Аймақтар • 01 Шілде, 2020

Павлодар облысында қосымша 3 000 провизорлық төсек-орын әзірленеді

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов провизорлық төсек-орындар санын 2500-ге жеткізіп, қосымша 3000 резервті орын жасақтауды тапсырды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облысында қосымша 3 000 провизорлық төсек-орын әзірленеді

COVID-19-ға қарсы шараларды үйлестіруге арналған жедел штабтың баспасөз орталығының мәлімдеуінше, қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты осы және өзге де сұрақтар облыс әкімінің төрағалығымен өткізілген онлайн кеңесте талқыланды.
 
Өткен аптада облыстағы провизорлық орындар саны 2,4 есеге артып, 1852-ге жетті.  Бүгінгі күнде олардың 94,2 пайызы бос емес. Әбілқайыр Сқақов науқастарға арналған провизорлық төсек-орындар санын 2500-ге жеткізіп, қосымша 3000 орыннан тұратын резервті жасақтауды тапсырды.

"Осы мақсатты орындауға Ақсудағы «Еуразия» медициналық орталығының, "Мойылды" шипажайының және өзге де мекемелердің ресурстары жұмылдырылады. Сонымен қатар, Павлодардағы "Баянтау" спорт сарайының негізінде тәуліктік қабылдау-сұрыптау стационарын жасақтау жоспарланған", - деді баспасөз орталығында.
 
Провизорлық стационарлар көбейген сайын оларды медициналық кадрлармен қамту мәселесінің өзектілігі арта түсуде. Қазіргі уақытта облыстағы түрлі стационарларда 1193 медицина қызметкері жұмыс істеуде (өткен аптада +213), олардың 763-і – провизорлық орындарда (+274). Облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының басшылығына жұмысқа студент медиктерді, волонтерлерді, денсаулық сақтау ардагерлерін тарту мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.
 
"Медициналық мекемелерді дәрі-дәрмекпен уақытылы және толыққанды қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Біржан Досмайыловқа "СК-Фармация" компаниясымен құрылған өзара әрекеттестіктен бөлек, фармацевтикалық компаниялармен және дистрибьютерлермен меморандум жасасу арқылы ынтымақтастыққа жету тапсырмасы берілді", - деді баспасөз орталығында.
 
Әбілқайыр Сқақов медициналық қызметтер мен аймақ тұрғындары арасындағы тиімді коммуникацияның маңыздылығын атап өтті. Әкімнің айтуынша, штатын уақытша медицина қызметкерлерімен толықтыруға болатын 109 байланыс орталығы сынды бірыңғай call-орталық қажет.
 
"Тұрғындар бір қоңыраудан-ақ түсінікті, толыққанды және расталған ақпарат алуы тиіс", - деді аймақ басшысы.
 
Сонымен қатар, ол үйде ем алып жатқан пациенттердің жағдайын бақылауды сапалы түрде жүргізуді тапсырды. Дәрігерлер олармен видеобайланыс арқылы қатынасып, бірде-бір пациенттің медиктердің назарынан тыс қалмауын қадағалап, кеңес беруі тиіс.

 

Павлодар облысы