07 Сәуір, 2010

СТУДЕНТТЕР ТАБЫСПЕН ОРАЛДЫ

566 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Наурыз айының 23-29 аралы­ғында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының бір топ студенттері мен ұстаздары Түр­кия елінің Ескішеһир қаласында өткен V балалар мен жастар театр­лары және Анкара қаласында бол­ған ІV халық­ара­лық театр фести­валь­деріне қаты­сып қайтты. Атал­мыш оқу орыны­ның театр өнері факультетінің 4 курс студенттері бұл өнер сайысында қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов­тің “Айман-Шолпан” пьесасы негізінде сахналанған қойылымды көрсетіпті. Он жеті студентті бастап бұл сапараға академия оқытушылары Д.Тұранқұлова, Л.Алтыбаева, Т.Көбеков барыпты. Өнердегі өрелі табыспен, мол қуанышпен оралған академия сту­денттерінің Түркиядан алған әсер­лері жетерлік. Бауырлас елдің төрін­де шалқыта күй шертіп, төгілте ән айтып, мың бұралтып би билеген. Фестивальге қатысқан Болгария, Франция, Голландия, Румыния, Ресей, Татарстан сынды мемлекет­термен иық тірестіре өнер көрсетіпті. Түркия елінде өткен осы театр фестиваліне академия студенттері “Түрксой” халықаралық ұйымының президенті Дүйсен Қасейіновтің колдауымен қатысып, үлкен табысқа қол жеткізіпті. Талантты жастардың ұстазы, профессор Д.Тұранқұлова: “Бұл сапарда біз өнер көрсетумен қатар, Түркия елінің мәдениетімен, руханиятымен,тыныс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен таныстық. Біз өнер көрсетер тұста алты жүз орындық театр залында ине шаншар орын болмады. Кіре алма­ған көрермендер сыртқа қойылған экраннан тамашалады”, – дейді. Өнер әлеміне қанат қаққан озық ойлы шәкірттер сапардан алған әсерлерін жарыса баяндайды. Ека­теринбург қаласында өткен ғылыми конференцияның жеңім­пазы, талантты жас Мақсат Сәбитов: “Түрік жерінен алған тағылым алдағы уақыт­та біздің шығармашылығымызға зор шабыт сыйлайды деп сенеміз. Түрік жастарының өз ана тілдеріне, салт-дәстүрлеріне деген құрметтері орасан екен. Мысалы, ұмыт болған тоғызқұмалақ ойынына арналған ғимаратты үш түрік азаматы өз қаражаттарына салып, ұлттық құндылықты жаңғыртыпты. Осы орайда, орта ғасырларды Қазақ­станда “Ербу” атты суға сурет салу өнері болғандығын сол жақтан естіп келдік. Енді неге бізге “Ербу-емірену”деген өнерімізді қайта жаңғыртпасқа!? Үш түрік жігітінің қолынан келген іс біздің қазақтың қолынан неге келмесін?” – дейді. Анкараның алаңында Мәриям Жагорқызының “Дударай” әнін шырқап, барша әлеуметті аузына қаратқан Сырымбет Бибосынов: “Халық әнді ұйып тыңдады. Аллаға шүкір, әннен кейінгі халықтың қошеметін көрсеңіз. Бұл курс жетекшісі, айтулы өнер қайраткері, профессор М.Байсеркеновтің еңбек жемісі дер едім. Бір сөзбен айтқанда, сапардан алған әсеріміз өте керемет!” – деп, сөзін қысқа қайырды. Жастар осы сапардың жүзеге асуына бірден-бір септігін тигізген академия ректоры А.Мұхамедиұлына және оның ұсынысын қолдаған Түрксой халықаралық ұйымының президенті Д.Қасейіновке шексіз ризашылықтарын білдіреді. Сәтті сапарлар таусылмай, тәтті сырлар үзілмесін! Сүлеймен МӘМЕТ.