Қазақстанда ЭКҰ бағдарламасына 2021 жылы бөлінген квота саны 7000-ға дейін көбейді. Бұл квота беру көрсеткіштерін кеңейтуге, оларды алу кезегінің азаюына мүмкіндік береді. Бүгінде елімізде 11030 әйел бедеулікпен есепте тұр.
«Нұр-Сұлтан қаласында бедеулік бойынша есепте тұрғандар саны – 1331. Біздің отбасын жоспарлау бөлімшесі ҚРТ көрсету – ЭКҰ-ға дайындау жөніндегі ұйымдастыру-әдістемелік және үйлестіру орталығы ретінде жетекші ұйым болып табылады. Биылғы жылы елордаға 486 квота бөлінді. Әзірге 200 квота беріліп, пациенттер дайындалуда. Осы жылы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары бұрын қаралмаған және жеке медицина орталықтарына қаралған бедеулік көрсеткіштері бар пациенттерді анықтап, белсенді жұмыс жүргізуде», дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 қалалық көпбейінді аурухана директорының амбулаториялық қызмет жөніндегі орынбасары Сәуле Жамантайқызы Ибраева.
ЭКҰ үшін кімдер өтініш бере алады?
Бұл емшара терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. ЭКҰ-ға отбасылық жұптар да, жеке адам да қатыса алады. Міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша келісімі болуы керек. Сондай-ақ, Қазақстан азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге (репродуктивті жас – 18-ден 42 жасқа дейін, қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебе, жоғары фолликулярлық резерв) сәйкес келуі қажет.
Мамандар мына жағдайларда ғана науқасты экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы мүмкін: жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез-келген локализация онкологиясы.
ЭКҰ-ға жолдама алу үшін не істеу керек?
ЭКҰ-ға жолдама алу үшін алдымен тіркелген жері бойынша емханаға бару қажет. Ұйым мамандары пациентті бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тіркеліміне қосады және бірқатар тексерулер тағайындайды. 12 ай ішінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымы, яғни емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Оң шешім қабылданған жағдайда, әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, емшараға дайындай бастайды. Пациент экстракорпоралды ұрықтандыру үшін клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы.
МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. МӘМС жүйесінде ЭКҰ емшарасын жасар алдында ерлі-зайыптыларды тексеру тізбеге сәйкес жүзеге асырылады. МӘМС жүйесінде ЭКҰ – циклдің базалық бағдарламасы қарастырылған.