Аймақтар • 27 Маусым, 2021

СҚО-да аса қауіпті инфекция анықталды

533 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысы аса қауіпті инфекция – туляремияның табиғи ошағында орналасқан, деп хабарлайды Egemen.kz.

СҚО-да аса қауіпті инфекция анықталды

СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, туляремия – табиғи ошақтары бар, аса қауіпті зооноздық инфекция, яғни оны ауру жануарлар тасымалдайды.

«Бұл індет әсіресе жаз бен күзде қозады. Маусымдық инфекцияны тышқандар, су егеуқұйрықтары, суырлар, кенелер және қан соратын жәндіктер таратады. Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы шамамен 1-20 тәулікті құрайды, бірақ көбінесе – 3-7 тәулік. Әдетте ауру тез басталады, дене қалтырап, дене қызуы көтеріледі, дененің ауырсынуы, бас ауруы, әлсіздік пайда болады», дейді СҚО СЭБД аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Юлия Гайсина.

Мамандардың айтуынша, СҚО аумағы алқапты-батпақты жерде туляремияның табиғи ошағында орналасқан. Бірнеше жыл бұрын бұл ауру өңірде кеңінен таралған екен. Қауіпті инфекцияны жұқтырғандар соңғы рет 5 жыл бұрын анықталыпты.

Аймақта аталмыш инфекцияның алдын алу үшін бірқатар іс-шаралар атқарылатын болады.