31 Наурыз, 2010

ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМНІҢ ЖАҢА КӨКЖИЕГІ

4129 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Жоғары білімнің ғылыммен және сая­сатпен ұштасуы, өзара байланыстары мен қарым-қатынастары жаңа реформаның әрқашанда негізі болып табылатыны тарихи тәжірибеде дәлелденген. Бұл үшеуін әсі­ресе, тарих ғылымында дербес бағыттар ре­тінде жеке дара дамытуға талпыныс өзінің нә­тижесін бере қоймайтындығы ХХ ға­сыр­дағы Кеңес Одағының тарихи тәжіри­бе­сінде айқындалғанын жақсы білеміз. Жо­ғары мектепке және ғылымға саясат тікелей ықпал жасаған аталмыш қоғамда Ғылым ака­демиясының төңірегіне топтасқан ғы­лым салалары дербес өркендегенін бастан өткердік. Едәуір табыстарға қол жеткеніне қарамастан, мұндай ұстаным түптің түбінде жоғары білімнің және ғылымның алшақ­тауына және бірте-бірте тұйыққа тіреліп, тоқырауға ұшырауына алып келетінін өткен өмір дәлелдеді. Кезінде жабық болған біздің білім беру жүйеміз шын мәнінде тәуелсіздік тұсында жан-жақты дамуға мүмкіндік алып отыр. Ғылым туралы да осылай деуге бо­лады. Әсіресе, батыс елдерінің жоғары бі­лім мен ғылымды дамыту тәжірибелері жаңа жағдайда назар аударуға әбден ла­йықты деп ойлай бастадық. Осы мәселені алғаш рет мемлекеттік тілде жан-жақты талдаған толымды да іргелі монографиялық зерттеу жарық көрді. Оның авторлары белгілі ғалым-тарихшылар Хангелді Әбжанов пен Ғабит Кенжебаев. Батыс елдеріндегі жоғары білім мен ғылымның басты-басты негіздері салыс­тырмалы түрде терең зерттелген осы ең­бек­тің бүгінгі таңда аса қажеттігі оны оқи бастағанда айқын байқалады. Онда батыс университеттерінің өзіндік ерекшеліктері нақты мысалдар негізінде жан-жақты қарастырылған. Сонымен бірге авторлар олардағы ерекшеліктерді талдай келіп, білім берудің университеттік және уни­вер­ситеттік емес секторларын нақты тә­жірибе ретінде қабылдауды ұсынады. Со­ған орай батыстағы сырттан оқыту және кешкі бөлімдерде білім беру жүйелері де нақ­ты деректермен сипатталған. Батыс елдеріндегі, дәлірек айтсақ, АҚШ-тағы, Ұлыбританиядағы, Франциядағы және Жапониядағы оқуға студенттер тарту жүйесінің 1980 жылдан басталатын және қазіргі тәуелсіздікке дейін созылатын нақты тәжірибелері 100 мың адамға шақ­қан­дағы студенттер санын талдау арқылы нақтылана түскен. Монографияның Қазақстандағы білім мен ғылымды дамытудың ерекшеліктерін мүмкіндігінше тарихи хронологиялық негізде талдап көрсетуі де назар аудар­та­ды. Бұл жерде тоталитаризм қыс­па­ғын­дағы аталмыш салалардың алғашқы же­тіс­тіктері мен кедергілері нақты мы­сал­дармен түсінікті және нақты көрсетілген. Ең­бекте бұрын айтыла бермейтін көп­теген кем­шіліктер жоғары білім мен ғы­лымды да­мыту барысын зерттеуде айқын көрініс берген. Тари­хы­мызд­а зерттеуден тыс қалып келе жатқан ХХ ғасырдың 20-жылдарынан басталатын білім мен ғылымды орыстан­дыру саясаты алғашқы жоғары оқу орын­дарының оқыту жүйесін сипаттау арқылы айқындала түскен. Тіптен, 1960 жыл­­дардың ортасында да Қа­зақ­стандағы студенттердің жартысынан көбінің славян тектестерден тұрғандығын және белгілі ғалымда­ры­мыз­дың ана тілімізде білім беруді армандағанын та­рих­шы Е.Бекмахановтың “қашан өзі­міздің ана тілімізде сөйлер екенбіз” деген арман-тілегінен айқын байқауға болады. Студент қазақтардың саны төмен бол­ған­дықтан, оқуды бітіріп шыққан маман­дар­дың үлесінің де сондай болғаны зерттеуде атап көрсетілген. Дегенмен де еңбектің құндылығы табыстар мен кемшіліктерді шұқшия талдап, қатар қарастыруында болса керек. Онда қазақ интеллигенциясының қайшылықты жағдайда ХХ ғасырдың 60-70 жылдар то­ғысында қалыптасуының аяқталғаны туралы тұ­жырым нақты деректермен бекітілген және бұл аса құнды қорытынды. 70-80 жылдары студент қазақтардың сан жағынан өсу тенденциясының ұлттық интел­ли­ген­цияны қалыптастыруға үлкен ықпал жа­сағаны зерттеуде айқын байқалады. Со­нымен бірге 1948-1952 жылдары ұзын ыр­ғасы 200-ден астам қазақстандық ғалым­дар­дың саяси сенімсіздер ретінде қуғынд­ал­ған­дарын оқырмандар осы кітаптан нақты біле алады. Академиктер Ш.Есен­ов­тың Ғылым ака­демиясының президенті қызметінен, Е.