03 Сәуір, 2010

ШЫҒЫСТАҒЫ ШЫРҒАЛАҢНАН ШЫҒА АЛАМЫЗ БА?

571 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Шығыс Қазақстан об­лысында қазір өте күрделі жағдай орын алуда. Ауыл­дардың ауданмен, облыс орталығымен байланысы үзіліп қалып отыр. Шығыс Қазақстандағы басты проб­леманың бірі – жол жоқ. Төтенше жағдайлар ми­нистрі Владимир Божко Тар­бағатай ауданына ар­найы техни­ка­мен екі күн жүріп барды. Ал ми­нистр әрең жет­кен жердегі ауыл­дардың тұрғын­дары сыртқы дүние­ден хабар-ошарсыз қалғаны анық. Бұл жерде неге апат аймағына бір-ақ министр барып отыр? Өзге ми­нис­трліктер де өздерінің атқаратын саласы бойынша бірден қолдау көрсетуі керек еді ғой. Баяғыда жаугершілік заманында шығыстан жау шапқанда, сонау батыстан, оңтүстіктен, орталық пен солтүстік­тен батырлар бастаған қол бірден жетіп, ел қорғаған еді ғой! Ал қазір ұшақтар ұшып жатқан ХХІ ғасырда “Мерседес” мінген министрлеріміз табиғат апатына ұшыраған ауыл­дарға неге бара алмай отыр?! Ал Елбасының тапсырмасымен барып, жағдаймен танысқан, тиісті міндет­тер жүктелген бірінші вице-пре­мьер Ө.Шөкеев туралы әңгіме бөлек. Қорғаныс министрлігінің қаншама тікұшақтары бар? Тау-тасқа қарамай, өзен-көлді де кешіп өте беретін әскери озық үлгідегі техникалары да аз емес. Тасқын суға қамалып отырған ауылдарға арнайы техникалар барып, халыққа уақытша қызмет көрсетсе, қандай ғанибет болар еді. Сол секілді Көлік министрлігі өзге өңірлердегі жол құрылысын салатын мықты техникаларын жедел аттандырып, жарамсыз болған автокөлік жолдарын қалпына келтіргені жөн болары даусыз. Келесі мәселе – Қызылағаш ауылында болған апат. Ауылды қалпына келтіру үшін тұрғын үй салуға қаражат бөлінді. Тұрғын­дарға киім-кешек жеткізіліп жатыр. Тұрғындар Төтенше жағдайлар министрі В. Божкодан: “Әрі қарай күнімізді қалай көреміз?” – деп сұрайды. Өйткені, малдары түгел қырылып қалды. Ауласындағы техникасынан да айырылды. Әкеден балаға мұра болып келе жатқан дүние-мүліктерін де тасқын су шайып әкетті. Мемлекетіміз үй салып бе­реді. Ал тұр­ғын­дар әрі қа­рай қа­лай өмір сүр­мек?! Олар­дың бар күн­көрісі мал ша­руашы­лығы болды. Осы орайда Ауыл шаруа­шылығы ми­нис­трлігі, “Қаз­Агро” хол­дингі және бас­қа даму инс­ти­туттарына мем­­лекет бюд­жетінен мил­лиардтаған қаржы аударылып келеді. Ауыл шаруашы­лығы министрлігінің өкілдері және аталған компанияның мамандары Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарына арнайы барып, мәселенің мән-жайымен тереңірек танысып, тұрғындарға қанша кө­лемде мал қажет екенін анықтаса, игілікті іс болар еді. Сондай-ақ апатты жағдайға тап болған аталған өңірлердегі ауылдардың тұрғын­дарына лизинг бойынша әр түрлі мал түрлерін бес, он жыл мерзімге берген тығырықтан шығудың бір жолы екені анық. Айталық, “ҚазАгро” АҚ, “Да­му” АҚ қаражат бөліп, Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы мал бағып отырған шаруашылықтардан жылқы, ірі қара және қой, қаз бен үйрек алса, оны зардап шеккен өңірлердегі тұрғындарға лизинг бойынша беруге болар еді. Есіктің