25 Қазан, 2013

Жолдар жаңартыла бермек

122 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Көлік және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКПЕН әңгіме

– Жеңіс Махмұтұлы, министрліктің «Қазақстанның көліктік инфра­құрылымын 2020 жылға дейінгі дамыту бағдарламасы» әзірленіп жатқанын білеміз. Бұл құжаттың мұның ал­дындағы осыған ұқсас құжаттардан айыр­машылығы қандай?

 

 

Көлік және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКПЕН әңгіме

– Жеңіс Махмұтұлы, министрліктің «Қазақстанның көліктік инфра­құрылымын 2020 жылға дейінгі дамыту бағдарламасы» әзірленіп жатқанын білеміз. Бұл құжаттың мұның ал­дындағы осыған ұқсас құжаттардан айыр­машылығы қандай?

– Бұл құжатта ауқымды іс-шараларды жүзеге асыру көзделген, яғни бағдарлама Қазақстанның көлік жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін, еліміздің транзиттік әлеу­етін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сонымен бірге, көлікте қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, әзірленіп жатқан құжат ұлттық сапа стандарттарының енгізілуін көздейді.

– Сонда қандай ұлттық стандарттар енгізілетін болады?

– Айталық, жолаушылар тасымалы ұлттық стандарттарға сәйкес қызмет көрсетіп, жаңа автовокзалдар мен автобекеттер, теміржол вокзалдары, аэродромдар салынып, қолданыстағылары қайта жаңартудан өтетін болады. Атап айтсам, 2020 жылға қарай қалалар мен аудан орталықтарында жаңа 10 автовокзал мен 50 автобекет, ал село мен ауылдарда жолаушыларға қызмет көрсететін пункттер, қалаларда такси тұрақтары салынбақ. Бұдан тыс, 2014-2020 жылдар аралығында республикалық маңызы бар жолдардың 11 320 километрін қайта жаңарту жұмыстарымен қамту көзделген. Халықаралық 6 көлік дәлізін қайта жаңғыртуды аяқтау жоспарлануда.

– Автовокзалдар мен автобекеттерден бөлек, еліміздегі кейбір темір жол вокзалдары мен әуежайлардың да жағдайы сын көтермейді. Бағдарламада бұл мәселе қарастырылған ба?

– Әрине, қарастырылған. Қазақстанның көліктік инфрақұрылымын 2020 жылға дейін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында вокзал шаруашылығын жаңғырту шаралары қолға алынды. Жекелей алғанда, жылдың басынан бері 80 вокзалға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды ағымдағы жылдың қазан-қараша айларында аяқтау көзделуде. Ал, алдағы жылы тағы 38 вокзалға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Соның ішінде Астана мен Алматы және Көкшетау, Қарағанды қалаларының теміржол вокзалдарын қайта құрылымдау жұмысы да келесі жылы қолға алынбақ. Ал, 2017 жылға дейін еліміздегі барлық әуежайлар халықаралық стандарттарға сәйкестендірілетін болады. Бүгінде 11 әуежайдың ұшу-қону жо­лақтары, 9 терминал жаңартудан өтті. Биыл Тараз әуежайының ұшу-қону жолағын қайта салу жұмысы аяқталмақ. Сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесіне дайын­дық аясында Астана және Алматы қала­ларындағы әуежайлардың жолаушылар терминалының өткізу мүмкіндігін арттыру туралы шешім қабылданды. Бұдан басқа жергілікті әуе желілері аэродромдарының желісін дамыту да көзделіп отыр.

– Қазіргі күні қалааралық ба­ғыт­тардағы автобустардың көбі ескі. Ав­тобус паркін жаңалау қарастырылған ба?

– Бұл бағытта министрлік бірқатар іс-шараларды қолға алды. Өткен жылы қабылданған қаулыға сәйкес, тасымалдаушылар 3 жылға дейінгі мерзімде пайдаланылған автобустарды елге кедендік баж салығынсыз әкелу мүмкіндігіне ие болғанын айта кету керек. Бұл еліміздің автобус паркін жаңартуға айтарлықтай септігін тигізуде. Бұдан басқа, ресми тасмалдаушылардың қатары да артты. Автовокзалдарды ұлттық сапа стандарттарына сәйкестендірудің жоспары әзірленіп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жерсеріктік навигация негізінде электронды диспетчерлеу жүйесі бүгінгі күні еліміздің 9 өңірінде жүзеге асырылуда. 2015 жылға қарай бұл технология еліміздің барлық өңірлерінде қолданылатын болады. Бұдан басқа, теміржол көлігіндегідей, қалааралық және халықаралық бағыттарға қатынайтын автобустарға билетті электронды жүйе арқылы сатуды енгізуді жос­парлап отырмыз.

– Жоғарыда құжаттың Қазақ­станның транзиттік әлеуетін арттыруға да бағыт­талғанын айтып өттіңіз. Бұл бағытта қандай шаралар атқарылатын болады?

– Бағдарламаны әзірлеудегі тапсыр­малардың бірі Қазақстан арқылы тран­зиттік жүк тасымалын 2020 жылға қарай 2 есеге, ал 2050 жылға қарай 10 есеге арттыру болып табылады. Бағдарламаны жүзеге асыруда «SILKWIND» (Қытай – Түркия, Шығыс Еуропа) жобасы бо­йынша инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор екенін айтып өткен жөн. Атап айтқанда, Достық стансасын дамы­ту, «Қорғас – Шығыс қақпа» Арнайы экономикалық аймағында құрғақ жүк портын құру жоспарлануда. Бұдан тыс, Ақтау теңіз портында құрғақ жүкке арналған 3 терминалдың құрылысы мен паромдық парк құру да жоспарда бар. Сондай-ақ, тасымалдың барлық түрлері бойынша көлік үдерісін автоматтандыру көзделуде.

