Спорт • 11 Қазан, 2021

«Ақ Барстың» екпініне шыдамады

154 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті турында Нұр-Сұлтанның «Барысы» Қазанның «Ақ Барсын» қабылдады. Өкіншіке қарай, бұл бәсеке қонақтардың пайдасына шешілді, деп жазады Egemen.kz.

«Ақ Барстың» екпініне шыдамады

Осының алдында ғана өз мұз айдынында өткізген екі кездесуде Омбының «Авангард» (1:0) және Санкт-Петербургтың СКА (3:0) клубтарын қапы қалдырып, өз жанкүйерлерін қуантқан жерлестеріміздің бұл жолы «Ақ Барсқа» әлі жетпеді. Бірінші кезең басталған бетте Кристиан Хенкель мен Дмитрий Кагарлицкий қатарынан екі рет нысананы дәл көздеп, татарстандық команданы алға шығарды. 6-минутта Якоб Берглунд есеп айырмашылығын қысқартты. Сол кезде бас-аяғы бір минут аралығында жылдам соғылған екі шайбаны кездейсоқтыққа балап та үлгердік. Бірақ бұнымыз бекер екен. Одан кейін Николай Коваленко (24-минут), Кирилл Панюков (28-минут), Данис Зарипов (32-минут) бір-бір мәрте мергендік танытса, Кагарлицкий (39-минут) дубль авторы атанды. «Барыстың» ойыншылары арасынан тек Валерий Орехов (31-минут) пен Егор Шалапов (41-минут) гол соғуға жарады. Нәтижесінде 3:6 есебімен айдын иелері жеңіліс тапты.

Қазіргі кезде 16 кездесуден кейін 14 ұпай жиған «Барыс» тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде 15-орынды қанағат тұтуда. Өзінің келесі кездесуін олар 13-қазанда сыртта «Авангардқа» қарсы өткізеді.