03 Сәуір, 2010

ІС-ҚИМЫЛДЫ ӨРІСТЕТУ ЖОЛЫНДА

593 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Комитет төрағасы Қуаныш Сұл­танов бастаған Сенаттың Ха­лық­аралық қатынастар, қор­ғаныс және қауіпсіздік коми­те­тінің де­путаттары Жаңа де­мократия инс­титуты стратегия­лық және халық­аралық зерттеу­лер орталығының басшыла­рымен кездесті, деп хабар­лады осы палатаның баспасөз қызметі. Кездесу барысында Қ.Сұл­танов Орталықтың қызметін жоғары бағалай келіп, ЕҚЫҰ кеңістігіндегі өзекті мәселелерді шешудегі бірлес­кен жұмыстарда өзара іс-қимылды күшейту керектігін атап көрсетті. “Біз қазіргі ынтымақтас­тықты қолдаймыз, талдау орта­лығының тәжірибесі мен білімі Қазақстан үшін, әсіресе, Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі кезеңінде зор ықылас туғызады”, деді сенатор. Кездесуде Қазақстанның төра­ғалық етуі барысында Ұйым­ның бе­делін нығайта түсумен қа­тар, оның одан әрі дамуына серпін беретін негізгі басымдықтарды жү­зеге асыру және ілгерілету мәселе­лері талқы-лаудың негізгі тақырыбы болды. Осыған байланысты ЕҚЫҰ саммитін өткізу идеясына ерек­ше назар аударылды, Стра­тегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы жобасы­ның басшысы Я.Бугайскийдің айтуынша, Мем­лекет басшыла­рының басқосуы “ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жылдағы Қазақстанның барлық жұмыстарын паш етуі тиіс”. Саммиттің мазмұны жайын­да айта келіп, тараптар жоғарғы деңгейдегі кездесулердің ықти­мал күн тәртібінің негізгі мәселелері жайында өз ойларын ортаға салды. Сарапшылардың пікірінше алдағы талқылаулар ЕҚЫҰ-ға қатысушы­лардың мүдделеріне сәйкес Ұйым­ның іс-қимылын өрістету үшін негіз қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Кездесу барысында сарап­шылар орталығының басшы­лары еліміздің және оның Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың халықаралық қоғам­дас­тықтағы жоғары беделін атап өте келіп, Ванкуверден Влади­вос­токқа дейінгі кеңістікті қам­титын Ұйым төрағасы ретіндегі Қазақ­стан­ның миссиясы табыс­ты жүзеге асатынына сенім білдірді.