Елорда • 05 Тамыз, 2020

Нұр-Сұлтан қаласында медиаторлар тегін оқытылады

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстанда Медиация күні аталып өтуде. Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Нұр-Сұлтан қаласында медиаторлар тегін оқытылады

Медиация – үшінші, жанжалға мүдделі емес тараптың қатысуымен дауларды шешудің балама түрі. Медиация институты Қазақстанда белсенді дамып, тәжірибеде жиі қолданылуда. "Senim" медиация орталығы аясында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін ақысыз оқыту басталады. Тренингті сертификатталған кәсіби медиаторлар жүргізеді", дейді Кәсіподақтар федерациясы оқу орталығының жетекшісі Нұрлан Досымов.

"Senim" медиация орталығының негізгі мақсаттарының бірі – азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін әлеуметтік қорғау, конструктивті диалогты дамытуға жағдай туғызу, жанжал жағдайларын кәсіби медиация, психологиялық, құқықтық, әлеуметтік, ақпараттық және басқа да көмек арқылы шешу. Кәсіби медиатор Әсел Молдағалиеваның айтуынша, елорда тұрғындары көбіне медиаторларға еңбек даулары, неке кезінде бірлесіп сатып алынған мүлікті бөлу, баланың тұрғылықты жерін анықтау және алимент алу мәселелерімен жүгінеді.

"Мүлік, алимент, ажырасу мәселелері бойынша өтініштердің 46%-ы медиация жолымен шешілді", деп атап өтті Ә.Молдағалиева.

Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, медиатор Шерзод Пулатовтың айтуынша, жанжалдардың алдын алуда медиация институтының рөлі өте зор.

"Медиацияны азаматтық, еңбек, отбасылық және басқа да құқықтық қатынастардағы дауларда, сондай-ақ шағын және орта ауырлықтағы қылмыстық істерде қолдануға болады. Азаматтардың да, заңды тұлғалардың да медиацияны белсенді қолдануы арқылы сот жүйесіне жүктемені едәуір азайтуға, осылайша ірі істерді шешу сапасын арттыруға болады. Халықаралық статистикаға сәйкес, барлық даулардың 30-40%-ы медиация тәртібімен өтеді. Олардың 85%-ында оң нәтижелерге қол жеткізіледі", деді Ш.Пулатов.