Экономика • 08 Қараша, 2021

Қарқынды экономикаға қадам

330 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазірдің өзінде әлем экономикасы қалпына келіп жатыр дегенді естиміз. Дегенмен жаһан экономикасын кібіртіктетіп тұрған тәуекелдер әлі де бар. Осының бәрін ескере отырып, Экономиканы қолданбалы зерттеу орталығы (AERC) кезекті макроэкономикалық болжамын жария еткен. 

Қарқынды экономикаға қадам

Орталық экономистерінің қисынына сүйенер болсақ, инфляция үрдісіне дамыған елдер де, дамушы елдер де тап болды. Кейінге қалдырылған сұра­нысқа байланысты өндіру­шілер барлық биржалық тауар бағасын көтеріп жіберді.

«Жыл басынан энергетика­лық тауарлар 1,7 есе, ауыл ша­­руа­шылық тауарлары – 11, металл 17 пайызға қымбат­та­ды. Қазанда Brent мұнайы бар­реліне 86 долларға жетіп (үш жылдан бері алғаш рет – ред), Еуропада газ бағасы 3 есе шарықтады» деп жаза­ды ор­талық. Әлемде болып жат­қан мұндай өзгерістер біз­ге де салқынын тигізбей қой­май­ды. Соған қарамастан AERC 2022 жылы Қазақстанда эконо­микалық өсім 4 пайыз деңгейінде болады деп болжайды. Ал биыл ІЖӨ көрсеткіші 3,7 пайызға өспек.

«2021 жылы Brent мұнайы­ның орташа бағасы барреліне 68,6 доллар, 2022 жылы – 66 дол­лар болады. Биыл сауда серіктес ел­дердің экономикасы – 5,3 па­йыз­ға, келер жылы 4,3 па­йыз­ға жоға­ры­лайды. Қазақ­стан биыл мұнай және газ кон­ден­­саты өндірісін 86 млн тонна дең­гейінде аяқтаса, 2022 жы­лы 86,5 млн тон­наға жет­­кіз­бек. Мұнай бағасы 68,6 дол­­­лар бол­ған жағдайда доллар кур­­­сы (USD/KZT) 426,3 теңге бо­­ла­­­ды. 2022 жылы курс 430,4 тең­­ге­ге жет­пек» деп хабарлайды орталық.

2021 жылдың қорытындысы бойынша орташа жылдық тұ­тыну­шылық инфляция 7,8 пайыз деңгейіне тұрақтамақ. Алайда 2022 жылы бұл көрсеткіш 6,5 пайызға де­йін төмендеуі мүмкін. Бұл бі­рін­ші кезекте инфляцияны тежеу үшін қазір қолға алынып жатқан шараларға байланыс­ты. Соның өзінде 2022 жылы инфляция деңгейі Ұлттық банк­тің мақсатты дәлізінің жоғарғы шегінен сәл асуы ықтимал.

Сонымен қатар бүкіл әлем бойынша бастапқы шикізат құнының өсуін ескере отырып зерттеушілер өнеркәсіптік инфляция да жоғары болады деп күтеді. Өнеркәсіп өнімдерін өндірушілердің баға индексі 136,5 пайыз деп болжанады. Бірақ 2022 жылы мұның да беті қайтуы мүмкін.

«Тұтынушылық және өнер­кәсіп­тік инфляция бағаларын есепке ала отырып ІЖӨ дефляторы биыл – 17,8, келесі жылы 14,3 пайыз болуы мүмкін. Тұ­тыну­шылық сұраныс, экспорт пен импорт, негізгі капиталды қалыптастыру көрсеткіштерін ескере отырып Қазақстанның реалды ІЖӨ-сі 2021 жылы 3,7 пайызды құрайды. Бұл шілде айындағы бағалаудан (3,8 па­йыз) әлдеқайда төмен. 2022 жы­лы ІЖӨ-нің өсу қарқыны 4 па­йызға көбейеді деп болжаймыз» дейді экономистер.

Орталық сонымен қатар салық түсіміне де назар аудар­ған. Олардың есептеуінше, 2021 жылы салық түсімдерінің кө­лемі 9,81 трлн теңгеге жетпек. Егер шынымен осы межеге жет­се, онда бұл 2020 жылғыдан 14,6 па­йызға артық көрсеткіш болмақ.

«2021 жылы корпоративті табыс салығының түсімі 2,07 трлн теңгені құрайды. Экономи­каның негізгі секторындағы өндіріс көлеміне жасалған болжамды қайта қарай отырып, шілдедегі (2,09 трлн теңге) болжам өзгерді. 2022 жылы КТС 2,08 трлн теңгеге көбеймек. Жеке табыс салығының көлемі – 1,01 трлн теңге, 2022 жылы 1,03 трлн теңге болады деп болжанады. Қосымша құн салығы 2,78 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Ал 2022 жылы ҚҚС түсімі өсімі 3,7 пайызға жеделдеп, 2,88 трлн теңгеге жетуі мүмкін» деп жазады AERC.