31 Наурыз, 2010

“КӨҢІЛІМДЕ БІР КҮДІК БАР”

591 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бұл хатты редакцияға Қазақстан Компози­торлар одағы басқармасының төрайымы Балнұр Қыдырбек алып келді. Өмір бойында тек бір газетте – “Социалистік Қазақстанда” жұмыс істеп өткен, кезінде біздің басылымды басқарған көрнекті қаламгер Балғабек Қыдырбекұлының немере ағасы Иса Төлепұлының соңғы жазған хаты бұл. Қыдырбектің ағасы Төлептің ұлы Иса мен Балғабек ағамыздың еншісі бөлінбеген екен. Хат соғыс басталарға екі апта қалғанда ғана жазылған. Брест қамалындағы жауынгердің алаң көңілін “дегенмен көңілімде бір күдік бар” деген сөз де аңғарта алатындай. Хат иесінің сөз саптауы, өлеңін кәдімгі ақындардай “Кәусердей-ақ жұтайын, шөлдеп келдім, Әкелші іртік-іртік шалабыңды” деген түйінмен бітіруі Балғабек ағамыздың айналасы да шығармашылыққа бейім болғанын білдіреді. Осыдан жетпіс жылдай бұрын жазылған хатқа назар салайық. Ардақты Нұрила, жа­ным Балға, аяулы Назгүл! Сәләматсыңдар ма?! Ауыл аман-есен бе? Егін бітімі қалай? Жылқышыбай ұлың­ның бауы берік болсын. Әбіл­қасым ұста жаңа дү­кенін аш­ты ма, Тар­лан­көк­ті таға­лауды ұмытпаңдар. Міне, қамал ішіне де жаз келді. Енді аманшылық бол­са, артымдағы екі жа­рым жыл сияқты бұл бес ай да тез өте шығар деп отыр­мын. Неге екенін білмей­мін, де­генмен көңілімде бір күдік бар. Сағыныштың белгісі болар, Қарасаз, қыр­қалар жиі-жиі көзіме елестейтін болып жүр. Бүгін көпке дей­ін ұйқым келмей, Бейсебай атамның айдауда шығарған өлеңін есіме түсірмек болып, біраз маза­сыз­данып жаттым. Бірақ түс­пей-ақ қойды. Оның орнына өзім өлең шығардым. “Бұл да ақын болайын деп жүр ме? ” – деп күлмеңдер. Сағынам, барғым келеді  туған елге, Таппадым ондай жылу ешбір  жерде. Жастанған туған елдің топырағын Кісіде арман бар ма, түскен көрге. Әнге қосып сөйлейтін сөздің сөлін, Өз елім – мол дастархан, шалқар көлім, Араңда тел тарыдай бұлаң өскен, Ортаңа қашан жетем, туған елім. Қайрайтын тау-тасыңа қанжарымды, Сынайын осы жолы талабымды, Кәусердей-ақ жұтайын, шөлдеп келдім, Әкелші іртік-іртік шалабыңды. Әдеттегідей, келесі жексенбіде тағы хат жазам. Ал аяулы жан­дарым, қош, аман болыңдар. Ту­ған-туысқандарға, дос-жарандарға, көрші-қолаңға, бәріне менен дұғай сәлем айтыңдар. Иса Төлепов.  8 июнь 1941 жыл. Брест қамалы. (1939 жылы түсірілген мына суретте Иса Төлепов оң жақта тұр).