Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2021

Ақмолада 36 мемлекеттік мекеменің атауы өзгереді

334 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмола облысында жыл соңына дейін 36 мемлекеттік мекеменің атауы өзгертіледі. Бұл туралы журналистермен өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақмолада 36 мемлекеттік мекеменің атауы өзгереді

Брифингте басқарма басшысы тіл саясатының маңызды бағыты - ономастика мәселесіне тоқталды.

«Елімізде Ұлттық санақ өткізілуіне байланысты 2020 жылдан бастап елді мекендер мен көшелерді қайта атау жұмыстары біршама тоқтап қалды. Алайда, түсіндіру және зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақмола облысы елді мекендердің тарихи атауларын анықтау мақсатында бірнеше жылдан бері ҚР Ұлттық музейімен бірлесіп жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы 120 елді мекеннің тарихи атаулары табылып, БАҚ және әлеуметтік желілерге жарияланып, жергілікті халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылдың соңына дейін 36 мемлекеттік мекеменің атауын өзгертуді жоспарлап отырмыз. Облыс аумағындағы мектептерге халқымыздың мақтан тұтар тұлғаларының есімі берілмекші», деді Алтынай Әміренова.

Сонымен бірге, басқарма басшысы 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Ақмола облысына қарасты 26 мемлекеттік мекемеге профилактикалық бақылау жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

«Профилактикалық бақылау барысында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының бірнеше баптары бұзылғаны анықталды. Қазіргі уақытта бұзушылықтар түзетілді. Тағы бір айта кететін өзекті мәселенің бірі - сыртқы көрнекі ақпараттардың және жарнамалардың тіл заңнамаларына сәйкестігі мен сауаттылығы. Бұл мәселе біздің басқарманың үнемі назарында. 2021 жылдың 1-ші жартыжылдығында заңға қайшы және сауатсыз жарнамалардың алдын алу мақсатында облыс аумағында «Қала келбеті», «Ауыл келбеті» атты 102 рейд жұмысы жүргізілді. Жұмыс барысында 1105 сауда және қызмет көрсету объектісіне мониторинг жүргізіліп, заңнама талаптарын бұзған 1910 жарнама анықталды.

Аталған заңбұзушылықтарды жою мақсатында Тіл заңнамаларына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, Қазақстан Республикасындағы жарнамаға қойылатын жалпы талаптар жазылған буклеттер таратылды. Нәтижесінде заң талаптарын бұзған 136 жарнаманы алып тастаса, 977-і түзетілді», деді Алтынай Әміренова.