03 Сәуір, 2010

ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫРДЫҢ БІР БЕЛГІСІ

675 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақта көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра дейтін қанатты сөз бар. Бұл әсте өмірде өзі куә болған оқиғаларды көкірегіне тоқи жүретін, оның ғибратты тұстарын кейінгілерге өнеге ретінде ұсына бі­летін зерделі зеректікке байланысты айтылса керек. Ұзақ жылдар лауазымды қыз­меттер атқарған Мұхамедқасым Шә­кеновтің елордадағы “Фолиант” бас­пасынан жарық көрген “Жадымдағы жылдар” кітабымен танысқанда ос­ындай ойға келдік. Оның үстіне Мәс­кеуде, Қазақстанның бірталай об­лыстарында, Алматыда, Астанада талай жауапты жұмыстарға жегіліп, экономикалық, шаруашылық істер­дің қыр-сырына әбден қаныққан, шыңдалған адамның көрген-білген­дерін, көңілге түйгендерін қазақтың кестелі сөздерімен әдіптеп, оқырман­дар­мен сырласқандай үлгіде сөз сап­тауы сүйсіндірді. Соған орай оның кітабы да оқырманды еріксіз елік­тіріп, әрі қарай жетелеп отырады. Әрине, несімен еліктіреді екен деген ой өзінен өзі туындайды. Бұған біз кітап автордың биік өресімен, жадының мықтылығымен, абзал адамгершілігімен, мәдениеттілігімен, халыққа жақындығымен, жанашыр­лығымен, өнерді құрметтей білетін­дігімен баурайды дер едік. Және бұл сөзімізге дәлелді кітаптан көптеп келтіруге болады. Автор Кеңес өкіметі ке­зінде Мәскеу тарапынан көрсетіле­тін қиянаттарды, Орталықтың қол­дауымен жергілікті кадрларға, яғни қазақтарға қырғидай тиетін өзге ұлт өкілдерінен сайланған басшылардың жойдасыз әпербақандықтарына мы­салдарды көптеп келтіреді. Енді бірде толғақ қысқан әйелін кеңшардан аудан орталығына алып шыққан тұрғынның көлігі бұзылып, жарты жолда қалады. Осы кезде оларға ау­данның басшысы М.Шәкенов қарсы жолығады. Жағдайды тез бағамдаған басшы толғақ қысқан әйел мен оның күйеуін “Волгасына” мінгізіп, айдалада жаяу-жалпы қала береді. Торғай облысында атқару коми­теті төрағасының орынбасары болып істеген жылдары облыс мәдениетін көтеруге бір кісідей атсалысады. Ал облыс тараған кезде өзінің бірталай уа­қыт жұмыссыз жүргеніне қарамас­тан, Торғай облыстық музыкалық-драма театрының артистер труппасы­ның Жезқазған облысына қоныс аударуына көмектеседі. Сол кездегі Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары М.Ахметова “Өзің жұмыссыз жүріп, театрдың жағдайын ойлағаның түсініксіз” деген екен. Жалпы, Мұхамедқасым ағаның қызмет істеген жерлерінде алдымен іздейтіні өнер адамдары екені осы кітаптан айқын аңғарылады. Мыса­лы, Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына басшы болып барғанда алғашқы танысуды атақты айтыс ақындары Тәушен Әбуова мен Әселхан Қалыбековадан бастайды. Мұны сөкет көргендер де болыпты. Өйткені, ол кездің тәртібі бойынша танысуды адамның емес, егіннің, малдың жағдайын білуден бастау қалыптасқан ғой. Басшы ретіндегі сергектігін, се­зім­талдығын, мықты ұйымдас­ты­ру­шылығын былай қойғанда, өнерге, мәдениетке қамқорлықпен іштарта­ты­ны Отырар ауданында тындырған істерінен де айқын байқалады. Әсі­ресе Арыстан баб кесенесін жер ас­ты­ның тұзды суынан қорғап қалға­нын, кесенені діндарлардың пай­да­лануына көбірек назар аударғанын, Отырар төбеге жанашырлық таны­тып, оның айналасын түгел қорша­тып, қорыққа айналдырғанын, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың көзі тірісінде-ақ оның атын аудан­дағы музыка мектебіне бергізгенін жергілікті халық ризашылықпен еске алады. Өткен ғасырдың 90-жылдары М.Шәкеновке республиканың тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамын басқаруды сеніп тапсырудың да сыры осында болар. Қорыта айтқанда, басшылық қыз­метті нағыз басшыға тән іс-әре­кетімен лайықты атқарып, жүрген же­рінде абыройға, халықтың ілтипа­тына бөленген Мұхамедқасым аға­мыз­дың бұл естелігін ғибратты ғұ­мыр­дың бір белгісі десек, артық емес. Орынбек Жолдыбай, филология ғылымдарының кандидаты.