02 Сәуір, 2010

ОТАНДЫҚ ҮЛЕС ҮСТЕМЕЛЕНУГЕ ТИІС

506 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен қазақстандық үлесті дамыту мәселесіне арналған республикалық семинар-кеңес өтті. Бірқатар министрліктер мен жер­гілікті атқарушы органдардың, ұлттық компаниялар мен ірі кәсіп­орындардың басшылары қатысқан “Қазақстандық үлес-2020” семинар-кеңесінде тауарлар, жұмыстар мен қызметтерде отандық үлесті арттыру жұмысының өткен жылғы қорытындысы мен биылғы жылға арналған жоспарлар талқыланды. Өткен жылы 600 млрд. теңге сомасына 396562 мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың міндеттемелері орындалды. Қазақстандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтер 464,8 млрд. теңгеге немесе 77,5 пайызға сатып алынды. Қазіргі кезде ірі ұлттық компаниялардың басын бірік­тіретін “Самұрық-Қазына” АҚ өткен жылы отандық үлесті дамыту мақсатында 1 трлн. 541,5 млрд. теңгеге шарттар жасасты. Ал жүйе құраушы кәсіп­орын­дардың тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудағы жалпы көлемі 471,4 млрд. теңгені құрады. Жер қой-науын пайдаланушы комп­а­ния­лардың сатып алулары 690 млрд. теңгеге жетті. Соның ішінде қазақстандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтер 408,1 млрд. теңгеге сатып алын­ды. Кеңесте сөз алған Вице-премьер – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев қазіргі кезде қазақстандық үлесті арттыру бойынша жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізіліп жатқанынан хабардар етті. Осы жылдың қаңтар айынан қазақстандық үлес мәселесіне арналған арнайы заңның күшіне енуімен бүгінгі таңда еліміздің өндіріс саласында отандық үлестің көлемі 52 пайызға, “Самұрық-Қазына” қорының бас­қаруындағы салаларда 63 пайызға, жүйе құраушы компанияларда 64 пайызға жеткен. Кеңесте Вице-премьер қазақстандық үлесті арттыру бойынша Үкімет тарапынан істелініп жатқан жұмыс­тардың тағы бір маңыздысы ретінде артта қалған өндіріс технологияларын қайта жаңартып, отандық брэндті қалыптастыру мақ­сатында кон­с­трукторлық бюроларды ашуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Семинарды Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қорытындылады. Ол бүгінгі таңда отандық үлес пен өндірісті өркендету еліміз тәуелсіздігінің мәселесі болып, біздің әр қадамымыз осы талапқа жауап беруі керектігін атап өтті. Сонымен бірге ол қазақстандық үлесті арттыру үшін Елбасының Үкімет алдына қойған барлық тапсырмалары дер кезінде орындалып, оған барлық ұлттық холдингтер мен ірі компаниялар, жергілікті атқарушы органдар атсалысуы керектігін айтты. Сөзінің соңында Үкімет басшысы өңірлерді дамыту және отандық үлесті арттыру мақсатында бюджеттен жыл сайын қомақты қаржы бөлінетінін, олардың тиімді жұмсалып, халыққа және өндіріске жұмыс істеуі үшін мем­ле­кеттің барлық мүмкіндікті жасай­тынын айтып, бюджеттен жылда бөлінетін қаржы ең алдымен ішкі сұ­ранысты қалыптастыруы қажеттігін мәлімдеді. Осы орайда ішкі сұранысты қалып­тастырмай отандық өндірісті дамыту қиынға түсетінін ескерткен ол дәл қазіргі уақытты еліміздің тәуел­сіздігін нығайту отандық үлеспен байланысты болып тұрғанын, олай болса баршаның да осы жауапты іске жұмыла кірісуі ке­ректігін жеткізді. Дастан КЕНЖАЛИН.