Аймақтар • 01 Сәуір, 2021

Қымбат шетелдік көліктерді ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысының полицейлері үш облыстың аумағында қымбат шетелдік көліктерді ұрлаумен айналысқан аймақаралық қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz Ішкі істер министлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қымбат шетелдік көліктерді ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Шымкент қаласында полицейлер ұрланған Toyota Camry 55 автокөлігін тәркіледі, оны күдіктілер төрт миллион теңгеге сатып үлгерген және ұрланған автокөліктің есігін ашқан электронды сканер аппараты да айғақты зат ретінде алынды.

Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын белгісіз адамдардың оның Toyota Camry 55 маркалы автокөлігін ұрлап кеткені туралы арызданған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі (Аса ірі көлемдегі ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеген. Қылмысты ашу мақсатында Түркістан облысы ПД-да Криминалдық полиция басқармасы мен Түркістан ҚПБ-ның тәжірибелі қызметкерлерінен тұратын жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер бірден оқиға орнына келіп, күдіктілерді жедел іздестіруге кірісті.

Тергеу барысы мен автоұрыларды ұстау туралы оқиғаның басы-қасында жүрген ТО ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов толығырақ айтып берді.

– Арнайы жүргізілген операция нәтижесінде біздің жедел уәкілдер төрт күдіктіні ұстады. Олардың төртеуі Ақтөбе облысының тұрғындары, оның ішінде екеуі деструктивті діни ағымның мүшелері болып шықты. Ұсталғандардың үшеуі бұрын қарақшылық және қару сақтағаны үшін сотталған. Күдіктілер қамауға алынды.

Тергеу барысында қылмыстық топ мүшелерінің алдын-ала жоспарланған сызба бойынша, әрқайсысы өз рөлін сомдау арқылы әрекет еткені анықталды. Күдіктілер құны 10 миллион теңгеден асатын автокөліктерді арнайы сканерлеу құрылғысының көмегімен ашқан. Олар автокөлік иелерін бақылап, есіктерін ашқан кезде электронды құлыптарды сканерлеген. Сезіктілер қымбат көлікке қол жеткізгеннен кейін, оларды тұрақтан немесе көшелерден ұрлап, айдап әкеткен.

Тергеу бүгінгі күні күдіктілердің автокөлік ұрлығының жалпы бес дерегіне қатыстылығын анықтады. Олар бес қылмыстың екеуін Ақтөбе қаласында, екеуін Түркістан облысында және біреуін Қызылорда облысында жасаған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ күдіктілердің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда, – деді Қ. Сахов.