Аймақтар • 31 Наурыз, 2021

Ілбіс фототұзаққа ілінді

572 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Алтай тау сілемдеріне орнатылған фототұзақтың объективіне қар барысы ілінді. Сұлу жануар Катонқарағай ауданында суретке тұңғыш рет 2014 жылдың қаңтарында түскен-ді. Одан кейін де бірнеше рет ілбіс Алтайдың асқарына орнатылған фототұзақтың алдынан өткен.    

Ілбіс фототұзаққа ілінді

Техниканың мүмкіндігі ғой, әйтпесе Алтайды қар барысы мекен етеді дегенге бірі сенсе, бірі сенбес те еді. Олай дейтінім, көз көрім жерден қар барысын көрдік деп отыратын баяғының аңшыларына көп ешкім илана бермейтін. Ал тағыларды ап-анық түсірген фото мен бейне жазбаларға қарап, таңдай қақпасқа амал жоқ.   

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық паркінің қызметкерлері Жомарт Аманбаев, Манарбек Омаров және Мұрат Арабаевтар былтыр қара күзде Аршаты орманшылығының аумағына орнатқан фототұзақтарын тек­серіп отырып, барыстың тас­паланғанын көрген. Бар-жоғы отыз секундтық бейнежазба бол­ғанымен, парк қызметкерлері үшін өте үлкен еңбекпен келген ол­жа. Бұл үшін оларға қомақты сыйақы тағайындаса да артық етпес еді. Заманауи техниканың тілін меңгеру бір басқа, оны 2300 метр биіктіктегі барыс жү­реді-ау деген тұсқа орнату біз ойлағандай оңай шаруа емес.

Теңіз деңгейінен 2300 метр биіктікті басқа шыңдармен са­лыстырсақ, анағұрлым аласа. Бірақ Төр Алтайдың әр төбесі мінезді. Ит тұмсығы өтпес қа­лың қара орманын жарып өтіп, шағыл тасты белдеуге жеткенде жүріс өндімейді. Одан асып жы­ғылсаң, жалама беткейлер, шапшыма шыңдары және бар. Атпен жетсең, бір сәрі. Жаяу-жалпы көтерілесің. Фототұзақты орнаттың делік. Келесі барғанда, бір-бірінен айнымайтын құз-жартастардың арасынан жұды­рықтай құрылғыны адаспай та­буың керек. Әуресі көп. Инспекторлардың осындай шабыстарына қарай табыстары сай ма?

– Қазақстанның Қызыл кіта­бына енген қар барысының бейнетаспаға ілінуі, біз үшін үлкен қуаныш. Еңбектің жемісі деу­ге болады. Құрылғыны тау басына құрып, қадағалап жүр­ген инспекторларға рах­мет. Көп­шіліктің назарына ұсыныл­ған барыстың бейнежазбасы, фотосуреті 2020 жылдың жел­тоқсанында, осы жылдың ақ­пан, наурыз айларында түскен. Қа­зіргі уақытта материалдарды анықтап жатырмыз, – деді ұлттық табиғи парктің жануарларды қорғау және өндіру бөлімінің меңгерушісі Ерік Қасымов.

Айта кетерлігі, фототұзақтар толықтай тексерілген жоқ. Ен­дігілері таудың қия-беткейле­рін­де тұр. Оны мамандар жос­парға сай сәуір, мамыр айларында қа­рай­ды. Сол кезде көпшілікті таң­ғал­дыратын кадрлар тағы шығуы мүмкін.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы