Президент • 23 Маусым, 2020

Президент вирус жұқтырғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді

211 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Біз Біргеміз" онлайн-форумына қатысты, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент вирус жұқтырғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді

"Әлемдегі барлық елде соның ішінде Қазақстанда коронавирус індетіне қарсы күрес жүргізілуде. Бұл әрине өте ауқымды, күрделі жұмыс. Осыған орай мемлекет тарапынан теңдессіз шаралар қабылданды. Коронавируспен күресу үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратылды. Шағын және орта бизнес өкілдеріне бірқатар жеңілдік жасалды. Елбасының бастамасымен құрылған "Біз біргеміз" қорынан да көлемді қаржы бөлініп, мұқтаж жандарға нақты көмек беріліп жатыр. Бұл жұмысты Nur Otan партиясы белсенді түрде жүзеге асыруда. Осының бәрі бірлігіміздің бекемдігін көрсетеді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев "Біз Біргеміз" онлайн-форумында.

Бұдан соң, ол коронавирустан қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

"Дегенмен бұл аса жұқпалы дерт денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, халықтың әл-ауқатына нұқсан келтіруде. Ең алдымен осы кеселден қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Сондай-ақ вирус жұқтырғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Осындай күрделі кезеңде барша жұрт жауапкершілік танытудың қаншалықты маңызды екенін түсінді деп ойлаймын", - деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша,  әр адам өзінің туыстары мен жақын адамдарының денсаулығына мұқият болуы керек. Бұл қазіргі заманның талабы.

"Індетті жеңу әр адамның өзінің қолында. Бұл ең алдымен қарапайым қағиданы ұстанудан басталады. Бетперде тағып жүру, тазалық сақтау және әлеуметтік қашықтық ұстану өте маңызды. Өйткені бұл сіздің және өзге адамдардың денсаулығы үшін аса қажет. Тағы да қайталап айтамын, "сақ жүрсең сау жүресің", "сақтықта қорлық жоқ". Сондықтан азаматтарды қорғау үшін біз барлық қажетті шараларды жедел түрде қолға алдық және осы жұмысты ары қарай жалғастыра береміз", - деді  Президент.