Қоғам • 27 Тамыз, 2021

Тістенген тағдыр

313 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақиқатында, көркемөнер адам таңдамайды, ешкімді алаламайды. Өнерге әркім әртүрлі жолмен келеді. Біреулер талантын шыңдап, өнерге қызығушылықпен аяқ басады: қалағанынша еркін айналысады. Енді біреулер әлемге деген іштегі қарсылығын өнер арқылы көрсеткісі келеді. Жанкештілікпен айналысады. Мұндай тағдырлы жандардың қатары көп емес. Әлқисса.

Тістенген тағдыр

Кәріпбек Күйіков қос қолсыз өмір сүрсе де қаншама жанның қабыр­ға­сын қайыстырған ауыр қайғының сал­­мағын кенеп бетінде суреттеді. Ол кар­тиналарының тақырыбын табиғаттан іздеді. Алайда қазақ топырағын дүр сілкіндірген ядролық сынақтың салдары оның болашаққа деген үмітіне мәңгілік қаяу түсірді.

Суретші 1947-1991 жылдар аралы­ғында 490 дүркін атом бомбасы (26 дүр­кін жер бетінде, 87 дүркін атмосферада, 354 дүркін жер астында) жарылып, сынақ жүргізілген Семей ядролық полигонына іргелес Егіндібұлақ ауылында туған. Зұлмат зардабының құрбаны болған Кәріпбек Күйіков бұл тақырыпты шығармашылығының өзегіне айналдырды. Мәселен, «Алғашқы жарылыс» туындысында ол күйіп кеткен даланың ортасында көкке қарай көтерілген ядро­лық саңырауқұлақты бейнелейді.

– Бала кезімде жарылыстан үйдегі аспалы шамдар қозғалып, ыдыс-аяқ сылдырлайтын. Бәріміз далаға атып шыға­тынбыз. Бізге радио хабарлама арқылы «ешқандай радиацияның тарамағаны» туралы айтатын. Сөйтсек, олай болмапты, мен туған ауыл 40 жыл радиация уын жұтыпты. Көптеген отбасында мүгедек балалар дүниеге келді. Соның бір куәсі менмін. Сондықтан өмірімді осы мәсе­леге арнадым, – дейді К.Күйіков.

Тумыстан екі қолсыз, белі бүкіш­те­ніп дүниеге келген ол қаршадайынан Алматы мен Ленинградтың ортопедиялық инс­титуттарының зерттейтін әрі протез сынайтын объектісіне айнал­­ған. Мүгедек балаларға арналған арнайы мектеп интернатта оқыды. Сонда жүріп, бояулы қарындаштарды алғаш көргеннан-ақ суретші болуды армандапты, бар ниетімен ұмтылыпты. Оның қылқаламды башпайына қыстырып салған суреттеріне кейін жұрт қызыға бастайды. Алайда мольберт алдында ұзақ отыру белін одан әрі бүкірейтетін болған соң дәрігерлер оған аяғымен сурет салуға тыйым салған. Қайсар мінезді Кәріпбек алдағы уақытта қылқаламды аузына тістеп алып, тісімен сурет салуға машықтанады. Қандай қажыр, неткен төзім, не қылған өмірге, өнерге деген құштарлық...

Суретші «Бесіктегі қолсыз сәби», «Күннің тұтылуы», «Ядролық тұман», «Арал тағдыры» сияқты суреттеріне қарап тұрып: «Мен таңдаған тақырып бұл емес еді. Алайда қайғы-қасірет жұтқан даланың зарын қаламыма арқау етуге мәжбүр болдым», дейді. Осындай жанкештілікпен 200-ден астам сурет салыпты. Галереясындағы белгілі туын­дыларының бірі «Жарылыс» деп аталады. Осы картинаны Вашингтонда өткен антиядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ экс-президенті Барак Обамаға сыйға тартқан еді. Кәріп­бек Күйіковтің өзі халықаралық анти­ядролық қозғалыстың белсенді мүшесі, «Атом» жобасының құрметті елшісі екенін айта кетейік. Бұған дейін қазақ суретшісінің көрмелері Хиросима мен Нагасакиде, Нью-Йоркте, «Менің сіздерді құшақтайтын жүрегім бар» деген атпен Ослода және Германия, Түркия, Аустрия, Нидерланд елдерінде өткен. Оның өнерін БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар өте жоғары бағалады. Сондай-ақ Күйіков ядролық қаруды жоюдағы ерен күш-жігері үшін бейбітшілік саласындағы Нобель сый­лығына ұсынылды.

Еске салсақ, былтыр карантин уақы­тында «Ядросыз болашақ үшін» сый­лығының иегері, қос қолсыз қылқалам шебері атанған Кәріпбек Күйіковтің «42 500» туындысы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген еді. Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен картина тарихын автор былай деп түсіндірді: «Менің аузыммен тістеп шелекпен су тасығаным есімде. Анам таңертең тұрып, маған қарайтын. Сол көзқарас қатты жаныма бататын. Басқа да аналар секілді сиырларды шығар, аттақырды тазала, ананы істе деп айтқысы келеді. Бірақ олай айта алмайды. Амалсыз өзі істеуге тура келеді. Бұл картинада тауларды, Егіндібұлақтың көркем табиғатын көрсеткім келді. Біздің тура осындай сиырымыз бар-тын. Сиырды өріске айдайтынмын. Сол кездегі естеліктер қолыма қылқалам алуға итермеледі. Бұл – мен үшін өте ыстық сурет», деді К.Күйіков. Қасиетті өңір Қарқаралының көркем табиғатын бейнелеген картинаға қызығушылардың қатары көп болды. Туындысын 42 500 теңгеге бағалаған суретші еңбегінің ел арасында үлкен сұранысқа ие болғанына ерекше қуанды. «Менің отбасым жоқ. Жүректен шыққан туындыларым – менің балам секілді. Мен өмірден өтсем, соңымнан қалатын мұра осылар», дейді қылқалам шебері.

Оның суреттері – жан дүниесінің, көңіл күйінің көрінісі. Қиналған сәтте салған картиналары түнерген аспандай қараңғы болып шығады. Ал полигон құрбандарына арналған суреттерінде қасірет пен күйініш басым. Кәріпбек Күйіков бір сұхбатында: «Мен өмірге тістей қатып жабысқан адаммын», дейді. Оның түрлі тағдыр тоғысқан тіршілікке құштарлығы һәм өнерге деген нәзік сезімі – бәрі-бәрі өзінің осы бір ауыз сөзіне сыйып тұрғандай.