03 Сәуір, 2010

КЕЛЕЛІ ІСКЕ – КЕМЕЛ КӨЗҚАРАС

718 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Астанада Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Кедендік одақ жұмысына байланысты мәселелерге Қазақстанның қатысуына арналған дөңгелек үстел болып өтті. Оған Ресей Федерациясы Өнеркәсіп және сауда министрі В.Христенко, сонымен қатар Қазақстан-Ресей бизнес қауымдастық өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел форматы маңызды тақырыптарды шешу мен талқылауға арналған кеңес түрінде өтті. Алдымен сөз алған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев биылғы жылдың экономикадағы басты оқиғасы кедендік бірлестіктің құрылуы деп атап өтті. Біз Ке­ден­дік одақты құру бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыс­та­рын жүргізіп келеміз. Дегенмен бірлестікті түсіндіруде, құру барысында ақпарат тапшылығы сезіледі. Осыған байланысты біз мемлекеттік органдар мен  биз­нес құрылымдарының бірлескен кеңестерін жиі өткізу қажет деп санаймыз, деді Ө. Шөкеев. Ал Ресейдің Өнеркәсіп және сауда министрі В.Христенко Қазақстан мен Ресейдің Үкімет басшылары екіжақты сұхбат жүргізуді белсендіруге арналған шешім қабылдануын маңызды әрі дұрыс шешім деп қабыл­дай­тындықтарын жеткізді. Кедендік одақтың құрылуы мен одан әрі Біртұтас экономи­калық кеңістікке өту екі мәсе­лені шешуі тиіс деп атап өткен В.Хрис­тенко оларға тоқталып өтті. Біріншіден, бірлестікке мүше елдер аумағында бизнеске деген кедергілерді жоюға, сон­дай-ақ шектеулерді алып тастау мәселесі болса, екіншісі –  КО елдері кәсіпорындарын өзге ры­ноктарда бәсекелестікке қа­білетті бола алатын деңгейге жеткізу. Венера ТҮГЕЛБАЙ.