02 Сәуір, 2010

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛДАУЫ

718 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
МЕН ӘРБІР ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫНЫҢ ЖОҒАРЫ МӘДЕНИЕТТІ БОЛҒАНЫН КӨРГІМ КЕЛЕДІ Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың 29 қаңтардағы халыққа арнаған Жолдауынан елі­міз­дің өркениетті, халқымыздың мә­дениетті болуына бастаған ізгі мұ­раттың жолын көргендей әсер алдым. Біз көп жағдайда мәдениет туралы айтқанда, бұл саланы тек өнер түрінде көреміз. Ал мә­дениет дегеніміз, өмірдің және қоғамның барлық қырынан көрініп тұруы керек. Барлық саламызда мәде­ниет­тілік орын алса, ісімізде кем­шілік те, өрескел мінез-құлық та, адамзат құндылықтарына сай кел­мей­тін қолайсыз әрекеттер де бол­май­тыны анық. Айталық, қай тілде сөйлесең де, тілдің мә­дениетін сақ­тауың қажет. Мәсе­лен, экранға шығып, пікір біл­дірсеңіз, тыңдап отырған халық айтып тұрған сөзіңе қарап, рухани байлығыңды, біліміңнің өресін анық байқайды. Егер қазақ тілінің мәдениетін сақтама­саң, сол халықтың салт-дәстүрін біл­месең, айтқан ойың да жүрекке жетпейді. Адамдармен қарым-қатынас жасау, көшеде, мәдени-қоғамдық орындарда өз-өзін ұстау, әр ортада жарасымды киіне білу, кеңселер мен ғимараттарда жүріп-тұру, демалыс орнында тазалық сақтау – осының барлығы мәде­ниеттіліктің құнды негіздері. Соңғы жылдары тілімізге жиі оралатын толеранттылық ұғымы­ның негізінде де мәдениет жатыр. Яғни, дінаралық байланысты түсіністікпен қабылдап, өзге діннің ұстанымдарына, әдет-ғұрыптарына, құлшылық ету тәсілдеріне төзім­ділікпен қарау – тек қана мәдени өресі жоғары халықтың қолынан келеді. Әлемдегі төзімділігі мықты, өзге ұлттар мен діни ұйымдардың өкілдеріне түсіністікпен қарайтын қазақ халқы екенін ерекше атап өтуіміз керек. Биыл, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық етіп отырған тұста ұстанған саясатының бірі – Төзімділік. Төрт тағаннан тұратын ұранымыз “Се­нім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік” екенін, бұл ұғымдардың ішіне Қазақстанның әлем алдындағы саяси көзқарасы, ынтымақтастығы, барлық арман-мүддесі сыйып тұрғанын айтқанымыз абзал. Қазақстан қоғамын жарасты­рып, бірлігін сақтап отырған да адамдарымыздың жоғары мәде­ниет­тілігі. Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев қазақ халқының, сонымен қатар, Қазақстанды мекендеген өзге этностардың да мәдениеті мен өнерін терең ұғына білуіміз керек екенін жиі айтады. Өйткені, бір халықтың жан дүниесін ғана білсек, сол ұлттың салт-дәстүрін ұғынумен шектелеміз. Ал өзімізбен осы елде бірге өмір сүріп жатқан этнос­тар­дың тарихын, салт-дәстүрін, тілін, шығармашылық жетістіктерін біле түсуге ұмтылсақ, рухани байлығы­мыз молая түсетіні айдан анық. Мен әрдайым әрбір қазақстан­дық азаматтың жоғары мәдениетті болғанын көргім келеді. Қазақ­стан­дағы бейбітшіліктің салтанат құрып тұруы қазақ халқының достық пейі­лі, барлық тұрғындардың ын­ты­мақ пен бірлігі, ортақ көзқарасы екені сөзсіз. Сонымен қатар, ең бастысы, тыныштық пен сыйлас­тық­қа қол жеткізіп тұрған құнды­лығымыз – мәдениетті қарым-қатынасымыз екені даусыз. Адам жасынан мәдениетті сөйлеуді үй­ренбесе, ұлттық тәрбиені алмаса, өзге ұлттың өкілі емес, тіпті өзара бір үйдің балалары да, бір ұлттың адамдары да тіл табыса алмайтыны белгілі жәйт. Сондықтан бірлік пен ынтымақтың негізінде мәдениет