Аймақтар • 06 Маусым, 2020

Павлодар облысында 29 спорт нысаны салынады

181 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық Спорт және туризм басқармасының мәліметінше, өңірде  «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша спорт нысанын салуға және басқа  нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеуге 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Павлодар облысында 29 спорт нысаны салынады

Суретті түсірген: Валерий Бугаев

Бағдарлама аясында аудан  орталығы  Тереңкөл ауылында жабық хоккей корты, Ақсу қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Өңір басшылығы облыс орталығындағы  барлық жұмыс түрлерінің сапасын бақылау үшін 5 нысанды аралап көрді.

Барлық жобаларды уақытында аяқтап, олардың сапалы орындалуы үшін әрбір нысанда бейнебақылау орнатылады. Яғни, бұл құрылыс салудағы мердігерлер жұмысының барысын, құрылысшыларға еңбек қауіпсіздігін сақтауға   жағдай жасау үшін  өте қажет.

Мысалы, қазір  мердігер облыс  орталығындағы «Астана» мұз сарайының ғимаратының шатырын күрделі жөндеуі және кабель желілерін ауыстыруды бастады. Жұмыстарды 2020 жылғы қыркүйекте аяқтауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «Шахмат үйі» мен Орталық стадион ғимараттарында  күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан  мердігерлердің жұмысы қатаң бақылауда.

Ал облыс әкімінің  орынбасары  Сәкен Шаяхметов  №2 Олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған мектепте «Tabys Power Construction» ЖШС және «Альтаир Холдинг» ЖШС мердігерлерімен кездесті. Құрылысшылар тамыз айында шатырды ағымдағы жөндеу, сонымен қатар қасбеті мен тақтайлы еденді күрделі жөндеу жұмыстары аяқталатынын айтты.

Сонымен бірге, «Батыр» балалар мен жасөспірімдер дзюдо мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаға барлығы 180 миллион теңге бөлінген.  

 

ПАВЛОДАР