Онлайн жиын барысында мегаполистегі қазіргі эпидемиологиялық ахуал, карантиндік шектеулердің сақталуын жүзеге асыру мәселелері қаралды. Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин індетті жұқтыру деңгейі төмендегенін мәлім етті.
Оның айтуынша, тәулік ішінде коронавирустың 184 жағдайы тіркелді. Сонымен қатар, соңғы 7 күнде симптомды науқастардың үлес салмағы өткен жылғы 50%-бен салыстырғанда 83,2%-ды құрады. Бұл жоғары патогенді мутациялы COVID-19 штамының қоғамда таралғанын көрсетеді.
Науқастардың 21% – түрлі ЖШС, ЖК, АҚ қызметкерлері. Сондықтан вирустың таралуын болдырмау және шағын және орта бизнес кәсіпорындары жабылмауы үшін вакцина салдыру қажет. Анықталғандай коронавирус адамдар көп шоғырланатын және санитарлық-эпидемиялық нормалар сақталмайтын жерлерде, сондай-ақ қоғамдық орындарға бару салдарынан тарап отыр. Олар – базарлар, саябақтар, демалыс орындары, сауда, ойын-сауық орталықтары және тағы басқалары.
Мысалы, азық-түлік базарларында жұқтыру 8,9%-ға, азық-түлік дүкендерінде – 8,9%-ға, СОСО мен СҮ-де – 6,3%-ға өскен. Осыған орай ахуалды әрі қарай тұрақтандыру үшін қала әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров адамдар көп жиналатын жерлерде мониторингілік топтардың жұмысын күшейту қажеттігіне назар аударды.
Атап айтқанда, базарларда, вокзалдарда, әуежай аумағында, сондай-ақ жазғы кезеңді ескере отырып, фонтандардың жанында, саябақтар мен алаңдарда.
Санитарлық патрульдердің жұмысын ұйымдастыруға қатысты жеке тапсырмалар берілді.
Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын санитарлық шараларды сақтауға шақырады. Өйткені инфекцияның жаңадан өршу қаупі жоғары, оның ішінде COVID-19 мутацияланған штамдары тез енуі мүмкін.
Бетперде тағу режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтау, адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болу, сондай-ақ медициналық қарсы көрсетілімдер болмаса, COVID-19 вакцинасын алу өте маңызды. Штаб отырысында мониторингілік топтардың жұмысы да қаралды. Алматыда жыл басынан бері олар 2 600-ден астам тексеру жүргізді, 24 мыңға жуық нысанның карантиндік шараларды сақтауы тексерілді, 2200-ден астам заң бұзушылық фактілері анықталды. Заңды және жеке тұлғаларға жалпы сомасы 320 млн теңге айыппұл салынды.
Карантинді қасақана бұзушылар жайлы 75 материал сотқа берілді, олардың 54-і бойынша шешім қабылданды. Осы аптада, 31 мамыр – 4 маусымға дейінгі аралықта қалада 815 нысан тексерілді, анықталған бұзушылықтар бойынша 6,2 млн теңгеге 56 хаттама толтырылды.
Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Ashyq жобасына қатысты шектеу шараларын күшейтіп, бетперде режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтау қажеттігін айтты. Бүгінде осы жоба аясында Алматыда 1700-ден астам кәсіпкерлік субъектілер жұмыс істейді.
Алматы қаласы санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің деректері бойынша 24 қатысушының эпидемиялық талаптарды бұзғаны анықталды.
Оларға ескерту жасалды, егер заңды бұзу қайталанса, онда бұл субъектілер қатысушылар тізімінен 2 аптаға шығарылады, үшінші бұзушылық үшін екі ай мерзімге алынып тасталады.