жатыр. Мәдениеттің қатысы жоқ сала болмайды. Айталық, кейбір адам­дар қылмысқа да мәдени өресінің төмендігінен, ар-намы­сының азды­ғынан бара­ды. Мәселен, халқына кір келтіргісі келмейтін, мәдениеті жоғары адам сыбайлас жемқорлық жасауға бара ма?! Әрине, бармайды! Қоғамдағы орын ал­ған кем­шіліктерді жою – алға басқан елдің ұстанымы. Осы орайда Жолдауда Елбасы құқық қорғау жүйесіне күрделі реформа жүргізу қажет­тігін айтып, нақты органдарға тап­сырма берді. Осы орайда Парламент депу­тат­­тары алдында да үлкен мін­дет­тер тұр. Аза­мат­тардың құқығын қор­ғауға қатыс­ты, елдің 2020 жылдарға дейінгі стра­те­гия­лық жоспа­ры­на сәй­кес эко­номи­ка­ны дамытуға ар­нал­ған маңызды заңдарды жедел түрде қарап, қа­былдауымыз қа­жет. Өзім мүше­сі болып та­бы­ла­тын Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық ре­форма коми­теті ауқымды істер ат­қа­рып, жаңа заңдардың жүйелі тал­қы­ла­нып, сапалы түрде қабыл­да­нуы­на атса­лыса­ды деп есеп­теймін. Мәдениетті адам өзінің құқы­ғын, еліміздің заңдарын да жетік білуге тырысады. Ағат қылықтар, өрескел істер жасауға бармайды. Өзі­нің қандай істермен айналы­суы­на болатынын, заңға қайшы келе­тін әрекеттерден аулақ жүруді бі­леді. Өзінің қоғам алдындағы жауап­кершілігін анық сезінеді. Адам көп жағдайда “Бұл қоғам маған қандай жақсылықтар жасай­ды?” деген көзқарастан шыға ал­май­ды. Ал “Мен өз елімнің дамуы үшін қандай үлес қосуым керек?” деген қарсы сұрақты өзімізге қоя бермейміз. Сондықтан әр адам ел алдындағы перзенттік парызын да сезінуі тиіс. Елбасы осы Жолдауында ин­дус­триялық-инновациялық бағдар­ла­маларды жүзеге асыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, сала­мат­ты өмір салтын ұстану, білім мен білік­тілікті арттыру, тұрғындардың денсаулығын жақсарту жөнінде жеке-жеке тоқталды. Осы салалар­дың барлығы да заңды және мәде­н­иетті түрде жүзеге асуы керек. Ай­талық, мәдениеті жоқ жерде тауар өндірушінің өнімі де өтпейтіні белгілі. Бұқаралық ақпарат құралдары Мемлекет басшысының халыққа Жолдауындағы айтылған ойлардың терең мағынасын ашып, еліміздегі игі қадамдарды, азаматтық қоғам құрудағы жетістіктерімізді, алдағы көздеген елдік мақсаттарымызды әр­бір оқырманға, елдің барлық тұрғынына жеткізуі керек. Еуразия кеңістігінің нақ ортасынан орын алған елімізде әр түрлі партиялар, этностар, діни ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар өз қызметтерін жүргізіп жатыр. Алайда, олардың барлығы өздерін жеке-жеке ұйым немесе одақ түрінде сезінбей, “Біз – Қазақстан азаматымыз!” деген асқақ рухта болуы керек. Осы орайда Елбасы 29 қаңтар күні өз Жолдауында “Кез келген партия бол­сын, қоғамдық ұйым болсын барша қазақстан­дықтардың мүддесі үшін жұмыс істейді емес пе? Сондықтан мен бар­лық саяси пар­тиялар мен қоғам­дық бірлес­тік­тер­ге елдің дамуы мен ұлттық бірліктің тиім­ді жол­дарын іздестіруге септесетін өзара іс-қи­мылдың жаңа үлгісін әзірлеуді ұсынамын”, – деді. Н.