
– Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары соңғы үш тәулік ішінде 21 құтқару шарасын өткізіп, қар құрсауында қалған 121 жолаушының өмірін аман алып қалды. Олардың ішінде 6 бала бар. Зардап шеккендер жоқ. Құтқару жұмыстары әлі де жалғасуда. Қаңтардың 28-іне қараған түні Аманкелді, Қамысты, Әулиекөл, Қостанай аудандары мен Арқалық қаласының маңында 8 құтқару шарасын өткізді. Нәтижесінде көліктері қарға батып қалған 22 адам құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізілді, – дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Уәлихан Досанов.
Облыс құтқарушылары күн-түн демей қырағы күзетте тұр. Олар жолда қалғандарды құтқарумен қатар, қар құрсауындағы елді мекендердің тұрғындарына көмек көрсетуде. Мәселен, 27 қаңтар күні Чернигов ауылының әкімі Әулиекөл ауданының құтқарушыларына хабарласып, ыстығы көтеріліп жатқан 3 айлық нәрестені 45 шақырым қашықтықта жатқан аудандық ауруханаға шұғыл жеткізуді сұраған. Арнайы техниканың күшімен елді мекенге жедел жеткен құтқарушылар ана мен баланы дер кезінде ауруханаға жеткізді.
«Қазгидрометтің» облыстық филиалының инженер-синоптигі Светлана Канның айтуынша, сәрсенбіден бастап өңірде боран толастап, арты аязға ұласады.
Нұрқанат ҚҰЛАБАЕВ
Қостанай облысы