03 Сәуір, 2010

АЛДЫМЕН ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫН МЕҢГЕРЕЙІК

593 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Палатаның көптеген отырыстарында қайшылықты сәттер болып жатады. Немесе екіге жарылған депутаттар бір пікірге келе алмайды. Міне, сол сәттерде тұшымды ой айтып, әріптестерін сабырлылыққа шақырып, түйткілді мәселелер бойынша шешімді ұсы­ныстар айтатын депутаттар болса, солардың бірі – жақында ғана жетпіс жастың жотасына абыроймен көтерілген ардақты аза­ма­тымыз Сатыбалды ИБРАГИМОВ. Біз депутат күн режімінің ты­ғыз­дығына байланысты онымен футбол алаңында әңгімелескен едік. – Сатыбалды Тілемісұлы, көптеген әріп­тестеріңіз өз сауалдарына шығарыпсалма жауап­тар берілетінін айтып қалып жатады. Сіздің жіберген сауалдарға қайтарылған жауаптарға көңіліңіз тола ма? – Менің жолдаған сауалдарыма Үкімет дұрыс жауап беріп жүр. Мәселе сол сауал­да­ры­мыз арқылы өзгелердің жұмысына кедергі келтірмеуімізде болса керек. Әр түрлі әкімдік­тердің жұмысына кедергі келтірмегеніміз абзал. Президент те өз сөзінде депутаттар ауыл­дың, ауданның, тіпті облыс әкімдерінің жұ­мысына кіріспеуі керек дегенді айтқан болатын. Өйткені, әркімнің өзіндік міндеті мен міндет­темесі бар. Әйтсе де депутаттар араласпай бітпейтін жұмыстар көп. Міне, осы жерде кейбір министрліктер депутаттар көтер­ген мәселелерді терең зерттемей, сол жердегі жағдаймен жіті танысып алмай ешқандай дай­ындықсыз жауап береді. Елдегі жағдайды олар жан-жақты біліп, соған сәйкес әрекет етулері керек. Депутаттың сауалына жеңіл қарамай, оны халықтың қойып отырған сауалы екенін түсінетін кез келді. Оның артында 300 мың сайлаушы тұрғандығын, сондықтан сауалдар солардың атынан жолданатынын қаперден шығармаған жөн. Сондықтан кейбір министр­ліктерге әрбір істе жауапкершілік қажет екенін айта кеткен жөн. Жақында Президент ауылдың жағдайын түсіне бермейтін, білім жағынан да кемшілік­тері бар, жұмысты онша білмейтін жас жігіт­тердің қызметке келгендігін орынды айтып кетті ғой. Менің пайымымша,  кабинетте отырып депутаттар сауалдарына жауап жаза салатын да солар сияқты. – Мысалы, өзіңіз қанша сауал жолда­дыңыз және оның қаншасына жауап қайтарылды деп айта аласыз? – Мәселені олай төтесінен қоймау керек шығар. Мен өзімнің қанша сауал жолдаға­ным­­ды ешқашан санаған емеспін, бірақ сауал жол­дар алдында мен көтеретін мәселемді Үкіметтің қолынан  келе ме, жоқ келмей ме деп бір салмақтап аламын. Қолдарынан кел­мей­тін мәселеге байланысты сауалды мен жол­дамай­мын. Бюджетке, жаңа құрылыстарға қатысты мәселелер туын­дайтын болса, онда құр сауал жолдап қана қой­май, оның орын­­далуын жан-жақ­ты ақыл­дасып шешкенді дұрыс көремін. Орындаламаған сауалдар да жет­кілікті. Әсіресе, мұндай ке­лең­­сіздіктер қаржы по­ли­ция­сына, про­ку­ра­тураға және сот­тар­ға қа­тысты болып жа­тады. Осы құрылымдарда кемшіліктер көп орын алуда. Мүмкін осы ба­ғытта бір реформа қажет болар, өйткені, соң­ғы кезде заңсыз­дықтар туралы көп айтылып қалып жүр ғой. – Заң жобаларының сапасына қатысты не айтар едіңіз? – Заң жобаларын заңдық тұрғыдан сүзгі­ден өткізетін мықты заңгерлеріміз бар. Менің ойымша, заңдық құжаттардың халыққа не бе­ре­тініне көп мән беру керек. Әсіресе, ел аза­мат­тарына екі қолға бір жұмыс тауып беріп отыр­­ған орта және шағын кәсіпкерлердің жағ­дайын заңнамалық жетілдіру мәселесіне көп ден қою керек дер едім. Кемшіліктер бар, бірақ ақыл­дасып шешілген мәселеде ол түзетіліп жатады. – Президент бір сөзінде жас мамандар өз орнында не үшін отырғандығын да білмейді деген тұрғыда сын айтқан-ды. Жалпы, кадр мәселе­сіне, оны іріктеу