украиналық Олег Машкиннен басым түсіп, әлем чемпионы атанды.
Дамир Буданбеков (2004-2009)
Афина Олимпиадасынан кейін құрамаға бас бапкер болып тағайындалған Дамир Буданбековтің алғашқы әлем чемпионаты (2005 ж.) сәтті басталды. Тұңғыш рет Қазақстан құрамасының боксшылары әлем біріншілігінен бес медаль әкелді. Оның екеуі – алтын. Қытайдың Мяньян қаласында өткен додада Серік Сәпиев (64 кг) пен Ердос Жаңабергенов (81 кг) алтын алса, Біржан Жақыпов (48 кг), Мират Сәрсембаев (51 кг) және Бақтияр Артаев (69 кг) қола жүлдеге қол жеткізді.
2007 жылы АҚШ-тың Чикаго қаласында өткен ХIV әлем чемпионатында Серік Сәпиев (64 кг) кезекті рет алтын медальға қол жеткізіп, екі дүркін әлем чемпионы атанды. Аталған сында Бақтияр Артаев (75 кг) пен Еркебұлан Шынәлиев (81 кг) қола жүлдені місе тұтты.
Дамир Бұлтбайұлының қызметінен кетуіне 2009 жылы Миланда өткен әлем чемпионаты әсер етті. Сол дүбірлі додада Қазақстан құрамасы Серік Сәпиевтің (69 кг) жеңіп алған жалғыз қола медалімен қайтқан еді.
Мырзағали Айтжанов (2009-2018)
Қазақстан бокс тарихында ұлттық құраманы ең ұзақ басқарған – Мырзағали Айтжанов. Мырзағали Құланұлының басшылығымен біздің боксшылар төрт бірдей әлем чемпонатында бақ сынады. 2011 жылы Бакуде (Әзербайжан) өткен әлем біріншілігінде Серік Сәпиев (69 кг) пен Әділбек Ниязымбетов
(81 кг) финалда ұтылып, күміс медаль алды. Ғани Жайлауов (60 кг) пен Иван Дычко (+91 кг) қола жүлдегер атанды.
2013 жылы Мырзағали Айтжановтың шәкірттері Алматыда өткен әлем чемпиона-
тында айды аспанға шығарды. Тарихта тұңғыш рет он салмақ бойынша еліміздің сегіз бірдей боксшысы жартылай финалға жолдама алып, оның тең жартысы өз салмақтарында топ жарды. Атап айтар болсақ, Біржан Жақыпов (49 кг), Мерей Ақшалов (64 кг), Данияр Елеусінов (69 кг) және Жәнібек Әлімханұлы (75 кг) алтын алса, Әділбек Ниязымбетов (81), Иван Дычко (+91 кг) күміс медальға қол жеткізді. Ал үздік үштікті Қайрат Ералиев (56 кг) пен Берік Әбдірахманов (60 кг) түйіндеді. Осылайша, бейресми командалық есепте Қазақстан боксшылары тұңғыш рет бірінші орын алды.
2015 жылы Қатар астанасы Доха қаласында өткен жаһандық сайыста Данияр Елеусінов (69 кг) пен Иван Дычко (+91 кг) финалға жеткенімен, қазақстандық екі боксшыға алтын бұйырмады. Ал 2017 жылы Германияның Гамбург қаласында өткен әлем біріншілігінде алты бірдей боксшымыз жартылай финалға жолдама алғанымен, Қайрат Ералиев (56 кг) ғана әлем чемпионы атанды. Әбілхан Аманқұл (75 кг) мен Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) күміспен күптелсе, Ержан Жомарт (49 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг) және Василий Левит (91 кг) қола жүлдені қанағат тұтты. Неміс жерінде бейресми командалық есепте Қазақстан боксшылары үздік үштікті түйіндеді.
Ғалымбек Кенжебаев (2018-2021)
Ғалымбек Кенжебаев жастар құрамасында өте жақсы жұмыс істеді. Жас боксшыларымыз Азия, әлем чемпионаттарында медальды молынан алған еді. Алайда ересектер дуында жағдай басқаша өрбіді.
2019 жылы ересектер арасында өткен әлем чемпионатында боксшыларымыз
1 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль алды. Бекзат Нұрдәулетов (81 кг) алтын медаль жеңіп алса, Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) финалда сүрінді. Сәкен Бибосынов (52 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Тұрсынбай Құлахмет (75 кг) және Василий Левит (91 кг) қола жүлдегер атанды.
Бұл жаман нәтиже емес еді. Себебі сегіз салмақ бойынша алты боксшымыз жүлдегерлер қатарында. Бірақ 2021 жылғы Азия чемпионатында біздің жігіттердің бірде-біреуі жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Бұл аз болғандай, жазғы Олимпия ойындарында Кенжебаев баптаған жігіттердің арасынан да алтын медаль алатын боксшы табылмады. Токиодағы сәтсіздіктен кейін бас бапкер өз еркімен құрамадан кетті.
Міне, Қазақстан құрама командасын жаттықтырған бас бапкерлердің әлем чемпионатындағы жетістіктері осындай. Бұл тізімді бұдан әрі Қайрат Сәтжанов жалғастырады. Жетінші бапкер әлем чемпионатындағы жорығын жеңіспен бастады.