27 Наурыз, 2010

ӘЙЕЛ-АНАНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ

662 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасымен бірлесіп “Стратегия—2020: әйелдерге арналған жаңа мүмкіндіктер” атты халықаралық конференция өткізді. Конференцияны ашқан Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова өтіп жатқан шараның маңызы жо­ға­ры екендігін атап өтті. Министр ханым 2010 жылға дейінгі дамудың страте­гиялық жоспарын қоры­тын­дылай келіп, Елбасының Қазақстан халқына “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­станның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында айтылған ген­дер­лік саясат төңірегінде ой қозғады. 2010 стратегиялық жоспарын орындау барысында Қазақстанда үлкен өзгерістер орын алғаны мәлім. Мемлекеттің әлеуметтік міндеті тиянақты орындалып, әр адам­ның орташа айлығы бес есе өсті. Ал зейнеткерлердің төлемі үш есеге өсті. Аналардың өлім деңгейі екі есеге төмендеді, бала туу саны 1,5 есеге өскен. Еліміздің осын­дай жетістік­терін көріп отырған БҰҰ 2009 жылғы баяндамасында Қазақ­стан­ды адам капиталы дамуы жағы­нан жоғары дәрежеде деп баға берді. Гендерлік саясаттың еліміздегі көрінісі де талай өзгерістерден, кезеңдерден өтті. Мысалы, шешім қабылдау деңгейіндегі әйелдер са­ны­ның артуы соның айғағы.  Еу­ро­па осы­дан бірнеше ғасыр бұрын әйел­дерін еркіне жібергенімен, отбасы, ошақ қасына қайта кіргізе алмай қор болып отырғанын бүкіл әлем көріп отыр. Ал біздің еліміздің әйел қай­раткерлері отбасында аналық қыз­ме­тін атқарса, түзде кез келген ер адам иығы көтере бер­мей­тін жұмысты алып жүргендігі көңіл  марқайтады. Конференция барысында екі секция жұмыс істеді. Венера ТҮГЕЛБАЙ.