жағына көзқарасыңыз қандай? – Мен бұл мәселені осыдан сегіз жыл бұрын көтерген болатынмын. Өйткені, соңғы жылдары бізде ауылдарға дейін институт, уни­верситет қаптап кеткені белгілі. Ал жастардың барлығы да жоғары білім алғысы келеді. Бірақ сапа ұмтылысқа сәйкес емес. Оның үстіне бізде бір кемшілік бар, барлығы өз балаларын про­курор, сот еткісі келеді. Өкінішке қарай, зауыт­қа барып мамандық алуға ешкімнің құлқы бола бермейді. Былтыр Білім және ғылым ми­нистрі­мен Үкімет сағатын өткізген­де кол­ледж­дерді тех­никалық училищеге аудару мәселесін көтер­ген болатынбыз. Өйткені, көпшілігіміз осы жолдан өттік қой. Жас маман алдымен слесарь, электрик немесе тракторшы және сол сияқты сатылардан өтуі керек. Қазір қарасаңыз, көбісі шетелдерде оқып келгендер. Мына Астананың құры­лы­сын­да жұмыс істеп жүрген қазақ жігіттерін зерт­тей келгенде олардың дені заңгер немесе эко­номист мамандығына оқығандар болып шыққан. Осы ретте айтпағым, енді қазақ жігіт­терін  метро салуға, ғарыш саласында тер төгуге, көлік, байланыс салаларын игеруге машықтанды­руымыз керек. Ал министрліктерге барған жастар туралы да жиі айтып жүрміз. Оларды министр орынбасары етіп қоюға әлі ерте, сондықтан алдымен сол жастарды жергілікті жерлердің әкімдіктеріне, департаменттерге жібертіп, бір сыннан өткізіп алған жөн. Кеңестік жүйеде де осындай жақсы дәстүр болушы еді. Жас жігіттер мен қыздарды қызметке алмас бұрын оларға өмірді, соның ішінде халықтың жағдайымен жақын танысуды үйреткен абзал. – Өзіңіз де осы сатыдан өткен боларсыз... – Ол кездері комсомолдық жолдама деген болатын. Сол бойынша техникалық учили­щеде арнайы мамандық бойынша оқыдық. Елбасы­ның да горновой маманды­ғын алып шыққаны белгілі. Училище бітіріп келген соң жұмыстың ең қиын учаскелерінде тер төккізіп, соны жан-жақты игеріп алған соң ғана қызметіңді өсіретін. – Сізді Мәскеуде жұмыс істеуге қалдырған екен. Бірақ соның барлығын тастап елге қайтуыңызға не себеп болды? – Мәскеудегі П.Лумумба атындағы Халық­тар достығы университетін бітірген соң мені Мәскеуде жұмыс істеуге қалдырған, бірақ тәуел­сіздік алғаннан кейін еліме қай­ту­ды ұйғар­дым. Сөйтіп, өзімнің комбинатыма қай­тып келдім. Теміртаудағы оқу орнында және өзге жерлерде лек­циялар оқыдым. Ол менің докторлық қор­ғауым үшін қажет болды. Оның алдында канди­даттығымды Мәскеуде өзім оқыған университетте қорғаған едім. Ал докторлықты Ресей Үкіметі жанындағы Өн­діріс академиясында қорғадым. Қазіргі таңда депутаттық жұмысым уақыттың көбін алатын болғандықтан, ұстаздық ету мүмкін болмай тұр. Егер шақырып жатса, уақыт тауып, лек­ция оқуға мен дайынмын. Өзім доктор­лы­ғым­ды Қа­зақстан өнеркәсібінің болашағы, эко­но­ми­касының қандай жолмен дамуы керек деген тақырыпта қорғаған болатынмын. – Футбол турнирі сіздің құрметіңізге өткізіліп жатыр екен. Сонау Қарағандыдан мынадай боранда (біз әңгімелескен тұста күн борандатып тұрған болатын – авт.) арнайы команда шақыруларыңызға не себеп? – Мына жігіттер бұрынғы жұмыс істеген жерім Теміртаудағы комбинаттың атынан келіп отыр.  Сол Теміртаудағы спорт залында бә­ріміздің басымыз тоқайласатын. Кеңес Одағы кезінде, яғни 1975 жылы “Болат” ко­ман­дасы өндірістік кәсіпорындар арасындағы жарыста чемпион болған. Сол кезде футбол командасы құрамын­дағы жігіттердің бар­лы­ғына “спорт шебері” деген атақ берілді. Қазір солардың бір-екеуі мына алаңда ойнап жүр. Бұлардың жұмысы ауыр болғандық­тан, сәл де болса көңілдерін көтеріп, рухани қолдау көрсетейін деген мақсатпен шақырдық. – Тұшымды әңгімеңіз үшін рахмет. Әңгімелескен Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.