03 Сәуір, 2010

АСТЫҚ ЭКСПОРТЫНА ЕЛЕУЛІ НАЗАР

645 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Астанада Халықаралық астық конференциясы болып өтті. Оған ТМД, Араб әлемі, Орталық Азия, Еуропа, Кавказ және Жерорта теңізі жағалаулары елдерінен 170-тен астам бизнес құрылымдар өкілдері қатысты. Конференция жұмысын ашқан Ауыл шаруашылығы министрлі­­гінің жауапты хатшысы Евгений Аман басқосудың халықаралық ма­ңызына тоқтала келе Қазақстанның әлемдік астық экспорттаушы ретінде салмағының жылдан-жылға өсіп келе жатқандығына тоқталды. Конференцияның негізгі мақ­са­ты Қазақстан астығын әлемдік рыноктарға жылжытуға ықпал ету, ТМД елдері астық рыноктарының өзара әрекеттесуін күшейту, Азия мен Парсы шығанағы елдерінің экспорттық рыноктарын дамыту­дың проблемалық мәселелері мен перс­п­ек­тиваларын талқылау, Кеден ода­ғының экспорттық әлеуетін жақ­сар­туға жасайтын ықпалын болжамдау және тағы басқа мәсе­лелер болды. Халықаралық басқосуда сөз алған “ҚазАгро” холдингі басшысы Асылжан Мамытбеков өтіп отырған жиын тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік астық рыногы үшін де ма­ңызды болып табылатын­ды­ғын атап көрсетті. Сонымен қатар холдингтің астық өндірісін да­мы­тудағы, астық экспорттаушыларға қолдау көрсету­дегі жұмыстарына тоқтала кетті. Асылжан Мамытбе­ков­тің айтуынша, биылғы жылы хол­динг 5 миллион тонна астықты са­тып алу арқылы оны өндіру­шілерге өнімді өткізу мә­селесіне де едәуір жәрдем көрсеткен. Конференцияда негізгі баянда­маны Ауыл шаруашылығы минис­трінің орынбасары Арман Евнеев жа­сады. Ол жиынға қатысушы­лар­ды Қазақстан астық өндірісінің қа­зір­гі жағдайы мен негізгі бағыт­та­ры, оны дамытудағы қолданылып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Өткен жылы Қазақстан күрделі ауа райы жағдайына қарамастан 20,8 миллион тонна астық жинады. Бұл 2008 жылғы деңгейден 34 пайызға артық. Соның ішінде 17,1 тонна бидай жиналды. Осы мол астық Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырып, оның көлемін 12,5-13 миллион тоннаға дейін жеткізіп отыр. Өткен жылдың астық экспорты үшін күрделі жылдардың бірі бол­ғаны белгілі. Әлемді шарлаған дағ­да­рыс бұл мәселеге де өз әсерін ти­гізбей қалған жоқ. Бірақ соған қарамастан Қазақстан 2009 жылдың 1 шілдесінен бастап үстіміздегі жыл­дың 20 наурызына дейінгі ара­лықта 5,5 миллион тонна астық пен ұнды экспортқа шығара алған­ды­ғын ауыз толтырып айтуға бола­ды. Оның үстіне Қазақстан үшін мүмкіндігінше мол пайда беретін ұн экспорты жылдан жылға жақсы дамып келеді. Егер 2003 жылы Қа­зақстанның астық экспортындағы ұнның үлесі бар болғаны 10,6 па­йыз­ды құраған болса, 2009 жылы экс­портталған астықтың жартысы­на дейінгі көрсеткішті ұн экспорты құрады. Осы жылы таза ұн экспор­ты рекордтық көрсеткішке жетіп 2,2 миллион тонна болды. Егер мұ­ны астық эквивалентімен көрсете­тін болсақ, бұл шамамен алғанда 3,2 миллион тонна астықпен пара-пар деуге болады. Қазақстан қазіргі күні өзінің астық экспортын әртараптандыру мәселесін барынша қарастыруда. Бұрынғы дәстүрлі рыноктармен қатар Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия бағытына астық жөнелту ісі биылғы жылы алғаш рет жемісін бере бастады. Осы жылы Қытайға 10 мың тонна астық жөнелтілді. Ма­мандар мұны әзірге істің бас­тамасы ретінде балауда. Болашақта Қытай бағытына жөнелтілетін ас­тық көлемі бұдан бірнеше есе асып түсетіндігі анық. Мәселен, “Қазақ­стан темір жолы” ұлттық компа­ния­сы мен Қытай темір жолы ми­нистрлігінің келіссөздері нәтиже­сінде Қытай жағы 2010 жылы 3 миллион тонна Қазақстан астығын өз аумағы арқылы транзиттеуге алдын ала келісім беріп отыр. Конференцияда Қазақстан астық одағының президенті Нұрлан Тілеу­баев сөз алып, үстіміздегі жыл­ғы мау­сымдағы астық рыногы­ның өзіндік ерекшеліктері туралы әңгіме қозғады. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.