Өздеріңіз білесіздер, салмақ өлшеудің автоматтандырылған жүйесін іске қосып жатырмыз. Бұл сыбайлас жемқорлық көріністерін жоюға септігін тигізбек, себебі, көліктік бақылау қызметкерлері мен жүргізушілердің тікелей өзара жүздесуі болмайды. Жүк көлігінің салмақ параметрлері автоматты түрде анықталады. Оның салмағы рұқсат етілген мөлшерден артық болған жағдайда автокөлік иесіне айыппұл салынады. Бұл жүйе жүк жеткізу уақытын қысқартып қана қоймайды (орташа жүру жылдамдығы сағатына 17 километрден 60-70 километрге дейін артады), сонымен бірге, тасымалдың өзіндік құнын азайтып, жолдардың сапасын сақтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні салмақ өлшеудің автоматтандырылған 11 жүйесі тестік тәртіпте жұмыс істеп тұр. Жалпы, бақылау аркаларының саны 80-ге жеткізіліп, қазіргі күні жүк автокөліктерінің ағынын бақылауды 30 пайыз ғана қамтып отырған барлық стационарлық бекеттер жабылатын болады.

– Транзиттік әлеует туралы айтқан екенбіз, осы орайда «Ғасыр жобасы» аталған, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы барысына да тоқталып өтсек.

– Жобаны жүзеге асыруға 2009 жылы кіріскенімізді көпшілік біледі. Бүгінде құрылыс жұмыстары бес облыста жүргізілуде. Олар Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстары. Құрылыс жұмыстарымен 1 854 километрді құрайтын 23 учаске қамтылған. Жобаны іске асыра бастағаннан бергі уақытта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің қазақстандық учаскесінің 1 613 километрі аяқталды. Өткен жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік жобасының 700 км. учаскесінде жол қозғалысын аштық. Биыл дәліздің 806 километр жол қозғалысын ашу жос­парлануда, бүгінгі күнге автожолдың 724 километрі салынды. Қазақстандық учаскедегі құрылыстың толық аяқталуы және пайдалануға берілуі 2015 жылға жоспарланған. Жоба барлық халықаралық стандарттарға сәйкес салынуда, жолдың жартысы I техникалық санатқа сәйкес 4 жолақты, ал, Қызылордадан Ақтөбеге дейінгі бөлігі II техникалық санатқа сай 2 жолақты етіп салынуда. Бүгінгі күні магистраль құрылысына 10 мың бірлік техника мен 35 мың адамның жұмысқа тартылғанын айтып өту керек. Оның ішінде шетелдік мамандардың саны 500 адамды ғана құрайды, қалғандары жергілікті тұрғындар.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің маңызды учаскесінің бірі – «Алматы – Қорғас» тасжолы екені белгілі. Бүгінгі күні мердігер компаниялар анықталып, келісімшартқа қол қойылды. Құрылыс компаниялары жұмысқа кірісіп кетті.

– Биыл көпшілік көптен күткен, проблемалы «Астана-Теміртау» және «Астана-Павлодар» жолдарында құрылыс жұмыстарын бастадыңыздар. Тегіс жолдармен қашан зулайтын боламыз?

– Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы автожол саласында үш: Орталық –Оңтүстік (Астана – Қарағанды – Балқаш – Қапшағай – Алматы), Орталық – Шығыс (Астана – Павлодар – Семей – Қалбатау – Өскемен) және Орталық – Батыс (Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз – Шалқар – Бейнеу – Ақтау) бағытындағы жобалардың құрылысын бастауды тапсырған болатын. Елбасының тапсырмасынан кейін жолдарды жаңартудың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге бірден кірістік. Әрине, жол салу өте күрделі процесс. Қай жерде көпір салу қажет, жол өтпелерінің орындарын, жол айрықтарын белгілеп алу керек. Кейбір учаскелердегі дөңес жерлерді тегістеу керек дегендей мәселелерді де шешу қажет.

«Орталық – Оңтүстік», «Орталық – Шығыс» бағыттары бойынша жобаны жүзеге асыру ағымдағы жылы қолға алынды. Құрылыс жұмыстары 2 шілде күні «Астана – Теміртау» және «Астана – Павлодар» бағыттарында басталды. Аталған жолдар I техникалық санатқа сәйкес 4 жолақты болады. «Астана – Теміртау» жолы туралы айтатын болсам, қазіргі күні 22 километрде құрылыс жұмыстары жүргізілуде, жақын уақытта 21 км. құрайтын учаскесінің мердігері анықталған соң, дайындық жұмыстары басталады. Қалған 126 км. бойынша жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуді ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтап, келер жылы магистральді құрылыс жұмыстарымен толығымен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Ал, «Астана – Павлодар» жолы туралы айтсам, бүгінгі күнге 37 км. құрайтын учаскесінде жұмыстар басталды. Жақында 22 км. құрайтын учаскесінде жұмыс жүргізетін мердігер анықталды. Қалған учаскелер бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Ол жұмысты келер жылдың басында аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, 2014 жылы «Астана-Павлодар» жолының барлық 413 километрі құрылыс-монтаж жұмыстарымен толығымен қамтылмақ. Ал, бұл жұмыстарды аяқтау 2016 жылға жоспарланған.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».