Оқиға • 12 Қазан, 2020

Қарияға қуаныш сыйлады

308 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мұндайда «әй, жарайсыңдар» дегеннен басқа не айтамыз?! Волон­тер­лікпен айналысып жүрген Өскеменнің бір топ жасы бес жылға жуық үй-күйсіз жүрген жалғызбасты қарияға пәтер алып беруге көмектесті.

Қарияға қуаныш сыйлады

«Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» дейді ғой. Әлеуметтік көмекке зәру отбасыларға азық-түлік, дәрі-дәрмек таратып жүрген жастар жақсылықтарын тіс жарып ешкімге айта бермейді. Үлкен істі үндемей тындырып жүр. Әйтпесе азын-аулақ азық-түлік алып барып, суретке түсіп, жарияға жар салатындар да жоқ емес. Ал Ерасыл Уатаев бастаған жастардың қарт анаға бас­пана алып беруге сеп болғандары айтуға тұрарлықтай. Жақсылардың жақсылығы ғой.

Биыл жаздай бір топ қамқор жандар орта қазанға қаржы жинап, әл-ауқаты төмен отбасыларға көмек қолдарын созған. Бірде Ерасыл Уатаев, Ислам Әуелбек сынды жас­тар белгіленген тізіммен азық-түлік таратып жүріп, баспана кейпі жоқ үйде тұрып жатқан ақ жаулықты анаға тап болған. Пәтер жалдауға жағдайы жоқ Күлпара Ысқақова үлкен баласы мен жолдасы қайтыс болған соң қалаға кіші ұлының қолына көшіп келген. Өкініштісі сол, кіші ұлы аяқасты сотталып кеткен. Қарт ана болса, көмек сұрап ешқайда бармаған. Үйсіз-күйсіз бес жылға жуық жүрген. Ұлына барып жүру үшін еден жуып, нәпақа тапқан. Алпыс мың теңгенің айналасындағы зейнетақымен Өскемендей қалада өмір сүру мүм­кін емес еді. Ананың осындай күйін байқаған Ерасыл бірден ақша жи­науға кіріскен.

– Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік таратып жүріп, Күлпара апамызбен таныстық. Тұрып жатқан жері біреудің қосалқы бөлмесі екен. Үй деп айтуға келмейді. Содан жан-жаққа хабарлап, анаға қамқорлығымызды көрсеткіміз келді, – дейді Ерасыл Уатаев.

Қарт ананың жай-күйіне көздері жеткен халық Ерасылдың кіші-гірім қорына ақша аудара бастаған. Айналдырған екі аптаның ішінде екі миллионға жуық қаржы жиналған. Жалынды жстар қордағы ақшаға сай Өскеменнен баспана іздей бас­тайды. Көп ұзамай пәтер табыла кеткен. Қуаныштарына орай пәтер иесі де ананың жағдайын түсі­ніп, көп жеңілдік жасаған екен. Бас­паналы болған қарияға волонтер жастар жиһаздарын да сатып алып бер­ген. Тіпті пәтерін жуып-шайып, ананы өздері көшіріп алып кел­ген. Жылы үйде тұрып жатқан Күл­пара Ысқақованың жастарға деген алғысы шексіз. Игі істің басы-қа­сын­­да жүр­ген Жастар ресурстық ор­та­­лығының жетекшісі Арайлым Есім­­бекқызы да мейірімді, ақылды жас­тардың өсіп келе жатқанын айтады.

– Биыл асабалар мен жайдар­маншылардың пайдасы халыққа көп тиді. Карантин енгізілгенде біз­дің орталыққа алғашқы болып хабарласқан да солар. Бірі қар­жы­лай қолдау білдірсе, екіншісі мұқ­таж отбасыларға азық-түлікті көлік­­терімен тасымалдап берді. Ор­тамызда осындай жастардың бары марқайтады, қуантады, – дейді Жас­тар ресурстық ор­та­лығының жетекшісі Арайлым Есімбекқызы.

Қолдарынан келгенше жан-жа­ғына жылу сыйлап жүргендерді біз бәлкім байқай бермейміз. Бірақ қам­қор жандар аз емес.

 

Өскемен