Аймақтар • 09 Шілде, 2020

Елбасы Алтайға ат басын бұрған сәт

1511 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көпшілікпен мына бір тарихи суретпен бөлісуді жөн көрдім. Бұл тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында Елбасымыздың Катонқарағай ауданына алғаш келген кездегі Берел ауылының маңында, сол кездегі аудан басшылары мен Катонқарағай марал кеңшарының еңбеккерлерімен түскен суреті, - деп жазады Egemen.kz

Елбасы Алтайға ат басын бұрған сәт

Әрине, Елбасымыз шырайлы шығысқа, оның ішінде жер жаннаты аталған Катонқарағай жеріне одан кейін де сан мәрте ат басын бұрғаны белгілі. Соның ішінде ауданымызға алғаш келуі талай жерлестеріміздің жадында қалып, әлі күнге тамаша бір сезімдермен еске алып отырады. Сол жылы жаз ерте шыққанмен алғашқы күндерінен бастап жауынды болды, сондағы жауған жауын ерекше есімізде қалыпты. Неше күн күндіз-түні жауған жауынның әсерінен Бұқтырма өзені ат құлағына шыға тасып Катонқарағай жұртшылығын бірталай әбігерге түсіргені де есімізде. Ауа райының қолайсыздығына байланысты тікұшақтың ұшуы мүмкін болмағандықтан Н.Ә.Назарбаев бастаған делегация Рахман қайнарларына дейін автомобиль жолдарымен жүріп өтетінін естіп-біліп отырдық. Делегация мінген автомобильдер кортежі Катонқарағай – Аққайнар (сол кезде Черновая) – Жамбыл – Рахман қайнарлары бағытындағы асфальті жоқ жолмен жүріп өткен болатын.

Жол бойындағы ауылдардың тұрғындары президент мінген көліктерді алыстан болсын көріп қалу үшін сорғалаған жауынның астында сағаттап тұрған еді. Ертеңгі күні таңертең күн шайдай ашылып Н.Ә.Назарбаев бастаған делегация тікұшақпен Берел ауылының мағындағы марал қыстағының жанына келіп қонып, Катонқарағай марал кеңшарының еңбеккерлерімен кездесіп кеткен еді. Мына сурет сол кезден қалған естелік.

Биылғы жылы шілде айының 6 жұлдызы күні Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев мерейлі 80 жасқа толғалы отыр. Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының егемендігін жариялап, тәуелсіздік алғаннан бастап, тәуелсіздікті алудан гөрі оны қорғап, сақтап қалу аса қымбат екендігін баса айта отырып, оны дұрыс даму жолына түсіре білді. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасы өзін бүкіл әлемге паш етті, өркениетті мемлекеттер қатарына қосылды. Басқа жетістіктерімізді айтпағанның өзінде, ішкі тұрақтылықтың арқасында сыртқы саясатымыз бекіп, әлем мемлекеттері арасында беделі арта түсті.
Өткен жылдар ішіндегі Елбасының еліміз үшін жасаған төмендегідей ерен еңбектеріне ел жадында мәңгі қалары сөзсіз. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінің ауыртпалығы аз болмады, осы ауыртпалықтарды халықпен бірлесе отырып еңсеріп, алдымен мемлекеттік рәміздеріміз аспан түстес көк Туымызды, ортақ шаңырақ бейнеленген Елтаңбамызды, шырқағанда жүрегіңді жігерлендіретін Гимнді бекітіп, бар әлемге паш етті. Ұлттық валютамыз – теңге айналымға шықты. Егемендік алған сонау 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағы кезінде белгіленген шекараларымыз түгелдей ашық-шашық жатқан болатын. Сондықтан да тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында Президент Назарбаев белгілеген сыртқы саясаттағы басымдықтардың ішінде, әсіресе, шекараларды межелеу, оларды халықаралық тұрғыдан заңдастырып алу ең кезек күттірмейтін мәселе еді. Шекараларды рәсімдеу үшін ауыздарын айға балаған Ресей және Қытай мемлекеттерімен, сондай-ақ Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғыз республикасымен келіссөздерге белсене кірісіп кетті әрі бұл жауапты жұмысты белгіленген мерзім ішінде сәтті аяқтады. Ия, бір қарағанда бұл нәтижеге де оп-оңай қол жеткен сияқты болып көрінуі мүмкін. Ал шындығына келгенде, бұл - нағыз жанкешті ерлікке тұратын Елбасының сұңғыла да сындарлы сыртқы саясатының жемісі екендігінде күмән жоқ. Бұлайша айтуға үлкен негіз бар. Себебін мына бір мәселеден-ақ аңғаруға болады, Қытаймен шекаралас 15 мемлекеттің ішінде Қазақстан Қытай үкіметінің келісімімен жүз пайыз шекара аумағын тиянақтап алған жалғыз мемлекет. Тәуелсіздік жылдарында шетелдік қандастарымыздың Отанымызға оралуы 1991 жылғы 18 қарашадағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің тиісті шешімінен кейін бастау алды. Содан бергі аралықта елімізге тұрғылықты тұруға келген қандастарымыздың саны 1 миллион адамнан асты. Қазақстан –шетелдерден атажұрт өкілдерін қабылдап отырған әлемдегі төрт мемлекеттің бірі. Ана тіліміз – мемлекеттік тіл мәртебесін алды...

Айта берсек, мұндай мысалдар өте көп. Оңды өзгерістерді әр облыс пен аудан өмірінен көруге болады, өйткені, тәуелсіздік шұғыласы кең-байтақ қазақ даласын қамтыды. Айтуға ғана оңай осы жаңарулар мен дамулардың астарында ел бірлігі мен тірлігінің, Елбасымыздың еселі еңбегі мен маңдай терінің қаншама сыры жатыр десеңізші...

 

Дүйсен БРАЛИНОВ,

ШҚО, Қотанқарағай ауданы