Қоғам • 15 Қыркүйек, 2020

Қалаған емханаға тіркелу басталды

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екі ай ішінде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары өздері қалаған елордадағы емханаға тіркеле алады. Ал ел көлемінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдарға Қазақстан азаматтарын өз еркімен тіркеу науқаны 15 қыркүйекте басталып, 15 қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қалаған емханаға тіркелу басталды

Акцияға елордадағы барлық 15 қалалық емханалар мен медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көмек көрсететін жеке медициналық ұйымдар қатысады. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова: "АМСК көрсету ұйымдарына тіркеу науқанын бастадық.  Қызмет көрсетудің аумақтық принципін ескеріп, азаматтарға медициналық көмек алу үшін тұрғылықты мекен-жайыңызға жақын орналасқан емханаларды таңдауға кеңес береміз", - деді.

Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күнге дейін  қаладағы АМСК ұйымдарына 1 миллион 181 мыңнан астам адам тіркеліп, медициналық көмек алып келген екен.

Тұлғаны АМСК ұйымдарына тіркеу амбулаториялық деңгейде медициналық көмек көрсетудің негізі болып табылады және ол келесі принциптер бойынша жүзеге асырылады: 1) аумақтық қол жетімділік; 2) АМСК ұйымын еркін таңдау; 3) АМСК дәрігерін (жалпы тәжірибе дәрігері, учаскелік терапевт, учаскелік педиатр) еркін таңдау; 4) отбасылық қызмет; 5) меншік формасына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан АМСК ұйымдарының теңдігі мен әділ бәсекелестігі. Ал 18 жасқа толмаған тұлғаларды  оның заңды өкілдерінің біреуі тіркетуге құқылы.

Азаматтарды АМСК ұйымдарына тіркеу олардың сұранысы бойынша "Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Тіркеу кезеңінде қала тұрғыны бұған дейін тіркелген ұйымынан автоматты түрде шығарылады. "Емханаға өз еркімен тіркеу құқығының жылына бір рет қана берілетінін ескертеміз", дейді денсаулық сақтау басқармасы.