07 Сәуір, 2010

ҚҰШАҒЫ КЕҢ ДҮНИЕ

811 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Қадірменді редакция! Көптен көкейде жүрген мәселе ­– “Түрікстан жинағы” аталатын кітап шығару болатын. Кауфман “Түркістан жинағын” шығарғанда, мен неге “Түрікстан жинағын” шығара алмаймын деп ойлап жүруші едім. Ойға алған жинақтың бірінші кітабын жарыққа шығардым. 40 баспа табақтай. Қамтығаны – түркі дүниесі. Өзбек те, қырғыз да, шор да, түркие де бар ішінде! “Арыстар мен Ағыстар” атап, бір жанрға бір-бір сын кітабын арнап, тақырыптық тұтас туынды жасап та көрдім ғой. Ал мынау Мәшекеңнің “Месі” секілді. Тапқанымды ішіне тастай бердім. Тарих, этнография, музей, бейнелеу өнері, кітапқұмар жазбалары... бәрі бар. Бірақ, арзандамауға тырыстым. Бұрын кітап болып басылмаған, жазылып жарияланған, тіпті жарияланбаған бірсыпыра материалдарымды іріктеп, сұрыптап енгіздім. Үлкен дүниеге ұмтылыс жақсы, мазмұннан да ұялмаспын деп ойлаймын. Аталған кітапқа түрік дүниесінің ынтымақ-бірлігін Алладан ақ тілеп жүрген Түркия азаматы Намық Кемал Зейбек алғысөз жазған еді. Газет бетінде көрінсе теріс болмас еді. Реті келіп жатса. Кітап “Егемен Қазақстанда” жарияланған “Түркістан және Елбасы” толғанысымен ашылады. Енді “Түрікстан жинағының” екінші кітабын дайындауға кірісіп кеттім.

Құрметпен, Құлбек ЕРГӨБЕК.

