03 Сәуір, 2010

ОСЫЛАЙ БОЛСА КЕРЕК-ТІ

634 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мәжілістің соңғы жалпы отырысында депутаттар мемле­кеттік тілдің мәселесіне қатты алаңдаушылық білдірді. Тіпті, бұрын бұл мәселеге аса көңіл бөл­мей жүретін белсенді депу­таттардың да ұлттық намысы ояна бастаған секілді, олар да мемлекеттік тілдің мерейі үстем болғанын қалайтынын сездіріп, мәселеге қазақша-орысша ай­тылған өткір сөздерімен қайта-қайта қатты шүйлікті. Соның ішінде депутат Нұр­лан Өнербаев Президент Н.На­зарбаев бұдан бірнеше жыл бұрын айтқан қазақ тілінде ғана хабар тарататын телеарнаның әлі күнге ашылмағанына қын­жы­лыс білдірді. Одан кейін Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері ара­сын­дағы екі келісімді және Қа­зақ­стан мен Ресей арасындағы бір келісімді ратификациялау туралы заң жобасына қатысты жұ­мысты жалғастыруда дау ту­ды. Осы заң жобаларының бәрі де мемлекеттік тілдегі мәтінде­рінде кеткен олқылықтарына бай­ланысты қабылданбай, қаралу мерзімі созылып жатыр екен. Де­путат Ерлан Нығматулин жұ­мысты одан әрі жалғастырмай, Үкіметке қайтару керектігін айт­ты. Біз қашанға дейін мем­ле­кеттік тілде кеткен қателерді түзетумен айналысамыз, Үкімет оған жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмей отыр, сондықтан заң жобаларын дұрыс дайындау үшін тым болмаса бір рет кері қайтарайық, деді ол. Депутат Шалатай Мырзах­метов одан да әрі кетті. Ол осын­дай заң жобаларын дайындай­тын министрліктерде қазақ ті­лінде таза сөйлеп әрі сауатты жаза алатын  адамдар жоқтық­тан  келеңсіздіктерге жол бері-ліп отырғанын атап көрсетті. Кілең бір “бәленшенің қызы, түгеншенің ұлы” деп шенеунік­тер мен бай-бағыландардың қалада өскен балаларын ғана осындай жерлерге жұмысқа алып, қазақшаны жақсы білетін ауыл балаларын ондайға жолат­паймыз. Соның кесірінен де мем­лекеттік тілдің жағдайы ақсауда. Осы себепті мәселені жылдан-жылға ұзатпай, тілді таза білетін жастардан мамандар дайындау жағын қарастыру қажет. Біз Үкіметке сондай нақты ұсыныс жасайық. Сонда ғана мәселе түбегейлі шешілетін болады, деді депутат. Парламент Мәжілісінің Төр­ағасы Орал Мұхамеджанов бұл мә­селенің орынды екенін ес­керт­ті. Заң жобасын қарауға алғаннан кейін, онымен жұмыс істеу па­рызымыз. Біз мұндай олқылық­тары болған соң заң жобасын тір­кеуге алмауымыз керек еді, деді Орал Байғоныс­ұлы. Бірақ депутат Рауан Шаекин барынша табанды позиция ұста­нып, мемлекеттік тілге деген сал­ғырттыққа қашанғы шыдай­мыз, шала дайындалған заң жобаларын қайтсе де Үкіметке қайтару керек деп отырып алды. Бірақ оның ұсынысы дауысқа салынған кезде шағын айырма­шылықпен ғана өтпей қалды. Сөйтіп, депутаттар осы отырыс­тан соң ендігі жерде мемлекет­тік тілде олқылықтар кеткен заң жо­баларына мұқият қарап, олар­ды тіпті қарау үшін тірке­мейтін сияқты әсер қалдырды... Жақсыбай САМРАТ.
Соңғы жаңалықтар