Экономика • 04 Сәуір, 2021

АҚШ-та бизнес жүргізудің артықшылығы мол

1200 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ILF Adilet & Alem компаниясы құқықтық қолдау көрсетумен және инвестиция тартумен айналысады. «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген 50-ден астам шетелдік компания дәл осы ILF Adilet & Alem арқылы Қазақстанға келген. Компания өкілдіктері әлемнің бірнеше қаласында жұмыс істейді. Жақында компания Қазақстанда аса ірі бизнес жобаны жүзеге асырмақ. Осы және басқа да мәселелер туралы компанияның негізін қалаған Әйгерім БЕРЕКЕШЕВАМЕН пікірлесудің сәті түсті.

АҚШ-та бизнес жүргізудің артықшылығы мол

– Әйгерім, пандемия кезінде инвестиция тарту деңгейі қаншалықты төмендеді? Шетелдік инвесторларды Қазақстанға алып келуді қиын әрі қымбат деп бағалауға бола ма?

– Пандемияның шетелдік серіктестермен жұмыс істеуді қиындатқаны рас. Дегенмен, бұл жағдай көп мәселені қашықтан шешуге де болатынын көрсетті. Кей келісімшарттарға офлайн режімге қарағанда жылдамырақ қол қойылды. Әрине пандемия ынтымақтастыққа кері әсерін тигізбеді деп айта алмаймыз. Соған қарамастан белгілі бір нәтижелерге қол жеткіздік.

– Компанияның инвестицияларды қолдау нарығындағы қазіргі үлесі мен беделі қандай?

– 2014 жылдан бері шетелдік инвесторлармен жұмыс істеп келеміз. Негізінен жасыл технология, өндіріс, құрылыс және тау-кен өндірісі салалалары бойынша жұмыс істейміз. Блокчейн және IT технологиялардың қарқынды дамып келе жатқанына байланысты бұл секторға да көңіл бөле бастадық. 2018 жылдан бастап қаржы институттарымен де байланысты күшейттік. Соның ішінде америкалық Security exchange commission және Швейцариядағы FINMA қаржы институтымен ынтымақтастық орнаттық.

– Қазірге дейін Қазақстанға қанша инвестиция келді? Олар өз нәтижесін берді ме?

– Қазақстан территориясында 20-дан астам жобаға қатысамыз. Осы кезге дейін жалпы құны 500 млн доллар болатын жобаларды жүзеге асырыппыз. Көптеген жоба әлі жасалу кезеңінде. Бастала салысымен жақсы нәтиже көрсетіп жатқан тырнақалды жобалар да бар.

– Компанияңыздың АҚШ-тағы жұмыс барысы туралы айта кетсеңіз. АҚШ-та заңгерлік компания тіркеп, оның жұмысын жүргізу қаншалықты қиынға соқты?

– АҚШ-та біз біршама заңды тұлғалармен жұмыс істейміз. Оның ішінде посткеңестік елдерден шыққан азаматтар да бар. Жалпы, америкалық, еуропалық және ТМД елдерінің компаниялары біздің клиенттер болып отыр. Әрине жұмысты бастаған кезде түрлі қиындықтар кездеседі. Сол елдің менталитетін жетік білмеудің өзі жұмысқа кері әсерін тигізеді. Бірақ біз халықаралық деңгейдегі заңгерлер болғандықтан құқық тілі баршаға ортақ. Бизнесті АҚШ-та жүргізудің өзіндік ерекшелігі мен артықшылығы бар. Нью-Йорктегі халық саны – 8,405 млн және агломерация – 20,63 млн адам. Егер қала халқының 10 пайызын ғана және құқықтық қызмет ұсынатын компаниялар санын алар болсақ, онда сұраныс болады деп тұжырымдауға болады. Ал демографиялық ахуал және заңның ұқсастығына байланысты ТМД елдерінде ондай сұраныс болмайды. Алдағы уақытта АҚШ-тағы жұмыс шеңберімізді кеңейте түскіміз келеді.

– «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлесе жұмыс істеу жұмыс процесін қаншалықты жеңілдетеді?

– Меніңше, АХҚО – соңғы жылдары Қазақстан қол жеткізген ең үздік жобалардың бірегейі. Ол жерде англо-саксондық құқық аясында сенімді жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Бұл халықаралық келісімшарттарға қол қою және келісім міндеттемесі бойынша тараптардың консенсусқа қол жеткізу процесін әлдеқайда оңайлатады.

– Қазір қай елде өкілдіктеріңіз бар? Оны қандай критерийлерге сүйене отырып ашасыздар және қай елдегі өкілдік жұмысы белсенді жүріп жатыр?

