03 Сәуір, 2010

АРДАГЕРЛЕР ӘРКЕЗ ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ

743 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Сенатында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына орай республикалық Ардагерлер кеңесінің мүшелері, астаналық соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесу болды. Мерейтойға байланысты бі­рін­ші рет өткізіліп отырған бұл шараны Сенат Төрағасы Қасым-Жо­март Тоқаев ашып, сөз сөй­ле­ді. Өзінің сөзін жиналған ар­да­гер­лерді Жеңіс мерекесімен құт­тық­таудан бастаған Төраға одан әрі бұл мереке – Отан қорғау­дың өшпес өнегесі мен ерліктің ерен үлгісін еске түсіретін адам­зат тарихындағы ең айтулы күн­дер­дің бірі. Біз ар мен намысты ту еткен батырлардың рухы ал­дын­да тағзым етеміз. Қан май­дан­да от кешкендерге алғысы­мыз­ды білдіре отырып, басы­мыз­ды иеміз. Сіздер ел басына күн туғанда жауынгерлік ерлік пен елдіктің өнегесін көрсеттіңіздер, адам төзгісіз қиыншылықтарды жеңе отырып, елдің тірегіне ай­нал­дыңыздар. Жеңімпаз ұрпақ­тың даңқты ерлігі жасымас жі­гер­дің, ұлы рухтың, Отанымыздың ер­кіндігі мен тәуелсіздігі жо­лын­дағы біздің халқымыздың рухани бірлігінің үлгісі болып қала береді. Ал бүгінгі ұрпақтың па­ры­зы – осы Ұлы Жеңістің маңызы мен мәнін қас­терлей білу, батыр­лардың биік тұлғаларын уақыт өткен сайын асқақтатып, есімдерін жүректе сақтау. Оларға деген құр­мет тарихқа, ата-баба рухына деген құрмет, деді. Сонымен қатар ол 1 млн. 700 мың отандастарымыз адам­зат тарихында теңдесі болма­ған соғыстың барлық майдан­да­ры­на да қатысып, ерліктің ерен үлгі­лерін көрсеткенін айтты. Бес жүзге жуық қазақстандық Кеңес Ода­ғы­ның Батыры атағын алды, жүз мың­даған әкелеріміз бен ата­ла­ры­мыз орден-медалдармен наград­тал­ды. Солардың арасында өзінің қолбасшылық дарыны мен ға­жай­ып ерлігінің арқасында Бауыржан Момышұлының, панфиловшы-батырлардың, пулеметші Мәншүк Мәметованың, мергендер Әлия Молдағұлова мен Ыбырайым Сү­лейменовтің, ұшқыштар Талғат Би­гелдинов пен Сергей Луган­ский­лердің және басқалардың есім­дері біздің еліміздің атағын аспанға шығарды дей келіп, 1418 күнге созылған соғыс күн сайын 20 мыңға жуық адамның өмірін қиып отырғанын еске салды. Сон­дықтан да Екінші дүние­жүзілік со­ғыстың тарихи маңызын төмен­де­тіп, оның қорытынды­ларын қайта қарау қажет деп жүрген кейбір саясаткерлер мен ғалымдарға өзі­міз­дің қарсы пікірімізді білдіруіміз керек. Меніңше фашизмді жер бетінен құртқан Ұлы Жеңістің мәні мен маңызын еш төмендетуге бол­майды, деді ол. Одан әрі Қасым-Жомарт Ке­мел­ұлы Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың тапсырмасымен ұлы ме­ре­кеге орай көптеген іс-шара­лар­дың атқарылып жатқанын ауызға алды. Президент өзінің жыл сайын­ғы Жолдауында бұл іске арнайы көңіл бөліп, ардагерлердің тұрмыс-жағдайын жақсарту үшін нақты  тапсырмалар беріп отыра­ды, деді. Сөзінің соңында арда­гер­лерді тағы да құттықтап, оларға ден­саулық пен ұрпақ қызығына кенеліп, ұзақ өмір тілейтінін жеткізді. Жиынға ардагерлермен қатар “Нұр Отан” ХДП хатшысы С.Гро­мов, Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрі Г.Әбді­халықова, Қорғаныс министрінің орынбасары Б.Сүлейменов және бір топ сенаторлар қатысты. Төр­аға сөзінен кейін кездесуді оның ұйытқысы болған Сенаттың Әлеу­меттік-мәдени даму ко­ми­теті­нің төрағасы Ахан Бижанов жүргізіп отырды. Алғашқы құт­тықтау сөзді ол “Нұр Отан” ХДП хатшысы С.Громовқа берді. Ол партияның атынан ардагерлерді құттықтап, өз тараптарынан бо­латын ұлықтау шараларына шолу жасап өтті. Біздің қатарымызда бүгінгі күні 50 мыңнан артық 60 жастан асқан адамдар бар, біз олардың ақыл­да­ры мен тәжірибелерін жоғары ба­ға­лап, қолданып отырамыз, деді ол. Одан кейін сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіхалықова Үкімет тарапынан ардагерлерге жасалатын құрметтерді санамалап беріп, сосын өз тарапынан министрлік қызметкерлерінің бір күнгі ең­бек­ақысын олардың қорына аудара­ты­нын жеткізді. Қорғаныс ми­нистр­лігі саласындағы арда­гер­лердің қалай құрметтеліп, Жеңіс күні мерекесінің қойылымы қалай болатындығы жөнінде Қорғаныс министрінің орынбасары Болат Сембинов баяндады. Өз кезегінде сөз алған соғыс ардагерлері Қама­тай Тоқабаев пен Леонид Кар­тау­зов көрсетіліп жатқан құрметке ал­ғыстарын жеткізді. Ал респуб­ли­ка­лық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов кейбір проблемаларды да атап өтіп, олардың қалай шешіліп жатқанына тоқталды. Соның ішін­де ардагерлер үшін облыс орталықтарында арнаулы үй­лердің ашылатынын қуанышпен жеткізді. Жақсыбай САМРАТ.