Менің түркістандық болғаныма да бірнеше жылдың жүзі. Ататүрік аманат еткен бір сөз бар. Ол – “Россия империясына қарайтын біздің көп бауырларымыз бар. Ерте ме, кеш пе, СССР импе­рия­сы тарайды. Коммунистік ре­жим күйрейді. Дүние бір орында тұра бермейді. Сол кезде біздің бауыр­ларымыз бостандыққа шыға­ды, өздерінің тәуелсіздігін алады. Біз сол кезде бауырларымызға жәр­дем беруге дайын болуымыз керек!” деген сөз. Ресейдегі түркі ұлт-ұлыс­тары тәуелсіздік ала бастаған сәттен біз оларға бауырмал жүре­гімізді аштық. Не жәрдем керек – көмек көрсетуге даяр жүрдік. Өйт­кені, империялық жүйеден тәуел­сіздікке шыққан ел түн-түнектен жарыққа, жарыққа болғанда да шақырайған күнге шыққанда көзі қарығатын адам сияқты күй кешеді. Тіпті оң-солын да бірден таны­мауы, тура жолды таңдауы – бәрі де қиынға түсуі мүмкін еді. Біз қолымыздан келгенінше жәрдем де бердік. Түркие Республикасында атқарған қызметіме қарай түркі дүниесін көп араладым. Содан да көп кісімен аға-іні, дос-бауыр болдым. Түркістан атауы біз үшін ерек-ше қастерлі. 1992 жылдан бастап Түркістанда Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік универси-теті жүмыс істей бастады. Мен осы жоғары оқу орнының Өкілетті кеңесі­нің төрағасы болып біраз жыл істедім. Қызметті бірге істеген соң қазақ ағайындарды тіпті жақын­нан білдім. Дос-жараным бұрынғы­дан да көп болды. Сол сеніскен азаматтың бірі – Құлбек Ергөбек. Түркістанда да, Түркиеде де Құлбекпен бірсыпыра кездестік. Кездескенде бірге тамашаларымыз – музейлер болады. Мәдениет ми-нистрі болған менің жаныма музей ісі жақын. Музей – мемлекет­тің мәдени өрісі. Құлбек те бұрын музей қызметкері болыпты. Мәс­кеуде музейдің оқуын оқыпты. Му­зейлерді тамашалай жүріп экспо­зиция ізімен күллі түркі халық­тарына ортақ – “Түрік қағанаты­на” дейін қиялдап бірге барып қай­тамыз. Бұдан бірнеше жыл бұрын түркие түркологтары “Ор­хон” тас жазуларының үлкен альбомын шығарған еді. Менің жақсы таныс, сыйласым, үлкен түрколог һәм қайраткер Мырзатай Жолдасбеков “Орхон ескерткіште­рінің атласын” жарыққа шығарып­ты. Бұл – үлкен жетістік. Бұл Қазақстанда түрколо­гия ғылымының даму үстінде екенін көрсетеді. Түркологияның отаны – Түркістан болуы керек деп есептеймін. Түркістанда түрколо­гиялық жиын­дар болып тұрады. Түркологиялық конгресс өткі­зіліп жүр. Халықаралық “Түр­ко­логия” журналы жүйелі жарық көріп келеді. Оларға бұрын Шәкір достым мұрындық болушы еді. Енді Құлбек ұйымдастырып жүр. Мен соларға қатысқан сайын Түркістан жайында тәтті ойларға берілемін. Құлбек Түркістанда қазақ түр­кологы “Бейсембай Кенжебай-ұлының түркологиялық музейін” жасады. Арнайы барып көрдім, бақыладым. Күллі дүние түрколог-тарының тарихын жинақтапты. Тамаша музей болады деп ойлай-мын. Қызықтым. Қызықтым да, жалма-жан өзімде сақтаулы экс­понаттарды музейге сыйладым. “Бізде – Түркияда мұндай түрко-логиялық музей жоқ” – деймін қуанып. “Мұндай түркологиялық музей Қазақстанда да, өзге түрік елдерінде де жоқ, – дейді Құлбек. – Тек Түркістанда бар!” Онысы дұрыс. Түркологиялық музей Түркістанға жарасады. Құлбек соңғы кезде “Түркі халықтары кітапханасын” ашамын деп жүр. Кітапхананы өзінің өмір бойы жинаған кітап қорымен ашпақшы. Тамаша ой. Үйіне барып кітапханасын көрдім. 1873 жылы Санкт-Петербургте басылған “Түркі­стан хайуанаттары” аталатын алтын жазулы, көнмен қапталған кітабы бар екен. Тап осындай “Шайбани-нама” көзіме оттай басылды. “Гра­нат”, “Брокгауз-Эфрон” энциклопе­дияларын көріп, таң-тамаша қалдым. Өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, алтай, ноғай, хакас... дегендей түрлі түркі халық­тары тіліндегі кітаптары бар екен. Қ.А.Ясауи атындағы ұлысаралық қазақ-түрік универси­тетінде 29 түркілік ұлт, ұлыстардың балалары білім алуда. Егер “Түркі халықтары кітапханасы” ашыла қалса – солар келіп оқиды. Құлбек­ке ағалық алғысымды айттым. Өз кітапханамнан түркологияға қатысты кітап­тар­дан бермек болып уәде еттім. Мұндай кітапхана “Түркі ұлт, ұлыстарының” ешқайсысында жоқ, тек Түркістанда бар!” – дейді Құлбек. Шынында қызықты іс. Өзі­нің үш қабатты үйін ұсынып, өзінің 16 мың кітап қоры бар кітапханасын беріп, осындай күллі түркіге ортақ іс істеу – Құлбек Ергөбектің үлкен адамгершілігі, әрі үлкен ерлігі деп білемін. Түркі мемлекеттерінің ішіндегі ең жаңа­шыл Президент Н.Ә.Назарбаев “Түркістан – түркі халықтарының ортақ рухани астана­сына айнала­ды” деген. Түркістанда жасалып отырған түркологиялық істердің бәрі Н.Ә.Назарбаевтың айтқан осы ойын жүзеге асыру жолында жасалып жатқан игілікті істер деп ойладым. Қолымыздан келгенінше Құлбек Ергөбектің бұл мәдени істеріне халықаралық қорлар арқылы көмек беруіміз керек. Міне, бүгіндері Түркістан-дамын. Мен Түркістанға келген сайын Құлбек достым, інім бір жаңалық ойлап тауып қояды. Сәлем бере келіп, әңгіме үстінде өзінің “Түрік­стан жинағы” аталатын кітап шығар­ғысы келетінін айтты. “Түркістан жинағы” деген кітапты құлағым шалғаны бар еді. “Сондай жинақ па?” – деп сұрадым. “Жоқ. Бұл басқа. Ол “Түркістан жинағы”. Орыс генерал-губернаторы шығарған. Ал менің шығаратыным “Түрікстан жинағы”. Жинақ – менің түркі халықтары әдебиеті, өнері, тарихы, этнография­сы жайында өзімнің жазған мақала, зерттеулерімнен тұрады” – дейді. “Сонда ол “Түркістан” емес пе? – деймін. Ол: “Түркістан” емес, “Түрікстан” – дейді. Мен түсіндім. Құлбек “Түркістаннан” бір кездегі айдынды “Түрікстанға” сапар шекпек. Құшағы кең дүние екен! Күллі түркі дүниесінің рухания­тын құшағына сыйғыза сөйлеуге біздің досымыздың дайындығы жетеді, білімі көтереді. Жолы ақ, кедергісі жоқ болсын! Намық Кемал ЗЕЙБЕК, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік пен татулық сыйлығының лауреаты. РЕДАКЦИЯДАН: Киелі қала – Түркістаннан тағы бір игілікті іс бастау алған екен. Сол жаңа кітапқа қолдау ретінде автордың тілек сөзін де, бүкіл түркі дүниесіне аты қадірлі азамат Намық Кемал Зейбектің алғысөзін де қатар жариялай отырып, мына бір жайға оқырман назарын аударғымыз келеді. Ол – кітап атауындағы – “Түрікстан” сөзі. Әрине, біз бәріміз де ежелгі көк түріктердің бүгінгі ұрпақтары екендігіміз талассыз. Сұлтанмахмұттың “Арғы атам – көк түрік” деген өлеңі де белгілі. Әйтсе де, уақыт өте келе тарихи даму жолына байланысты бір кездегі тұтастықтың заңды түрде әртүрлі өзгерістерге түскенін, түбі бір халықтардың өз алдына отау тігіп, әуелі оғыздар, қыпшақтар болып бөлінгенін, одан әрі қазақ, өзбек, түрік, әзірбайжан сияқты тармақталғанын, сондай күрделі үдерістер нәтижесінде “түрік” атауы бүгінде Түрік Республикасын мекен ететін ағайындарымызға тиесілі болып қалыптасқанын, ал түбі бір, тілі бір, діні бір барша туыстарға “түркі” сөзі ортақ атау ретінде орныққанын да ескермеуге болмайды. Қара шаңырақтағы қаланың аты да баяғыдан “Түркістан” делінетіні сондықтан. Демек, Құлбек Ергөбек кітабының атауындағы “Тү­рікстан” сөзін автордың ағайынды халықтардың басын біріктіре түсу жөніндегі игі ниетінің көрінісі деп санаған, ал тарихи өңір атын да, қасиетті қала атын да “Түркіс­тан” күйінде айта, жаза берген жөн болады.