Мақтаарал ауданы Өзбекстанның Сырдария және Жызақ облыстарындағы 4 ауданмен шектеседі. Осындай географиялық мүмкіндікті пайдаланып ауданда Өзбекстан Республикасымен сауда-саттықты дамыту үшін халықаралық сауда кешенін құру өте маңызға ие.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылы "Орталық Азия" халықаралық сауда экономикалық ынтымақтастық орталығын құру туралы тапсырма берген болатын. Ағымдағы жылдың 26-қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейітлген отырысында Үкімет басшысына "Орталық Азия" халықаралық сауда экономикалық ынтымақтастық орталығын құру мәселесін жеделдетуді тапсырды.
Осыған байланысты күні кеше Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов және облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұрбақыт Иманқұлов Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, шекара маңындағы бекеттердің жұмысымен танысты. Министрдің іс-сапарына Өзбекстан Республикасының осы салаға жауапты вице-министрлері де қосылды.
Министр мен басқарма басшысы "Целинный" және "Сырдария" шекара өткізу бекеттерін арнайы барып көріп, халықаралық сауда орталығын құру үшін нысандардың мүмкіндіктерін қарап шықты. Аудан әкімі Бақыт Асанов бекеттердің жұмысы мен мүмкіндіктері туралы кеңінен баяндады. Мәселен, "Целинный" шекара өткізу бекетіне жақын маңда "Сапар" сауда базарын халықаралық деңгейде дамытуға болатынын айтты.
"Мақтаарал ауданында Ұлы жібек жолының бір тармағы саналатын М-39 "Ташкент – Термез" бағытындағы магистрал дәлізі бар. Осы автомобиль жолының потенциалын пайдаланып, өңірде сауда-саттықты жоғары деңгейде дамытуға мүмкіндігіміз зор. Мәселен, бір кездері халықаралық деңгейде қызмет көрсеткен бетонканың бойындағы "Сапар" базарын халықаралық деңгейде қайтадан дамытсақ – өңірде мыңдаған адамды жұмыспен қамти аламыз" - деді Бақыт Насырханұлы.
Жалпы Едіге Рахымбердиевке тиесілі "Сапар" базарында модернизациялау жұмыстары 2019 жылы жүргізілген болатын. Ол үшін кәсіпкердің жеке есебінен 100 миллион теңгеден аса қаражат жұмсалды. Соның арқасында тұтынушыларға жағдай жасалып, қосымша 100 адам жұмыспен қамтылған болатын.
Министрдің соңғы аялдағаны – "Атамекен" кедендік бекеті. Бұған дейін көрші елге өтпекші болған жүк көліктері кедендік бекет маңында кептеліске ұшырап, жол қатынасын қиындата түскен еді. Мәселені шешу үшін аудан әкімі Б.Асановтың бастамасымен кедендік бекеттің аймағын көріктендіру, көгалдандыру, кеңейту жоспары жасалды. Атап айтқанда, шекара маңынан сауда логистикалық орталығын құру, оның ішінде сауда базарлары, қонақ үй, автотұрақ, қоймалар, тұрғын үйлер мен түрлі спорттық алаңшаларды салу көзделген болатын. Қазіргі таңда автотұрақ пайдалануға берілген. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің есебінен басқа да нысандар салынуда.
Жұмыс сапарының соңында барлық мән-жайға қанық болған министр Бақыт Тұрлыханұлы "Орталық Азия" халықаралық сауда орталығын құру үшін таңдалатын бекет туралы жан-жақты зерттеліп, жоспар құрылып, шешім шығарылатынын айтты.