Бөкетовтің Қарағанды мем­лекеттік уни­вер­си­тетінің ректоры қызметінен босатылуы да осы қуғын-сүргіннің жалғасы еді. Зерттеуді құнды ететін тағы бір нәрсе – Қазақстандағы ғылым және білім мәсе­лелерінің басқа ТМД елдері көрсет­кіш­те­рімен салыстыру негізінде зерттелуі. Жо­ғары білімді қаржыландыру саясатының қыры мен сыры, саясаттың ұйымдық және нормативті-құқықтық негіздері ең­бекте арнайы зерттелген. 90-шы жыл­дар­дағы еңбек нарығындағы жұмыс күшіне деген ұсы­ныс пен сұраныс мәселелері, жұмыс­сыз­дық, жұмыссыздар арасындағы әйелдердің үлесі нақты сандық мәліметтер негізінде көр­се­тіл­ген. Жоғары білімді дамытудың қол­да­ныстағы заңнамаға тәуел­ділігі, осыған бай­ланысты алда тұр­ған нақты міндеттер де ғы­лыми тал­дау­лар­дың мәліметтерін қорыту нә­тижесінде жан-жақты талданған. Зерттеу­ші­лердің назарынан 1991-2006 жылдар ара­лығындағы Қазақстан Республи­ка­сындағы жоғары оқу орындары мен олар­дағы студенттердің санын (облыстарға шаққан мәліметтермен) арнайы кесте түрінде талдап көрсетілген. ХХ ғасырды және тәуелсіздік тұсын­дағы кезеңді жан-жақты және сапалы тал­даған зерттеу мемлекеттік ғылыми сая­сатты және оның нәтижелерін арнайы қарастырып, қазіргі күннің тәртібінде тұрған ғылым саласындағы реформалар алға қойып отырған міндеттерді нақтылай түскен. Ғылым саласындағы рефор­ма­лар­дың барысы мен тәжірибесін қарастырған авторлар осы бағытта қолданылған тәуелсіздік тұсындағы жаңа қаулылардың негізгілерін түгелге жуық қамтуға күш сал­ған. Онда 1991-2002 жыл­дардағы елі­міздегі ғылыми зерттеу жүргізген ұйымдар санын салалық бағыттар бойынша си­паттай отырып, ғылыми-техникалық сала ұйымдарының аймақтар бойынша ор­на­ласуын да арнайы кесте бойынша берген. Ғылымның дамуында оған негізделген өнімнің халықаралық ауқымда жоғары дамып келе жатқанын, мұндай өнімдерді сату көлемінің соңғы 20 жылда 5 есеге көбейіп, 1 трлн. евродан асқаны барлық басты елдерде ғылыми зерттеулерге баса назар аударыла бастағанының мысалы ретінде аталып өтеді. Қазіргі кезеңнің басты мәселелері ретінде зерттеушілер жаһанданудағы әлемдік ғылыми-технологиялық кеңістікті қалып­тастыру мәселелерін, басқа дамыған ел­дермен Қазақстанның халықаралық дең­гейде ғалымдар мен мамандар алмасу нә­ти­желерін, әлемдік кеңістікте бә­се­ке­лестікке төтеп беру үшін Қазақстанның 2015 жылға дейінгі ішкі өнім құры­лы­мын­д­ағы ғылыми және жаңашыл ғылыми қызметтің сипатын терең талдаған. Алда тұрған басты мін­дет­тердің бірі Қазақстан Президенті Н.Ә.На­зарбаевтың 2012 жылға дейін ғы­лымды дамытуға инвестицияны 25 есе көбейтіп, оны жылына 350 млрд. тенгеге дейін жеткізу міндетінің шын мәнінде жүзеге асып келе жатқаны да нақты зерттеулердің нәтижесінде бай­қа­ла­ды. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін жүр­­гізілген реформаның мемлекеттік бағ­дар­лама түрінде қабылданғаны, онда ма­ман­дарды шетелде оқытумен қатар тех­ни­калық, жаратылыстану және қоғамдық ғылымдар саласында тиянақты зерт­теулермен айналысатын оқу орындарын, яғни университеттерді дамыту басты мін­деттердің бірі ретінде нақтыланған. Зерттеушілердің жоғары білім мен ғы­лым саласындағы мемлекеттік саясаттың тағылымы мен болашағына арнайы көңіл бөлуі де аса маңызды. Мұнда авторлар жо­ғары білім мен ғылымды ұйымдастыру тә­жіри­белерін қорыта келіп, оларды дамытудың мүмкіндіктерін де нақтылап көрсетеді. Иә, маңызды мәселенің сан қырлы жақтарын көтерген зерттеуші ға­лым­дар бұл монографиялық зерттеуде бүкіл қазақ интеллигенциясын тол­ған­дыр­ған бү­гінгі дәуірдің аса өзекті мәселелерін тал­даған екен. Көптеген деректерді және сандық мәліметтерді екшеп, ғылыми айналымға қосу авторлардың бұл мәселені жан-жақты және терең білетіндіктерін де байқатып отыр. Зерттеу көп жылдарға созылған ғы­лы­ми ізденістің нақты нә­ти­жесі және онда бо­лашағымызға бай­ла­нысты көптеген са­ли­қалы пікірлер және орнықты ойлар мен ба­сал­қалы тұ­жы­рым­дар бар. Осыны ескере келе, зерттеу жұ­мысы жоғары білім мен ғы­лым мәселесін басқарумен айналысатын аза­маттардың жұмысын тиімді ұйым­дас­ты­ру­ға жағымды ықпал жасар деген ойға тірелдік. Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің кафедра меңгерушісі.