Аймақтар • 14 Маусым, 2021

Елордада шетелдік әртістер тегін өнер көрсетеді

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі бірлесіп, «Астана Опера» театрының труппасын ашық аспан астында өткізеді, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада шетелдік әртістер тегін өнер көрсетеді

Оның барысында 10-ға жуық тегін концерт беріледі. Бұл қойылымдарды елорда тұрғындары мен қонақтары Мәмбетов көшесіндегі «Аффари» бизнес орталығының алды мен Орталық қалалық саябақтағы амфитеатр сахнасында өткізеді. Сол сияқты мұнда шетелдік әртістер де өнер көрсетеді деп жоспарланып отыр7

«Шығармашылық ұжымымыз алғаш рет ашық алаңда өнер көрсеткелі тұрған жоқ. Жыл сайын Дж. Вердидің «Аида» операсы сынды ғаламат спектакльдерді ашық аспан астында орындап жүрміз. Осындай жобалар ағартушылық сипатта жасалып, қазақстандықтарды асқақ өнерге тартуға бағдарланған. Жанға жайлы әрі мерекелік көңіл-күй сыйлаймыз деген сенімдеміз. Бірқатар тосынсый әзірледік. Мұнда Италия, Швейцария, Жапония, Ресей мен Чехиядан келген шетелдік әртістер өнер көрсетеді», деді «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

Концерттердің бағдарламасы ересектерге де, балалар аудиториясына да қызықты болатындай етіп ойластырылған. Жас көрермендерді 13 және 19 маусым күндері сағат 12:00-де Аффари сахнасында өтетін «Балалар сыйға тартқан өнер» атты концерт күтуде.

Ал 13 маусым сағат 20:00-де Аффари сахнасында өтетін «Вокалдық музыка жауһарлары» концерті жексенбілік кештің романтикалық әсерін арттыра түспек.

Сонымен қатар Абзал Мұхитдиннің көрерменнің көңілінен шыққан «Жылдың сегіз мезгілі» (А.Вивальди, А.Пьяццолла) авторлық концерті 12-13 маусым сағат 20:00-де Орталық қалалық саябақтағы амфитеатрда өтеді.

Ал апта соңында 26 және 27 маусым күндері сағат 20:00-де Орталық қалалық саябақтағы амфитеатрда қала тұрғындарының назарына Опера-гала ұсынылмақ.

«Астана Операның» бірегей жобасы – «PICCOLO» театры 5 шілде күні сағат 20:00-де қалалық саябақта өз репертуарының інжу-маржаны – Гаэтано Доницеттидің «Дон Паскуале» екі бөлімді драма-буффасын ұсынады.

Елорда күнінде, яғни 6 шілдеде Орталық қалалық саябақтағы амфитеатр сахнасында мерекелік гала-концерт өтеді, онда «Астана Опера» театрының жетекші опера солистері, хор әртістері мен симфониялық оркестрінің орындауында қазақстандық авторлар мен батыс еуропалық классик композиторлардың танымал опералық ариялары мен дуэттері, аспаптық әрі хорға арналған шығармалары шырқалады.