Елорда • 10 Сәуір, 2021

«Mega Silk Way» сауда орталығында індетке қарсы вакциналау басталды

353 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордадағы «Mega Silk Way» сауда, ойын-сауық орталығында коронавирусқа қарсы вакциналау басталды, деп хабарлайды Egemen.kz

«Mega Silk Way» сауда орталығында індетке қарсы вакциналау басталды

Вакцинаның бірінші компонентін сауда, ойын-сауық орталығының қызметкерлері, бутиктерді жалға алушылар, сатушылар және орталық қызметкерлері алды. Бұдан басқа, қалада коронавирусқа қарсы вакциналау алдын ала жазылу арқылы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында, яғни емханаларда, отбасылық денсаулық орталықтарында, дәрігерлік амублаторияларда және өзге де нысандарда жүргізіліп жатыр.

Елордада егу пунктерінің саны 36-дан 100-ге дейін ұлғайтылды, ал олардың жұмыс кестесі сағат 08:00-ден 00:00-ге дейін ұзартылды. Вакцинаны алуға egov мобильдік қосымшасы арқылы немесе 109 нөмірі бойынша call-орталыққа қоңырау шалу арқылы жазылуға болады.

«Бүгін тестілік режімде СОСО қызметкерлерін егуді бастадық. Мұнда шамамен 100 адам бар. Вакцинациядан бұрын олардың бәрі дәрігерлердің міндетті медициналық тексеруінен өтті. Ал СОСО-да бригадалар кезекшілік етеді. Вакцинацияға рұқсат берілгендер егіледі», деді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

Сондай-ақ ол СОСО-да қала тұрғындарын жаппай вакциналау қашан басталатынын айтты.

«Бүгін қалалық санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша сауда, ойын-сауық орталығы келушілер үшін жабық. Сол себепті дүйсенбіде СОСО-да орналасқан егу орталығы тұрғындарды да, орталыққа келушілерді де вакциналауды бастайды», деді Ә.Рүстемова.

Бүгінде елордада вакциналардың жеткілікті мөлшері бар. Сәуір айының соңына дейін Нұр-Сұлтанға 250 мыңнан астам доза келеді. Жалпы, әр апта сайын Денсаулық сақтау басқармасының қоймаларына «Спутник V» жаңа партиясы келіп түседі. Қазіргі күні коронавирус инфекциясына қарсы 26 мыңнан астам адам екпе алды. Қажет болған жағдайда халықты вакциналау пунктері бірқатар СОСО мен қонақүй кешендерінде ашылатын болады.