
Кәрі құрлыққа бөлінген 13 жолдаманың екеуі қазірдің өзінде белгілі. Яғни олар, жоғарыда айтып өткендей, Германия мен Дания құрамалары. Қараша айында Қатарға тікелей тартатын тағы сегіз үздіктің есімін білетін боламыз. Ал өз топтарында екінші орын алған 10 команда жарысты плей-офф сатысында жалғастырады. Оларға Ұлттар лигасы арқылы тағы екі команда қосылады. Сөйтіп, 12 ұжым төрт-төрттен үшке бөлініп, соңғы үш жолдаманың иесін анықтайды.
* * *
Өткен аптада болған іріктеу кезеңдерінің қорытындысы бойынша жеті команда өз топтарында екі орынның бірін иеленіп алды. Атап айтсақ, Бельгия, Италия, Португалия, Сербия, Ресей, Хорватия және Швейцария құрамалары кем дегенде плей-офф сайысында өнер көрсетеді. Іріктеу кезеңінің шиеленісті өтіп жатқаны соншалықты, Албания, Англия, Босния және Герцеговина, Нидерланд, Норвегия, Польша, Түркия, Украина, Уэльс, Финляндия, Франция және Швеция құрамалары да Қатарға баратын мүмкіндіктерін жоғалтқан жоқ. Тіпті бұл командалардың кейбірінің өз топтарында бірінші орын алу ықтималдылығы да жоғары. Сонымен қатар Армения, Грекия, Израиль, Исландия, Румыния, Македония, Черногория, Чехия және Шотландия құрамаларын да әлемдік жарыстың жасыл алаңынан көріп қалуымыз бек мүмкін. Бізге белгілісі, Ирландия, Болгария, Аустрия, Словакия сияқты Еуропаның ортаңқол құрамалары әлемдік додадан тыс қалды. Айтпақшы, бұлардың қатарына Қазақстан құрамасын да қосуға болады. Талғат Байсуфинов баптайтын отандастарымыз өткен аптада Финляндия мен Босния құрамаларынан жеңіліп, әлем чемпионатынан біржолата күдер үзді.
* * *
Іріктеу сайысының А тобында өнер көрсетіп жатқан командаларға келсек, бұл топта Сербия мен Португалияның бірі әлем чемпионатына баратыны анық. Жолы болмағаны плей-офф сайысында бақтарын сынап көреді. 11 қарашада Португалия сырт алаңда Ирландиямен күш сынасады. Егер осы ойында Криштиану Роналду бастаған португалдар жеңіске жетсе, онда А тобының тізгінін ұстайды. Бірақ жеңістің өзі Португалияға жолдама әпермейді. Барлық мәселе 14 қарашада Португалия – Сербия арасындағы матчта шешіледі.
* * *
В тобында Грузия мен Косово құрамалары аттан ертерек түсіп қалды. Нағыз тартыс Швеция, Испания және Грекия құрамалары арасында өтуде. Қазір бұл топта Швеция топ бастап тұр. Олар келесі турда Грузиямен ойнайды. Ал гректер Испания құрамасын қабылдайды. Грекия құрамасында мүмкіндік аз. Луис Энрике баптайтын Испания іріктеуді сылбыр бастағанымен, қазір бабында. Егер 11 қарашада Испания мен Швеция өз қарсыластарын ұтатын болса, онда олар Қатарға тікелей баратын ұжымды 14 қараша күні өзара анықтайды. Ойын Испанияның жасыл алаңында өтеді.
* * *
С тобының жеңімпазы 12 қарашада Италия мен Швейцария арасындағы ойыннан кейін белгілі болуы мүмкін. Екі мықты 6 ойыннан 14 ұпай жинап, турнир кестесінің алдыңғы екі орнын бөлісіп тұр.
* * *
Қазақстан құрамасы іріктеудің соңғы ойынын сырт алаңда Франция құрамасымен өткізеді. Дәл осы ойында француздарды топ жеңімпазы етіп, әлем чемпионатына шығарып салуымыз әбден мүмкін. Өйткені Дидье Дешам жаттықтыратын командаға Қатарға бару үшін үш ұпай жеткілікті. Ғайыптан тайып, ойын тең немесе Қазақстанның жеңісімен аяқталып жатса, мәселе соңғы турда шешіледі.
* * *
Е тобында Бельгия құрамасы әлем чемпионатына баруға бір қадам жақын тұр. Ол үшін «қызыл сойқандар» 13 қарашада Эстонияны жеңсе жеткілікті.
* * *
F тобында Дания футболшылары іріктеу кезеңін керемет өткізіп жатқаны соншалықты, олар әлі күнге дейін өз қақпаларына бір гол да жіберген жоқ. Сегіз ойында «дат динамиті» 27 гол соқты.
* * *
G тобында жағдай шиеленісіп тұр. Әлем чемпионатына тікелей баруға Нидерландтың да, Норвегияның да, тіпті үшінші орында тұрған Түркияның да мүмкіндігі бар.
* * *
Н тобының көшбасшылары Ресей мен Хорватия әлем чемпионатының жолдамасын соңғы турда өзара сарапқа салуы мүмкін. Бірақ ол үшін бұлар 11 қарашадағы ойындарында жеңіске жетулері тиіс.
* * *
Албания футболында соңғы жылдары ілгерілеу бар. Англия, Польша, Мажарстан сияқты мықтылармен бір топқа түскен албандар әлем чемпионатынан әлі де күдер үзген жоқ. Дегенмен олардың соңғы үмітін ағылшындар үзуі мүмкін. Өйткені Англия Албанияны ұтқан жағдайда әлем чемпионатына тікелей тартады.
* * *
Соңғы топта күш сынасып жатқан Германия құрамасы бірінші болып әлем чемпионатына жолдама алды. Енді плей-офф бәсекесіне шығуға Румыния, Армения және Македонияның мүмкіндігі бар. Математикалық тұрғыдан Исландияны да тізімге қосуға болады. Бірақ олардың шығуы екіталай.