Тараптар кездесу барысында ХХІ ғасырда әлемдік қауымдастық көптеген сын-қатерлермен бетпе-бет келгенін, оның ішінде әлеуметтік және дінаралық қақтығыстарға себеп болатын діни экстремизмнің белең алғанын атап өтті. Бұл ретте қордаланған мәселелерді шешудің тиімді стратегиясын әзірлеу, сондай-ақ, діндер мен конфессиялардың, ұлттар мен ұлыстардың үндестікте өмір сүруін қамтамасыз ету маңызды жұмыстардың бірі.
Қырымбек Көшербаев аймақтық және жаһандық деңгейдегі конфессияаралық диалогты нығайту біздің ел ұстанған саясаттың басым бағыттарының бірі екенін айтты. Қазақстан осыдан 20 жылға жуық уақыт бұрын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездін өткізу туралы стратегиялық ұсынысын жариялаған болатын. Бұл біздің еліміздің рухани көшбасшылармен сындарлы диалог орнатуға, заманауи сын-қатерлерге қарсы бірлескен тиімді жауап табуға ұмтылысын дәлелдейді.
Қырымбек Көшербаев Шейх-Уль-Ислам Аллахшүкір Паша-Задеге Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездінің жұмысына үнемі әрі белсенді қатысып келе жатқанына, Кавказ мұсылмандары Басқармасының конфессияаралық және дінаралық диалогты ілгерілетуге қатысты Қазақстанның ұсыныстарын қолдап отыратынына ризашылығын білдірді.