Үкімет • 24 Ақпан, 2021

Індеттің таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК отырысында не айтылды?

149 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Індеттің таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК отырысында не айтылды?

ВАК отырысының қорытындысы бойынша мынадай шешімдер қабылданды:

1.7 күн бойы «жасыл аймақта» тұрған өңірлерде үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап рұқсат етіледі: цирктердің, бильярд клубтарының, балалар ойын-сауық орталықтарының жұмыс істеуіне – толымдылығы 30%-ға дейін; спорттық іс-шараларды өткізуге (30%-ға дейін), жұма намазын оқуға (30%-ға дейін) және ас беру рәсімін өткізуге (30%-ға дейін, 50 адамнан артық емес).

2. 7 күн бойы «сары аймақта» болған өңірлерде үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап жабық базарлардың (азық-түлік, азық-түлік емес), сауда және ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің жексенбі күндері жұмыс істеуіне рұқсат етіледі.

3. Мониторингтік тексеру қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарында санитарлық-эпидемиялық талаптардың бұзылу фактілерінің көп мөлшері тіркелген Маңғыстау, Қостанай және Жамбыл облыстарын қоспағанда, барлық облыстарда үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап 1-5 сыныптардың, халықаралық мектептерде 1-7 сыныптардың оқушыларын аралас оқытуға рұқсат етіледі.

Сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Түркиямен (қосымша 4 рейс), Өзбекстанмен (+4 рейс), Қырғызстанмен (+2 рейс) және Украинамен (+1 рейс) халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру туралы ұсынысы комиссияның қолдауына ие болды. Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасын әзірлеу барысын баяндады.

Өз кезегінде вице-премьер Е.Тоғжанов аталған заң жобасы бойынша барлық жұмылдырылған мемлекеттік органдармен келісу жұмыстарын және бюджеттік есептерді енгізуде бұған дейін бекітілген мерзімдерді ұстану қажеттігін атап өтті.