Әлем • 05 Сәуір, 2021

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер үшін экономиканы тұрақтандыру жайлы ұсынымдар әзірленеді

279 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Ұлттық банкінің өкілдері Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының жанындағы Макроэкономикалық саясат жөніндегі консультативтік комитеттің XVI отырысына қатысты, деп жазады Egemen.kz.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер үшін экономиканы тұрақтандыру жайлы ұсынымдар әзірленеді

Онлайн-шараға ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы, экономика министрліктерінің, сондай-ақ, орталық банктердің басшылары мен олардың орынбасарлары қатысты. Отырыс ЕЭК Интеграцияның негізгі бағыттары және макроэкономика министрі Сергей Глазьевтің басшылығымен өтті.

Отырыс барысында «ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 2021–2022 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарлары» құжатының жобасы ұсынылды. Бағдарламалық құжат ЕАЭО-ға мүше елдердегі экономикалық дағдарыстың салдарын жедел еңсеруге бағытталған. Құжаттың негізгі тармақтары макроэкономикалық тұрақтылық, кәсіпкерлік белсенділікті қалпына келтіру үшін қолайлы жағдайды қалыптастыру және ЕАЭО ішкі нарығының мүмкіндіктерін кеңейтуді қамтиды. Отырыс соңында құжат ЕАЭО органдары деңгейінде одан әрі қарауға ұсынылды.

Кездесу қорытындысы бойынша ЕАЭО мүше мемлекеттері үшін экономикалық дамудың тұрақтылығы индикаторларының шекті сандық мәндерінен асып түскен ұсыныстар әзірленеді. Ұсыныстар орта мерзімді перспективада мемлекеттік бюджетті, мемлекеттік қарызды және инфляцияны тұрақтандыруға бағытталады.

Сондай-ақ қатысушылар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің тәжірибесі мен әлемдік тәжірибені ескере отырып, экономикалық дамуға нысаналы көмектесу, еуразиялық инвестициялық және ғылыми-технологиялық консорциумдарды қалыптастыру механизмдері саласындағы зерттеулерді қамтитын 2021–2022 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарын мақұлдады.

Консультативтік комитеттің келесі отырысы осы жылдың қазан айында өтеді.