– Қазіргі кезде АҚШ-та жұмыс істейміз. Еуропадағы офлайн кеңсеміз Миланда орналасқан. Негізгі қызмет түрлері бойынша Швейцария және Англияда қызмет көрсетеміз. Сондай-ақ Қазақстан мен Мәскеуде де өкілдіктеріміз бар. Жақында Гонконгтен ашуды жоспарлап отырмыз. Осы кеңселердің жұмысын бір арнаға салу арқылы көптеген халықаралық компания үшін стратегиялық көпір орнатқымыз келеді. Кез келген елде өкілдігімізді ашар кезде олар біздің қызметімізге қаншалықты мұқтаж деген сауалға жауап іздейміз. Сонымен қатар ол өңірдің бизнеске тартымдылығын да ескереміз.

– Пандемия отандық экономика секторына елеулі түрде зардабын тигізді. Қаншама кәсіпорынның жұмысы тоқтап, шағын және орта бизнеске ауыр соққы тиді. Соңғы күндері қайтадан карантин шектеулері енгізіле бастады. Мұның бәрі бизнеске кедергі. Мұндай тығырықтан шығу үшін қандай нұсқа, айла-тәсіл ұсынар едіңіз? Коронадағдарыс кезінде Қазақстан инвестициялық тартымдылығын төмендетіп алмай ма?

– Бұл сауалға байланысты әр адам әртүрлі пікір айтып, әртүрлі амал-тәсіл ұсынып жатыр. Әр жағдайды жеке қарастыру керек болғандықтан бәрінің де пікірі орынды. Біз әр кез бизнесті баламен салыстырып қараймыз. Әр баланың өзінің даму жасы, мінез-құлқы болады. Бизнесте де солай. Біріншіден, оған қаншалықты жайлы болады, қандай жағдайда ол өмір сүріп кете алады және сіздің қандай да бір әрекетіңіз оның дамуына кедергі жасамай ма деген мәселеге мән беру қажет. Меніңше, коронадағдарыстан Қазақстан құлдырап кетпейді. Себебі Қазақстан – Еуразияның жүрегі. Еуропа мен Азияны жалғап жатыр. Сондай-ақ еліміздің көпұлтты болуы және «Қорғас» сияқты ауқымды шекара маңы орталығының болуы да Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын жоғалтпайды. Еуразияға келген және Орталық Азияға бас сұққан инвестор бірінші кезекте бізге назар аударады.

– «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы орталығын дамытудың біз үшін, басқалар үшін маңызы қандай болмақ?

– Біз «Қорғасты» халықаралық келісімшарттар жасалатын ауқымды стратегиялық нүкте ретінде қарастыра аламыз. Қазақстан бірқатар елмен визасыз режім туралы келісім жасасқан. Сол мемлекеттер еліміздің, оның ішінде «Қорғастың» территориясында бола алады. Мысалы, АҚШ, еуропалық елдер, Латын Америкасы елдері Қытай нарығына кіре алмайды және біздің қытайлық серіктестерімізбен кездесе алмайды. Сондықтан келіссөзді немесе белгілі бір өнім түрлерінің презентациясын, басқа да ынтымақтастық мәселелерін ұзаққа созып алмас үшін осындай ортақ алаң ұсынудың тиімділігі мол болмақ.

Мысалы, Италия азаматы Қазақстанға келіп, жеңіл өнеркәсіп саласында зауыт ашқысы келді делік. Әрине құрылғы мен өнімнің бір бөлігін Қытайдан сатып алғысы келуі мүмкін. Не болмаса зауыттан шыққан өнімді Қытайға тасымалдауды жоспарлауы мүмкін. Ол үшін Қазақстан – өте тиімді алаң. Кез келген кәсіпкер «Қорғас» арқылы өзінің тауарын, құрылғысын, өнімін Қытайға экспорттауға мүмкіндік алады. Алдағы 5-10 жылда бұл алаңда ірі бизнес келісімшарттары жасалып, бүкіл әлемге ыңғайлы бизнес алаңы ретінде танылады деп ойлаймын.

Жалпы алғанда, дәл қазір «Қорғас» қызметіне халықаралық бизнес те, трансұлттық компаниялар да, шетелдік инвестор да ерекше қызығушылық танытуда. Өйткені ол жерде экономикалық аймақтың либералды тәртібі бар. Әкімшілік кедергі болмайды. Мұндай жағдаймен шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік мол. Әрі Қытай нарығына еркін шығып кетуге болады.

Біздің еуропалық, америкалық серіктестеріміз «Қазақстан географиялық тұрғыда Қытай, Ресей сияқты алпауыт елдермен көрші болғаны үшін қуануы керек. Себебі ішкі нарыққа алаңдамай-ақ, сыртқы нарық үшін экспорттық әлеуетті емін-еркін арттыра алады» дейді. Расында, Үкіметтің түрлі қолдау бағдарламалары, салық жеңілдіктері біздің кәсіпкерлердің көршілес үлкен нарықтарға деген жолын ашып отыр.

 

Әңгімелескен

Абай АЙМАҒАМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»