Сұхбат • 10 Маусым, 2020

Тағылымдамалар жайында не білеміз?

1581 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазір жастар арасында «тағылымдамадан өту», «бір жылдық үзіліс» (gap year) сияқты түсінік кеңінен тараған. Яғни мектеп бітірген түлектер бірден оқуға түсуге асықпайды, тұрақты жұмысқа орналаспас бұрын түрлі қысқа мерзімді тағылымдамадан өтуді жөн көреді. Мұны өзін өзі тануға мүмкіндік, жоспар құруға арналған уақыт деп жатады. Бүгінгі кейіпкеріміз Меруерт Дидар – түрлі шетелдік компанияларда бағын сынап көрген жас маман. Ол әңгіме барысында стартап жобалардан бастап, үлкен корпорацияларда жұмыс істеу мүмкіндігі мен жастарға арналған бағдарламалар туралы айтып берді.

Тағылымдамалар жайында не білеміз?

– Қазір еңбек нарығында жаңа тренд қалып­тасқандай. Сіз тағылымдама туралы кімнен және қашан естідіңіз?

– Тараз қаласындағы №54 орта мек­теп­ті тәмамдап, «Түркия гранттары» бағдарламасы бо­йынша Ыс­тан­бұл универ­ситетіне оқуға түстім. Түр­кияда қос маман­дықты қатар оқу мүмкіндігі бар. Мен ха­лық­аралық қатынастар мен бизнес әкімшілік маман­дықтарында оқыдым.

Университеттегі достарымнан тағы­лымдама туралы жиі еститінмін. Сабақтан тыс уақытта тағылымдама мәселесін бел­сен­ді талқылайтын. Қа­зақстанда тәжірибе оқу бағдарламасында қарас­тырылған бол­са, шетелдік университеттерде студент тағылымдамадан өтетін құрылымды өзі та­уып, өзі белгілейді. Сондықтан да бұл  студенттер үшін өзекті әрі сүйікті тақы­рып. Тағы­лымдаманың әдеттегі оқу­ тәжірибесінен айырмашылығы көп емес, бірақ форматы басқа. Оқу бағдар­ла­­ма­сынан тыс болғандықтан өтетін мер­зімі де студенттің құзырында. Бұл олар­ға қо­сым­ша жауапкершілік жүктейді десем бо­лады. Өйткені сабақ кезінде тағылым­дамадан өтетін студенттер уақытын тиімді пайдалануға тырысады, уақыт менеджментін үйренеді.

– Алғашқы тәжірибеңізбен бөліссеңіз?  

– Басында  менде тағылымдама қажет деген ой болмаған-ды, басқа студенттерден естіген соң қызыға бастадым. Алғашында Samsung сияқты алпауыт корпорациялардан  тағылымдамадан өтемін деп ойладым. 3-курста оқып жүргенімде Оңтүстік Кореядағы Қазақстан елшілігіне хат жазып, тағылымдама туралы ұсыныс білдірдім. Қазақстан елшілігі ондай хабарландыру жарияламаса да, өзім жаздым. Бұл жерде студенттің белсенді болғаны дұрыс. Яғни келер мүмкіндікті күтіп отырмай, өзі ізденгені әлдеқайда пайдалы әрі жемісті. 

Мен тағылымдамадан өтуге ықылас біл­дір­ген елшіліктегі алғашқы студент болдым. Тағылымдама барысында шетел­дегі мемлекеттік құрылымдардың, дипло­маттардың жұмысымен жақынырақ  танысуға мүмкіндік алдым. Онда Қазақстанға инвестиция тарту бойынша жұмысқа араластым. Корейлік инвесторларға ұсыныстар, жобалар дайындадық.  Онымен қоса, білікті мамандармен танысып, дос­тар таптым.

Ал 4-курстан кейін Turkish Airlines әуе компаниясында тағылымдамадан өтуге қа­былдандым. Бұл алпауыт компания болғандықтан, студенттерге тәжірибеден өту мүмкіндігін қарастырған. Алғашқы тағылымдамам мемлекеттік қызметпен байланысты болса, екіншісі бизнес, маркетинг саласында болды. Екеуі екі түрлі бағытта жұ­мыс істейтін, мақсаты да, міндеті де бас­қа ұйымдар. Бұл маған өзімді тануға, қай салада икемді екенімді түсінуге жол ашты. Түр­киялық корпорацияның маркетинг бөлі­мінде жұмыс істедім. Құрылымның 10 шақты ғимараты бар, өте үлкен. Орысша білгендіктен мен ресейлік нарықты зерттеуге атсалыстым.

– Тағылымдама мүмкіндігін ұсынатын құры­лымдарды қалай табуға болады?

– Негізінен, бұл да оңай емес. Арнайы тегін сайттарға кіріп, әрбір жұмыс берушіге жеке хат жазасыз. Алайда тыңғылықты із­деніс міндетті түрде өз нәтижесін береді. Мен соңғы жұмысымды тапқанша 20-30 ком­панияға хат жаздым. Олардың бе­сеуі­нен қабылданғаным туралы жауап кел­ді. Олардың ішінде өзіме ыңғайлысын, ұнай­тынын таңдадым. Неғұрлым көп хат жаз­саңыз, ұсыныстың да саны соғұрлым көп болуы мүмкін. Сәйкесінше, таңдау құқығы да болады.

