Қазақстан • 10 Маусым, 2021

Қазақстандық суретші әйгілі Louis Vuitton сән үйінен шақырту алды

276 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандық суретші әйгілі Louis Vuitton сән үйінде қызмет етуге шақырту алды. Анейля Ибраимова Ұлыбритания, Оңтүстік-Африка мен Ирландиядағы танымал сауда желілері мен сәнқойларға арнап қол сандықтарын безендіреді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандық суретші әйгілі Louis Vuitton сән үйінен шақырту алды

24 жастағы жас талант Анейля Қарағандының тумасы, соңғы он жылдан бері Лондонда тұрады. Сурет өнерін осы жақта меңгерген. Екі жыл бұрын әйгілі Louis Vuitton сән үйіне қарапайым сатушы болып жұмысқа тұрған ол, кейін дизайнер ретінде байқауда бақ сынап көреді.

«Екі айға созылған қатал іріктеуден өттім. Ұлыбритания және Еуропа елдерінің суретшілері арасынан таңдап алынған 17 дизайнердің бірі болғаныма шексіз ризамын. Әртүрлі идеяларды дүниеге әкелеміз. Клиенттердің назарын аудару үшін және Louis Vuitton саудасын жүргізу үшін креативті ұсыныстар дайындаймыз», дейді жас суретші.

Қылқаламның хас шебері қазір Louis Vuitton-ның әйгілі қолсандықтарын безендіреді.

Анейля жеке шығармашылығын да дамытып келеді. Ол күзге қарай Лондонда өз көрмесін ашуды жоспарлап отыр. Жеке туындыларын қайырымдылық аукционына шығарып, одан түскен қаражатты жергілікті ғибадатхананы жөндеу жұмыстарына жұмсамақ.

Суретші туған жерімен де байланысын үзбеуге тырысады. Болашақта Қазақстанда жеке көрмесін ашқысы бар.

«Мен әрдайым Қазақстанмен байланыста болғым келеді. Өйткені Отаным мені қанаттандырады және патриоттық сезімім ешқайда кетпек емес», дейді Анейля.