
151 шақырымға созылған жарыста Қазақстандық команданың өкілі Луис Леон Санчес те белсенділік байқатты. Алайда испан жігітін мәреге бірнеше шақырым қалғанда қалың топ қуып жетті. Ал, Боаро үздік үштіктегі орнын сақтап қалды. Италиялық велоспортшы мәре сызығын үшінші болып кесті. 6-кезеңде британиялық Мэтью Холмс жеңімпаз атанды. Ол Австралиялық Ричи Портты басып озды. «Тур Даун Андер» көпкүндігінің жалпы есебінде Порт топ жарды. «Астаналықтар» арасынан Омар Фраиле үздік нәтиже көрсетіп, 17-орыннан көрінді. Австралияда теннистен биылғы жылдың алғашқы үлкен шлем жарысы қыза түсті. Жекелей сындағы ойындарда Қазақстандық спортшылар жарыстан шығып қалды. Енді жұптық сындағы сайыстарға көз тігеміз. Михаил Кукушкин мен Александр Бублик жұбы ширек финалға шықты. Қазақстан теннисшілері үшінші айналымда Америкалық Сэм Куэрри мен Стив Джонсоннан басым түсті. Есеп: 6:4, 6:2. Енді жерлестеріміз жартылай финал жолдамасын Джеймс Дакворт - Марк Полманс жұбымен сарапқа салады. Ерлер арасындағы жекелей сында Австралия ашық біріншілігінің қазіргі чемпионы Новак Джокович жарысты жалғастырады. Сербиялық теннисші Аргентиналық Диего Шварцманның осал тұсын тапты. Енді ол ширек финалда Канадалық Милош Раоничпен кездеседі.