Назарбаев еліміздің барлық саяси күштеріне дағдарыстың қиын кезеңінде елімізге және қоғамға қолдау көрсету үшін партияаралық үнқатысуды орнықтыруды және бірігуді ұсынғанын айта келіп: “Менің бастамам қолдау тауып, жеті саяси партия экономикалық дағдарыс жағ­дай­ында әлеуметтік және саяси тұрақтылықты қамта­ма­сыз ету туралы меморандумды бір­ле­се әзірлеп, оған қол қойды”, – деп ол үшін үлкен ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы Жолдауын­да бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдарға қол­дау көрсетуге 1 млрд. теңге бөлі­не­ті­нін жария етті. Бұл қаржы Қазақ­станның алдағы он жылға арналған әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының негізгі ережелерін түсіндіру мақсатына жұмсалады. Ел бюджетінен осындай көлемде қар­жы бөлу жөнінде Үкіметке нақты тапсырма берді. Бұл бастаманы жік­теп айтар болсақ, еліміздегі оң өзгерістер, халықты әлеуметтік қолдау, әрбір азаматтың ізгі арма­нына қол жеткізуіне жағдай жасау, достық пен ынтымақ, адам құқық­тарын қорғау, мәдени құндылық­тарымызды ардақтау тақырыбын­дағы маңызды жобалар іске асатынын анық байқауға болады. Елбасы әлеуметтік-экономика­лық саладағы көзделіп отырған мақсаттарымызды айта келіп, ішкі саяси тұрақтылық жөнінде ой тол­ға­ған сәтте: “Біріншіден, біздің ең басты құндылы­ғы­мыз – ол Ота­ны­мыз, Тәуелсіз Қазақстан!” – деп қа­дап айтты. Бұл Қазақ еліндегі бар­лық азаматтың ерекше мақта­ныш­пен, патриоттық сезіммен айтатын сөзі. Одан әрі Президент мемлекет және оның әрбір азаматы қай жерде де қоғамның тұрақты­лы­ғы мен елдің әл-ауқатына кері әсе­рін тигізуі ықтимал кез келген қа­дамға бар­мауы тиіс екенін ескертті. Өйткені, қазір Қазақстан – әлем назарындағы мемлекет. Өз ішіміз­дегі азаматтарымыз немесе шетелге іссапармен барған отандастарымыз, сондай-ақ әлемнің беделді жоғары оқу орындарында білім алып жат­қан жастарымыз әрбір қадамын ой­ланып басуы керек. Бір азаматтың ісі әшкереленсе, ол елдігімізге сын болмақ. Яғни, әр азамат өзі үшін де, тәуелсіз мемлекетіміз үшін де үл­кен жауапкершілікте болатын кезге жеттік. Бүгінгі таңда ойы озық, көзі ашық, көкірегі ояу, қыз­метіне адал барлық қазақстандық осы ұстанымды ұғынып отыр деп сенемін. Балабақша мен мектеп, орта және жоғары оқу орындары, жалпы біздің қоғам тәрбиелеп жатқан өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген ерекше құрмет сезімі қалып­тасуы тиіс. Әр азаматтың өз ша­ңырағынан ұлттық тәрбие алуына жағдай жасалғаны жөн. Жастарды халық даналығымен сусындатуы­мыз керек. Айталық, Жер шары­ның бір тұсына барғанда: “Бұл – Қазақстан азаматы”, дейтіндей деңгейді сақтап тұруға міндеттіміз. Біліктілігі жоғары, рухани бай­лығы мол жастар елдің экономи­касын да, мәдениетін де алға дамытатынына кәміл сенемін. Елбасы осы Жолдауында қоғам­ның барлық саласына, елдің ішкі және сыртқы саясатына тоқталды. Әлеуметтік салаға жасалатын қолдауды елдің барлық тұрғындары ерекше қуанышты сезіммен қабыл­дап, бүгінгі таңда жиі сөз етіп жүр. Үлкен қариядан бастап, кішкентай балаға дейінгі қатысы бар мәсе­лелер түгел қамтылды. Қазір еліміздің өңірлерінде Жолдаудан туындайтын міндеттер, Елбасы атап көрсеткен 2020 жылға дейінгі елдің стратегиялық даму жоспары туралы мәселелер қызу талқылану үстінде. Осы Жолдауда жария етілген кешенді бағдарламалар ойдағыдай орындалса, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына сөзсіз еніп, одан да жоғары жетістіктерге қол жеткізе аламыз. Еліміздегі қазақ халқының, соған қоса барша этностардың рухани-мәдени құндылықтары – Қазақ­станның байлығы. Осы бір ортақ адами байлық еліміздің алдағы он жылдағы өркендеуінде, одан әрі жалғасатын тарихи кезеңдерінде тек ынтымақ пен бірлігін арттыратын жүрекке ұялаған ұлы қасиеттері бола беруін тілеймін! Людмила ХОЧИЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.