Спорт • 06 Сәуір, 2021

Қазақстанның теннисшілері Чарльстонда сайысқа түсуде

412 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Чарльстон қаласында теннистен «‎Volvo Cars Open»‎ деп аталатын турнир басталды. Бұл жарыста Қазақстанның төрт аруы өнер көрсетуде.

Қазақстанның теннисшілері Чарльстонда сайысқа түсуде

Жүлде қоры 565 530 долларды құрайтын жарыста алғашқы болып Ярослава Шведова кортқа шықты. Өкінішке қарай, жерлесіміздің жолы болмады. Ұзаққа созылған үзілістен кейін үлкен спортқа қайта оралған Шведова жапониялық Мисаки Доидан ұтылып қалды. Есеп – 3:6, 3:6.

Көп ұзамай Зарина Диас жарыс көрігін қыздырды. Ол ресейлік Наталья Выхлянцеваның тас-талқанын шығарды – 6:3, 6:1.

Одан кейін Юлия Путинцева ұлыбританиялық Хэрриет Дартпен шеберлік байқасты. Бұл тартыс есебімен 7:6, 6:4 есебімен отандасымыздың пайдасына шешілді.

Бүгін Елена Рыбакина америкалық Кэти Макнеллимен  сайысқа түсті. Алғашқы сетте АҚШ теннисшісі ұтты. Содан кейін денсаулығы сыр беруіне байланысты Рыбакина бәсекені жалғастырудан бас тартты.

Екінші кезеңде Қазақстанны қос тенисшісі өзара күш сынасады. Естеріңізге сала кетейік, қазіргі кезде әлемдік рейтингте Юлия Путинцева 31-орынды иеленуде, ал Зарина Диас 88-сатыға жайғасты.