03 Сәуір, 2010

ЕЛ ЫҚЫЛАСЫНА РИЗА

493 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қызылағаштағы жағдай бір­тіндеп орнығып, үлкен-кіші ес жи­ып, етек-жеңін жинап, әсте көктемгі қат-қабат тіршілік қамына кіріскен. Бейсенбі күні облыс әкімі Серік Үмбетов төтенше жағдай­лар салдарын жою шараларымен жете танысып, жедел штабтың жиынын өткізді. Өзен жағасындағы 200 палат­кадан тұратын қалашықта да қар­баластық. Үлкендердің тірші­лігінен бейхабар бүлдіршіндер ойын қы­зы­ғына түскен. Бүгін ауылға оралған тұрғындар қатары 2057-ге жетіпті. Жаңалық су жүйесі тартылып, ұң­ғыма арқылы 100 метр тереңдіктен таза су шығарылып, көше бой­ларындағы колонкаларда таза су мөлдіреп ағып тұр. Халыққа деген қайырым­дылық шаралары жалғасуда. Осы күні Оң­түстік Кореядан келген делегация тұрғындарға ақшалай көмектерін таратты. Ауылдың батысында жаңа көше бой көтеріп, шатыры жа­был­ған үйдің іші-сырты сыла­нып, есігі қойылса бір отбасы қуа­нышқа кенелетін болды. “Алматы қала құрылысы” АҚ “Жаңа” көшеге 32 үй тұрғызуды міндеттенсе, қазірдің өзінде 8 үйдің қабырғасы, алты үйдің ір­­­­­­гетасы қаланып, ішіне су құбыры тартылыпты. Кейін үйлер бірдей қоршалып, айналасы абаттан­ды­рылып, ауыл сәулеттене түсетіні анық. Тасқыннан кейінгі қуаныш Талдықорғандағы перзентханада 6 сәби дүние есігін ашыпты. Жаңа ұрпақтың өкіліне құрмет көрсе­тіліп, облыс басшылығы ана мен нәрестені құттықтап, сыйлық­та­рын тапсырып, құтты болсын айт­қанын да жұрт жылы қабылдауда. Қызылағаштықтарға әлеумет­тік-тұрмыстық көмек көрсету жө­ніндегі комиссия төрағасы  Ә.Жұ­магелдин көмек керуені толас­т­а­мағанын, осы күнге 36 млн. тең­генің әлеуметтік көмегі жеткі­зі­лсе, оның 30 млн. теңгесі киім-кешек, азық-түлік тұрғындарға таратыл­ғанын жеткізді. Қызылағаш ауылында тарих­тың жаңа беті ашылып, қиын­дық­ты жеңгендер көгілдір көктемнің шуа­ғынан нәр, ағайынның қолдауынан күш алған. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.