алдында мал пайда болса, ауылдың тұрғындары ештеңеге алаңдамайды, болашақтарына деген сенімдері мығым болады. Үкіметке де наразылық білдірмейді. Ол ауылдарға зауыт, фабрика сала алмаймыз. Басқаша жұмыс орындарымен қамту мүмкін емес. Олардың жұмыс орны – өздерінің төрт түлік малы! Малы болса, жұмыспен қамтылған болып есептеледі. Әйтпесе, Қызылағашта салып берген үйді күзетіп отыра ма? Оларға жыл сайын қаржы берілмей­ді, киім-кешек те жылда жеткізіл­мейді. Осыдан кейін ауыл­дардың проблемаларын ұмытып кететін жаман әдетіміз және бар емес пе?! Биыл көктемге әзірлеп отырған тұқымдарынан да айырылды. Ұзақ мерзімге лизинг арқылы дәнді-дақыл тұқымдарын, тыңайтқыш­тарды, техникаларды алып беруге мемлекетімізде мүмкіндік бар ғой. Өз азаматтарымызды осындайда демемесек, қашан қолдаймыз?! Тек қана халықтан жинаған қаржы мен киім-кешекті берумен шектелсек, елдігіміз қайсы?! Апаттың зардабын қалпына келтіру оңай емес. Тек үй салып берумен барлық мәселе шешіл­мейді. Тарбағатай, Абай, Күршім, Үржар аудандарындағы жағдай да оңай емес. Қатал қыстың суығында шығыс өңірде 50 мыңдай мал қырылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің орынбасары, “Қаз­Агро” компаниясының өкілі ар­найы барып, күрмеуі қиындап тұр­ған осы мәселенің шешу жолдарын табуы керек деп ойлаймын. Мәселен, әр отбасына кем дегенде екі-үш сиыр, екі-үш бие, он шақты қойды ұзақ мерзімді лизингке берсе, 5-10 жылдан соң қайтары­луы тиіс болса, жыл сайынғы төлдері арқылы өзінің қорасын малға толтырып алар еді. Ауылдағы әр адам биенің қымызын ішіп, сиырдың сүтін, айранын, ірімшігін пайдаланып отыр. Мал барда адам аш болмайды, өйткені, күнде Үкіметке қарап, “жәрдемақы бер” деп қолын созып отыра алмайды ғой. Биыл ең болмаса картоп ексе, күздігүні отбасын азықпен қамта­ма­сыз етеді. Қойлары қоздаса, қыста еттері болады. Демек, апатқа ұшыраған ауыл тұрғындарын малмен қамту – бірінші кезектегі мәселенің бірі! Шығыс өңірінде кейбір білікті жастардың қалаға жұмысқа орнала­суына мүмкіндік жасалса, ол да дұрыс болар еді. Айталық, облыс­тағы Үлбі металлургиялық зауыты секілді алпауыт өндіріс орындары бірнеше азаматты жұмысқа алса, ол да апат шеккендерге қамқорлық болары сөзсіз. Ұлттық кадрларды “мамандығы жоқ” деп сыртқа итерудің заманы өтті. Алдағы уақытта тағы да пробле­малар туындайды. Өткен жылдары ақылы оқып жүрген студенттердің ата-аналары келесі жылғы оқу ақысын қалай төлейді? Бұрын малын сатып өтеген болса, енді қарызға беретіні де қалған жоқ. Яғни, апат аймағында туып-өскен студенттер оқуын жалғастыра алмайтындай қауіп төніп тұр. Сон­дықтан, осы мәселенің шешімінің бірі апатқа ұшыраған ауылдардың студенттерін мемлекеттік грантқа ауыстыру қажет. Ол Білім және ғылым министрлігі тарапынан жасалған үлкен жәрдем, игілікті де сауапты іс болар еді. Тәуелсіздігімізді алған кезден бері болып отырған үлкен апаттың бірі – осы. Бұған немқұрайлы қарауға болмайды. Шығыстағы шырғалаңнан шығудың бір жолы — жолды жөнге келтіру. Тито СЫЗДЫҚОВ, Мәжіліс депутаты.
Соңғы жаңалықтар