03 Сәуір, 2010

АЛТЫННАН АЛҚА ТАҚҚАН

777 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ҮЗДІКТЕР БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІКТЕРІН ДӘЛЕЛДЕДІ “Білім – инемен құдық қазғандай” деген. Жастардың осы баға жеткісіз асыл құн­дылыққа деген ынта-ықыласы жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен олимпиадада жаңа қырынан танылды. Оған аудандық, қалалық осындай сыннан өткен 518 шәкірт қатысып, бақ сынады. Облыстық олимпиада Тал­дықорған қаласында алғаш рет ұйымдастырылды. Бұрын Ал­маты қаласындағы облыстық ин­тернатта өткізілетінін ескерсек, ша­л­ғай ауылдан келген жас жет­кіншектердің шаһардың бүгінгі мәдени және рухани дамуымен жан-жақты танысуына мүмкіндік туғызылғаны да құптарлық. Өткен жылы өңірдің дарын­ды түлектері республика дең­гейінде “Ең үздік олимпиадалық команда” атағына ие болып, еліміздің намысын халықаралық олимпиадаларда жоғары ұстап, 96 медальға қол жеткізген-ді. Осы орайда оларға білім берген ұстаздардың еңбегі ерен деуге болады. – Көбіне жұртшылық мұнай мен газды байлық дейді. Жас­тардың білімділігінен өткен байлық жоқ екенін уақыт дә­лелдеуде. Жастар – қоғамның қоз­ғаушы күші, еліміздің да­муына, қалыптасуына, гүлде­нуіне қосатын үлестері үлкен. Білім сайысына үміт артар ұлан­дар қатысуда. Жастардың алдағы жолы ашық болсын, деген ті­легін қазылар алқасының мү­шесі, доцент С.Қожағұлов ортаға салды. Олимпиадаға түлектерді қа­тыстыруда Талдықорған қаласы алғашқы орында болып, 118 оқу­шы білімдерін сынаса, қапша­ғайлықтар 51 шәкіртін шыңдап, үміттерін үкілепті. Ал Алакөл ауданы, Талдықорған қазақ-түрік, №20 үш тілде оқытылатын дарынды балаларға арналған, Алматы қазақ-түрік қыз балалар, Есік қазақ-түрік лицейлері мен Ж.Смағұлов атындағы облыстық мектеп-интернатты ерекше атауға болады. “Дарын” ауысым мектебінен сайысқа қатысқан 60 оқушы терең білімдерін нақты­лады. Ал, Дәнеш Рақышев атындағы №3 мектеп-интернат қабырғасында өткен бәсекеде 15 пән бойынша бақ сынаған шәкірттер білімдерін ортаға сал­са, қазылар құрамында жетекші университеттердің ғалымдары мен оқытушылары болғаны да талап пен талғамның жоғары екендігін көрсетті. Байқауда мемлекеттік тілге деген қызығушылығымен таныл­ған өзге ұлт балаларының қа­бі­лет-қарымы да жоғары. Мә­се­лен, Қаратал ауданындағы Кемел Тоқаев атындағы мектеп пен Есік қаласынан келген шәкірт­тердің тілді білуге деген пейілдері ерекше болды. Шәкірттер ұлт құн­дылығы мақал-мәтелді тал­дап, мемлекеттік тілде өздерінің ойын еркін жеткізуімен ерекше­ленді. Бірінен бірі асып түскен­дер Абайдың, Жамбылдың, Ілияс­тың, Мұқағали сынды жыр дүлдүлдерінің өлеңдерін мәнер­леп, жатқа оқып, бәсекеден сүрінбеді. Әрине, жүзден жүйрік шыққандармен қатар дайындығы жеткіліксіздері де кездесті. Дей­тұрсақ та, олимпиадада оқушы­лардың қазақ тілін білуге, еркін сөйлеуге деген талаптарын қа­зылар да ерекше бағалады. Білімі мен білігі дараланған олимпиада жеңімпаздары 45 ал­тын, 90 күміс, 135 қола медальды еншілеген шәкірттер ұстаздары мен алтын ұя мектептерінің абы­ройын асырды. Осы жеңімпаз оқу­шыларға “Үздік олимпиада­лық команда – 2010” атағы берілді. Олимпиадаға су тасқынын басынан өткерген Қызылағаш ауылынан екі оқушы қатысты. Олар 9 сынып оқушылары Ма­лика Тұшпарова мен Дамир Анитов еді. Тарих пәнінен білім деңгейін сынаған Малика жүл­делі орынға қол жеткізіп, құр­быларының қуанышына бөленді. Білім сайысында бақ сынап, жүлделі орындардан танылған жеңімпаздардың жұмыстары рес­публикалық “Дарын” орталы­ғына жіберілсе, олардан облыс­тық команда құрылып, респуб­ликалық пән олимпиадасында олар Жетісудың намысын қорғайтын болды. Тағы бір қуанышты жайт, ағымдағы жылдың шілде айында Астанада ашылатын жаңа уни­вер­ситетке студенттерді қабылдау барысымен оқу орнынан арнайы келген өкілдер таныстырды. Ел­дің болашақ элитасын қалыптас­тыруды мақсат еткен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тапсырмасымен халық­аралық деңгейдегі алғашқы универ­си­тетке тек үздік білім деңгейін дәлелдеген оқушылар қабыл­данатынын ескерсек, олардың қатарын бүгінгі топ жарған түлектер толықтыратыны даусыз. Алтыннан алқа таққан үз­діктер өздерінің осы университет студенті болуға ынталы екендік­терін дәлелдеп, қандай сынақ­тардан өту қажеттігімен жете танысып жатты. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.