Руханият • 01 Маусым, 2021

«Тарихтан тағылым –өткенге тағзым»

913 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осындай тақырыппен Павлодар қаласында Саяси қуғын – сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының жыл сайынғы халықаралық жобасының іс-шаралар кешені өткізілді.

 

«Тарихтан тағылым –өткенге тағзым»

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орын­басары Марат Әзілханов, Павлодар облысының әкімі Әбіл­қайыр Сқақов, Парламент Мәжі­лісінің депутаттары Вакиль На­биев, Наталья Дементьева, орта­лық мемлекеттік органдардың, халық­аралық ұйымдардың өкіл­дері, ғылым және мәдениет қай­­рат­керлері, сарапшылар, қол­дан­балы этносаяси зерттеулер инс­титутының лекторлары, ҚХА ғылыми-сарапшылық ке­ңе­сі­нің, кафедраларының, жас­тар бір­лес­тіктерінің мүшелері, де­пор­та­цияланған және қуғын-сүр­гін­ге ұшы­раған отбасылардың ұрпақ­тары қатысты.

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі: тарих және естелік» тақы­ры­бындағы ғылыми-практи­калық форум барысында спи­керлер еліміздің Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына қатыс­ты тарихи әділеттілікті қалпына келтірудегі рөлін, жалпыұлттық топ­тастырушы тарихи сананы одан әрі сақтап, тарату және тәжірибені болашақ ұрпаққа бе­руде азаматтық сектор мен мем­ле­кет­тің күш-жігерін біріктіру қа­жет­ті­лігі және басқа мәселелер тал­қыланды.

Марат Әзілхановтың айтуынша, «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы Қазақстанның ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңіс­тіктің шекарасынан әрі асты. ХХ ғасырдағы тоталитарлық депор­тациялар мен қуғын-сүргін­дер­дің қасіреті тіпті ХХІ ғасыр­дағы әлемде өмір сүріп жатқан мил­лиондаған адамдардың тағды­рында қайталанды.

ҚХА Төрағасының орынбасары тарихи әділеттілікті қалпына кел­тіру және өткеннің қайғылы бет­терін объективті зерттеу жұ­мыс­тары қазір де белсенді жүргі­зіліп жатқанын атап өтті. Ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт То­қаев­тың тапсырмасы бойынша құ­рылған Саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істейді.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу, халықтарды депортациялау, 30-жылдардағы ашаршылық туралы естеліктерден біздің елде игі дәстүр – Алғыс айту күні пайда болды.

Форумның пленарлық оты­ры­сының жалғасы ретіндегі сек­циялар жұмысы аясында Қа­зақ­станның ұлттық мемлекеттілігінің қалыптасуы, ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы ашаршылық, 30-50-жылдарындағы саяси қу­ғын-сүргін, Қазақстанға басқа эт­ностардың жер аударылуы, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы және басқа мәселелер талқыланды.

Сондай-ақ іс-шараға қаты­су­шылар Саяси қуғын-сүргін құрбан­дары мемориалы мен Жүсіп­бек Аймауытов ескерткішіне гүл шоқ­тарын қойып, тарихи-құжаттық көрмені аралады.

Айта кету керек, «Тарихтан тағы­лым – өткенге тағзым»  жоба­сы жалпыұлттық тарихи са­наны қалыптастыруға, Елба­сының «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масына сәйкес қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтуға бағытталған.

Халықаралық жобаның іс-шаралары 2010 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Оның аясында бірқатар ғылыми-ағар­тушылық кітап, монография, деректі фильм түсірілген. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің архивімен бірлесіп, депортация тарихына арналған құжаттар жинағының бірнеше томы жарық көрген.