
Кеше әйелдер арасында 200 метр қашықтық бойынша іріктеу кезеңі өтті. Қазақстан сапынан қатысқан Ольга Сафронова тиісті межені 23,64 секундта бағындырып, өз тобында алтыншы болып келді. Бұл сында 1-3 орын алған спортшылар ғана жартылай финалға жолдама алды.
Ал 200 метр қашықтықта байдарка есуден Наталья Сергеева тиісті қашықтықты 46,657 уақытта бағындырып, алтыншы орынға тұрақтады. Нәтижесінде, қазақстандық атлет келесі кезеңге өткенімен ширек финалда жетінші орыннан көрініп, жартылай финалға өте алмады. Айта кетерлігі, Наталья Сергеева 4 тамыз күні 400 метр қашықтық бойынша жарыс жолына шығады.
Токио Олимпиадасында грек-рим күресінен белдесулер жалғасып жатыр. Кеше бозкілемге Демеу Жадыраев шықты. Ерлер арасында 77 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз жапониялық Якибу Сохейге жол берді. Тартысты белдесу 5:3 есебімен жапониялық балуанның пайдасына шешілді.
Екі күннің қорытындысы бойынша Қазақстан сапынан кілемге шыққан қос балуан да қарсыластарына алғашқы айналымда жол берді. Ұлттық құраманың бас бапкері Бақтияр Байсейітов газет оқырмандарына шәкірттерінің жеңілісін жаттықтырушылардың тапсырмасын орындамағанымен түсіндірді.
«1 тамыз күні Мейрамбек Айнағұлов жаттықтырушылар тапсырмасын орындамады. Біз қатаң ескертіп, тыйым салған әдіс-тәсілді кілемге шыққан сәтте-ақ қолданды... Осылайша, өз қателігінің кесірінен қарсыласына жол берді. Ал Демеу Жадыраев жапон балуанын ұпай санымен жеңіп тұрған. Соңғы сәтте қарсыласына есе жіберді. 30 секундтық үзіліс болған кезде бәрін түсіндіріп, белдесуді соңына дейін бермей, бақылауға алу керек екенін айтқан болатынбыз. Демеудің дәл осылай соңғы сәтте қарсыласына ұпай сыйлағанын біз де түсіне алмадық», деді бас бапкер.
Айта кетейік, грек-рим күресінен Олимпия ойындарына Қазақстан үш жолдама жеңіп алған еді. Токио Олимпиадасына Мейрамбек Айнағұлов (60 кг), Демеу Жадыраев (77 кг) қатысып, алғашқы айналымда жеңіліс тапты. Бүгін 87 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде Нұрсұлтан Тұрсынов күресетін болады.
Байдарка мен каноэдан ерлер арасында 1000 м қашықтықтағы ширек финалдық сындар аяқталды. Аталған санат бойынша Қазақстан сапынан ағайынды Сергей мен Тимофей Емельяновтар қатысты. Ширек финалдың нәтижесі бойынша Қазақстан 3:55.157 көрсеткішпен төртінші орыннан көрінді. Мұндай нәтиже А финалына жолдама алуға жеткіліксіз болғандықтан, қазақстандық дуэт В финалында бақ сынайды. В финалы бүгін өтеді.
Кеше 50 метрге үш арақашықтан нысана көздеуден Юрий Юрков сынға түсті. Жерлесімізге сегіз спортшыға ғана жолдама берілетін финалдық кезеңге өтуге төрт ұпай жетпей қалды.
«Юрий нағыз жауынгер, ол ең соңына дейін берілген жоқ. Иә, финалға өту үшін небәрі төрт ұпай жетпей қалды. Бұл біздің де, спортшының да көңілін түсіргені анық. Бірақ бұл спорт, спортта кез келген нәтижені күтуге болады. Әзірге, бұл Юрковтың Олимпиададағы ең үлкен көрсеткіші. Токио ойындарының өтетін уақыты да ұзап кетті, пандемияға байланысты дайындық кезінде де қиындықтар туды. Мұның бәрі де әсерін тигізген шығар. Енді жиналып, алдағы додаларға дайындаламыз», деді команданың бас бапкері Ольга Довгун.
Су добынан Қазақстан құрамасы үшін Токио Олимпиадасы сәтсіз аяқталды. Кешегі күнге дейін отандық ватерполшылар Испания, Сербия, Черногория және Хорватия командаларына жол берген еді. Іріктеудің соңғы кезеңінде де Александр Шведов шәкірттері сол жүрісінен «жаңылмай», Аустралияға қарсы кездесуде 7:15 есебімен жеңіліске ұшырады.