Жалпы, көп университет Erasmus атты ха­лық­аралық бағдарламамен серіктес. Аталған бағ­дарлама студенттерге шетелдік университеттерде оқуға, түлектерге оқуын аяқтағаннан кейін 1 жыл тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді. Яғни жас маман тағылымдама арқылы үлкен компаниялар­да өзін көрсетіп әрі қарай жұмысқа қала алады. Бағ­дарлама шәкіртақы жайын да қарастырған. Компания жұмыс ақысын төлесе де, 2-3 ай бойы 600 еуро көлемінде шәкіртақы аласыз. Тағы бір ескеретін жайт, жұмыс берушіні үміткердің өзі табады.

– Еуропалық компанияда тағылым­дамадан өтке­ніңізден хабардармыз. Ол жақта қандай қыз­мет атқардыңыз?

– Университетті аяқтап, дипломымды қо­лыма алған соң еуропалық компанияларда бағымды сынап көрмек болдым. Ал Еуропа елдерінде өз мамандығың бойынша бірден жұмыс табу қиын. Сондықтан төте жолын іздедім. Түрлі компанияға хат жазып, ұсыныстар арасынан IT мен айналысатын нидерландық стартап компаниясына тоқталдым. Ол жерде де нарықты талдаумен айналыстым.

Компания маған ай сайын 800 еуро жалақы төледі. Жұмысқа қатынайтын вело­си­пед сатып алып берді. Нидерландқа келе­тін құжаттардың барлығы, виза шы­ғы­нын көтерді. Алғашқы күндері кеш­кі ас ұйымдастыратын. Одан басқа түр­лі әлеуметтік жобалар өткізетін. Тағылымдамалар жоғарыда айтылған бағдар­лама шәкіртақысынан бөлек 400-800 еуро көлемінде айлық төлейді.

– Тағылымдамалардан нені үйрен­діңіз? Бірден жұмысқа кірмей, тәжірибе жи­наудың  қандай пайдасы бар?

– Қазіргі заманда тағылымдама жақсы шешім. Бұл кезең жас маманның өзінің қабілетін  тануға, ойын қалыптастыруға мүм­кіндік береді. Бізде оқу орнын бітірген адам бірден жұмысқа тұру керек де­ген ой қалыптасқан. Ал қазіргі еңбек нарығында ке­рісінше эксперименттер жақсы нәтижеге бастау бола­ды. Қайта мұндай мүмкіндік барда балама мүм­кіндіктерді пайдаланған дұ­рыс. Бағдарлама шең­берінде виза, жұмыс істеуге рұқсат алу оңай. Әртүрлі елдердегі жұмыс өтілі сіздің біліміңізді терең­детіп, танымыңызды кеңейте түседі. Бір мәсе­леге түрлі приз­мадан қарауды үйренесіз.

Әлбетте, жұмысты жиі ауыстыру – тұ­рақ­сыз­дықтың белгісі. Дегенмен, оқу бітір­ген жас маман бұған «қай салада жұмыс істе­гім келеді?» деген сұрақтың жауабын табатын кезең деп қарағаны жөн. Мемлекеттік сект­орды, халықаралық компанияларды, қо­ғамдық қорларды да қарастыру керек. Мен халықаралық компанияларда жақсы жұмыс істей алатынымды, корпоративті атмосферада пайдам көбірек  тиетінін түсіндім. 

Жұмыс беруші ретінде ойлайтын бол­сақ, ал­дыңызға бірнеше адам келгенде еуропалық жұмыс тә­жірибесі бар үміткердің қызықтырары сөзсіз. Ол жаңа идеялармен, мүлдем қолданылмаған әдістермен келуі мүмкін. Бұрын-соңды жұмыс істемесем де, тағы­лымдамалардың арқасында жақсы тәжі­рибе жинақтадым. Жақында Қазақстандағы ірі шетелдік компанияға жұмысқа орналастым.

Басқа елдегі бизнес жүргізу дәстүрін үй­рендім. Одан бөлек корпоративтік мәдениетті түсіндім. Әр елдің салты басқа болған соң,  шетелдегі қызмет­керлердің өзара қатынасы да бізден басқа болатыны анық. Нидерландық компаниялардың көбінде иерархия жоқ. Басшылық қызметкермен бір деңгейде қарым-қатынас түзейді.

Жұмысқа теориядан бөлек адамдармен қа­рым-қатынас құру, бірігіп жұмыс істеу сияқты ма­шық­тардың да қажет екеніне көзім жетті. Мұны уни­верситеттегі теориялық сабақтарда үйрете бермейді. Адамдардың алдында сөйлеудің де қажеттілігін түсі­ніп, біліктілігімді арттыра түстім.

– Тағылымдамадан өтемін деушілерге қойы­латын басты талап қандай?

– Үміткерге қойылатын ең басты талап – тіл.
Ше­тел­де жұмыс істеу үшін де, оқу үшін де қажеті – тіл білу. Әр компанияның өз талабы болады ғой. Бірақ өз мамандығыңызға қатысты ұсыныстарды тауып, тіл білетініңізді, жұмысқа ынтаңызды көрсетсеңіз жетеді.  Мен соңғы компанияға бірнеше тіл білетінімді айтып, оларға нарыққа талдау жасай алатынымды көрсеттім. Яғни мен бір өзім Қазақстан, Ресей, Түркия нарығын зерттей алатын маман екенімді дәлелдедім. Сәйкесінше, үш елдің нарығы туралы ақпарат бердім.

– Нидерланд халқынан не үйрендіңіз?

– Нидерландықтар қоршаған ортаға зиян келтірмеу керек деген принциппен өмір сүреді. Мен де экология туралы тереңірек ойлана бастадым, көзқарасым өзгерді. Мәселен, қоқыс сұрыптауды әдетке айналдырдым, велосипедпен жүруге көштім. Кәсібиліктен бөлек, адами қасиеттерім де жақсы жағына өзгерді деп сенемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

 Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»